Индира Тоқмурзина: Ортақ құндылық – адамзаттық ізгілік
Пандемия кезінде енгізілген шектеу шараларына байланысты тұрғындар үйден шықпай, уақыттың басым бөлігін отбасымен өткізген еді. Осындай кезеңде «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы әрі идея авторы Нүркен Асанов пен оның қызы арасындағы қарапайым ғана әңгіме үлкен ойға жетелеген. Әкесі қызына «Саған бақытты сәт деген қандай уақыт?» деген сұрақ қояды. Қызының «Әкем менімен көбірек уақыт өткізсе екен» деген жауабы әкенің өмірлік ұстанымын қайта саралауға түрткі болады. Осы сәттен бастап ол өз құндылықтарына жаңаша көзқараспен қарап, бала тәрбиесіндегі ең маңызды дүние – ата-ананың балаға бөлетін сапалы уақыты екенін терең түсінеді. Осы ойды қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар пікірлес азаматтардың басын қосып, аталған идеяны нақты іске асыруға кіріскен. Нәтижесінде, аталған бірлестік құрылып, оның негізгі бағыты айқындалады. Кейін ұйымның қызметі кеңейіп, еліміздің 16 өңірінде филиал ашылыпты. Бүгінде бірлестікке 156 мыңнан астам ата-ана мүше болса, оның ішінде өңірде 7 362 ата-ана ұйым жұмысына тартылған. Аталған қоғамдық бірлестіктің өңірлік филиалы осыдан төрт жыл бұрын ашылыпты. Біз ұйымның облыстық филиалының жетекшісі Индира Тоқмурзинамен сұхбаттасып, игі бастамалар жайында сөз қозғадық.

– Осы жаһандану кезеңінде ата-аналардың тәрбие құралы қандай болу керек?
– Біздің ұйымның негізгі ұстанымы – саясаттан, діннен және тілдік ерекшеліктен тыс болу. Өйткені, көшеде жылап тұрған кез келген баланы біз бөтенсіп, кеудесінен итермейміз. «Баланың бөтені жоқ» деген қағида – біздің басты ұстанымымыз. Сондықтан, біз үшін ортақ құндылық – адамзаттық ізгілік. Жынысына, тіліне, ұлтына немесе түріне бөлмейміз. «Елу жылда ел жаңа» дейді ғой. Қоғам да, тәрбие де өзгеріп келеді. Бұрынғыдай авторитарлық, қатаң тәрбиенің орнына бүгінде балаға мейіріммен қарау, оны тыңдау, онымен дос бола білу маңызды. Қазіргі заман ата-анадан соны талап етеді. Баланы күшпен, қысыммен тәрбиелеу мүмкін емес. Өйткені, олардың ойлау жүйесі де, дүниетанымы да мүлде бөлек. Кейде үлкендер «Бұрын бізді интернет тәрбиелемейтін, ата-ананы тыңдайтынбыз» деп айтады. Бірақ, заман өзгерді. Оған өкпелеп, өткенді аңсаумен шектелуге болмайды. Өркениет көшіне ілесу үшін жаңа жағдайға бейімделу қажет. Сондықтан, біз азаматтық ұйым құру арқылы қоғамда ой салуды, санаға серпіліс беруді мақсат еттік. Біздің ұйым «Ой айту емес – ой ояту», «Ақылмен тыңдап, жүрекпен жеткіз», «Құндылықты қадірле – құтың толсын», «Тектілер ту көтереді» деген ұстаным негізінде жұмыс істейді.
– Жалпы қоғамды өзгерту туралы көп айтамыз. Бірақ, сіздің тәжірибеңіздегі қоғамды өзгертудің ең тиімді жолы қайсысы: заң ба, білім бе, әлде жеке үлгі ме?
– Біздіңше, бұл бағыттағы жұмыс «жеке үлгі» қағидасына негізделеді. Яғни, ұйым қызметін де біз ең алдымен жеке тұлғаның өнегесі арқылы қалыптастыруға тырысамыз. Мысалы, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергенді алсақ, ол қазақ тілінде ән айту арқылы қазақ мәдениетін, қазақ тілінің құндылығын жаһанға танытты. Соның нәтижесінде әлемнің әр түкпірінде оның фан-клубтары қалыптасты. Бұл – бір адамның ықпалымен жасалған үлкен мәдени миссияның көрінісі. Біздің ұйым ішінде де осындай азаматтар бар. Қарағанды өңірінде «Өмірің өз қолыңда» және «Азамат» жобалары жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге бағытталған. Соңғы уақытта «Неге ата-аналар балаларын әскерге жіберуге алаңдайды?», «Неге қазіргі буынның әлсіздігі туралы пікірлер жиі айтылады?», «Неге әскерде жүрген жастар арасында психологиялық қиындықтар, тіпті, суицидке бейімділік кездеседі?» деген сауалдар бүгінде өршіп тұр. Сондай-ақ, кейбір әскери қызметшілер арасында ойынқұмарлыққа бейім жағдайлардың да кездесетіні жасырын емес. Осы мәселелерді ескере отырып, биыл сәуір айынан бастап «Азамат» жобасы іске қосылды. Жоба аясында жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, сапалы ақпарат ұсыну үшін сала мамандары мен сарапшылар тартылып, жүйелі түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
– Қазіргі таңда қоғамдық ұйымдардың саны артып келеді. Бірақ, олардың бәрі бірдей қоғамдық пікірге ықпал ете алмайды. Ұйымның шынайы ықпалын немен өлшеуге болады?
– Шынайы нәтижені тек жүйелі атқарылған жұмыстар арқылы ғана бағалауға болады. Мемлекет қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір көлемде қаржы бөліп отыр. Демек, сол қаражат нақты мақсатқа бағыттап, басталған іс толық әрі сапалы жүзеге асуы тиіс. Бір реттік шаралар өткізіп, аз ғана адамды жинап, суретке түсіп, есеп беру нәтиже ретінде қабылданбауы керек. Негізгі міндет – қоғам санасына ықпал етіп, ұзақ мерзімді өзгеріс әкелетін бастамаларды іске асыру. Бұл – тек ұйымдардың емес, әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік деп білемін. Өйткені, бұл қоғамда мен де, сіз де, біздің балаларымыз да өмір сүреді.
Халықтың санасын оятатын игі бастамаларды қолға алып, проблеманы шешу жолында жұмыс жасау керек. Әйтпесе, санға емес, сапаға назар салатын уақыт келді ғой. Біздің көп есеміз кетті. Сондықтан, не жасаса да, азаматтық ұйым болсын, үкіметтік емес ұйым, қоғамдық бірлестік болсын қолға алған істі шын ықыласпен жасау қажет. Өйткені, бұл қоғамда біз де, сіз де, балаларымыз да өмір сүреді.
«Тілмен емес, тірлікпен іс қыл» әлеуметтік жобамыздың аясында жоғарыда айтылған «Азамат» бастамасы биылдан бастап қолға алынды. Ал, «Өмірің өз қолыңда» бастамасы биыл үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Аталған бастама қоғамда нақты сұраныстан туындаған. Бір кездері оқушылар мен студенттер арасында электронды темекі мен вейп өнімдерінің кең таралуы өзекті мәселеге айналған еді. Осы түйткілдің алдын алу мақсатында біз білім беру ұйымдарына барып, оқушылармен және ата-аналармен кездесулер өткіздік. Жүргізілген түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін беріп, кейіннен аталған құрылғыларды сатуға мемлекет тарапынан тыйым салынды. Бүгінде де бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді.
– Қоғамдық мәселелерге көзқарасында қандай да өзгеріс байқадыңыз ба?
– Біздің ұйымға кері байланыс білдіретіндер көп. Әсіресе ізгілік, мейірімділік, адамгершілік бағытында көтерілген тақырыптар ата-аналар тарапынан үлкен қызығушылық тудыруда. Көптеген ата-ана өздерінің түрлі мәселесі бар екенін айтып, сол қиындықты еңсеру үшін кеңеске мұқтаж екенін жеткізеді. Ұйымға келіп, өз ойымен бөлісетін азаматтар да алғысын білдіріп жатады. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы да ата-аналар тарапынан «Жасөспіріммен өтпелі кезеңде қалай дұрыс жұмыс істеуге болады?» деген мазмұндағы сұрақтар жиі түседі. Бұл – қоғамдағы нақты сұранысты көрсететін кері байланыс. Бұдан бөлек, «Ауыл – Алаш айнасы» бағыты аясында бірқатар ауылдарға арнайы сапарлар ұйымдастырылды. Білім басқармасы мен полиция департаментімен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Сол меморандум аясында білім ошақтарымен де тығыз жұмыс жасап келеміз.
Жалпы, адам баласы қоғамға пайдасын тигізу үшін өмір сүреді. Біздің ұйымның да басты мақсаты – қоғамға оң өзгеріс әкелу. Сондықтан, біреудің санасына ықпал етуде абай болу маңызды. Өйткені, әрбір әрекеттің жауапкершілігі бар. Мінсіз адам жоқ. Әр адамның бойында мүмкіндік те, әлсіздік те қатар жүреді. Біз соның ішіндегі жаман әдеттер мен теріс мінез-құлықты өзгертуге күш салып келеміз. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде түрлі пікір айтып, тіпті, отбасылық мәселелерге араласатын өзін психолог, коуч тренер ретінде таныстыратын тұлғалардың қатары көбейген. Солардың салдарынан кей отбасы ажырасып та жатыр. Ал, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Осы мақсатта ұйым жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіремін.
Сұхбаттасқан Ербол Ерболат,
«Ortalyq Qazaqstan»



