АймақБас тақырыпҚарағанды

Әр теңге нәтижеге жұмыс істеуі тиіс

Қарағанды облысында өңдеу өнеркәсібінің көлемі 6 пайызға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өндіріс көлемі 4 триллион теңгеге жетіп, өсім көрсеткіші 5,8 пайызды құрады. Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібінде де оң динамика байқалып, өндіріс көлемі 7,4 пайызға артқан. Бұл туралы Қарағанды облыстық мәслихаттың кезекті XXXV сессия­сында мәлім болды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бесжылдық белесі

Сессияны Қарағанды облыс­тық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов ашты. Депутаттық корпусқа, қонақтарға және атқарушы билік өкілдеріне қарата сөз сөйлеген Нұркен Кобжанов сессияның ерекше кезеңде өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде өңір бес жылдық стратегиялық даму циклін қорытындылап, жаңа жоспарлау құжаттарын әзірлеу кезеңіне қадам басуда.

– Біз бесжылдықтың қорытындысын, қолжеткізген нәтижелер мен алда тұрған міндеттер туралы ашық әрі шынайы әңгімеге арқау болатын маңызды құжат ретінде қарастырамыз. Мәслихат – облыс тұрғындарының мүддесі толық әрі нақты көрініс табуға тиіс алаң, – деді ол.

Қарағанды облыстық мәслихаты төрағасы бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бюджет шығыстарының жұмсалуына депутаттық бақылау жүргізу – халық қалаулыларының құқығы ғана емес, тікелей міндеті.

Аңдалғандай, өңірдің негізгі өнеркәсіп салаларының барлығында даму қарқыны байқалады. Әсіресе металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және құрылыс материалдарын өндіру бағыттарында айтарлықтай өсім бар. Экономиканың дамуына инвестициялық жобалар да серпін беруде. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық портфеліне жалпы құны 6,2 триллион теңгені құрайтын 153 жоба енгізілген. Сессия жиынын ашқан Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов күн тәртібіндегі он екі мәселе бойынша қабылданар нақты шешімдер қажеттігін назарға алып, алғашқы сөз кезегін аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа ұсынды.

– Өнеркәсіп өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Маңыздысы, даму үдерісі жекелеген бағыттармен шектелмей, облыстың барлық өнеркәсіптік құрылымын қамтып отыр. Даму жоспарын іске асыру аясында жаңа өндірістік нысандар іске қосылды. Олардың қатарында болаттан жасалған тік жікті құбырлар, алюминий радиаторлары, арматуралық анкерлік бекітпелер шығаратын зауыттар және тауарлы бетон өндіретін заманауи кешен бар, – деді өңір басшысы.

Спикер сөзінше экономиканың өзге салаларында да оң көрсеткіштер сақталуда. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 531,9 млрд теңгеге жетті. Биыл агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 63,6 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Құрылыс саласында да өсім бар – өңірде 600 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Облыста тұрғындарды орталықтандырылған ауыз­сумен қамтамасыз ету жұмыстары толық орындалды. Жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету және елдімекендерді газдандыру бағытындағы жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Автомобиль жолдарының жағдайы жақсарып, жұмыспен қамту шараларымен 42 мыңнан астам адам қамтылған.

Депутаттар тарабы облыстың даму жоспарының орындалуы мен бюджеттің атқарылуы туралы есептерді тыңдап, спорт инфрақұрылымының жай-күйіне баға берді, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасын мақұлдады және бірқатар нормативтік әрі әкімшілік-аумақтық мәселелер бойынша шешімдер қабылдады.
Солайша бес жылға арналған стратегиялық құжат өз мәресіне жетіп, халық қалаулылары белгіленген міндеттердің нақты нәтижелермен қаншалықты үйлескенін бағалау мүмкіндігіне ие болды. Келесі келелі міндет — жоспарланған жобалардың қаншасы жүзеге асқанын және қай бағыттарда межеге толық көлемде жете аларлық межесін анықтау.

Қазына қаржысы

Сессия жұмысының қарарында 2025 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы кеңінен сөз болды. Қарағанды облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Елнар Уахитов жалпы алғанда көрсеткіштер оң нәтиже көрсеткендігін мәлім етті. Бюджет бүйірінің кіріс бөлігі 179,6 млрд теңгені құрап, жоспардың 104,3 пайызы деңгейінде орындалған. Салықтық түсімдер 167,4 млрд теңгеге жетіп, 7,3 млрд теңгеге артқан. Бұл нақты сектордағы еңбекақы қорының өсуі мен бірқатар ірі кәсіпорындардың пайдасының артуымен тікелей байланысты. Ал, шығыс бөлігі 661,5 млрд теңгеге атқарылған. Игерілмеген қаржы көлемі 1,4 млрд теңгені құрады. Оның негізгі бөлігі табиғи ресурстар және жолаушылар көлігі басқармаларына тиесілі. Бұған Тихоновка бөгетін жөндеуге қатысты сот процестерінің созылуы және Үлкен Бұқпа өзені бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың түзетілуі себеп болған.

Бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Арман Әлімжанов және өзге депутаттар бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтуді, мемлекеттік ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттыруды және өңір экономикасына инвес­тиция тарту жұмыстарын жандандыруды ұсынды.

– Өңірдің қаржылық дербестігін арттыру үшін салық салынатын базаны кеңейту бағытындағы жұмысты жандандыру қажет. Алдымызда 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасын әзірлеу кезеңі тұрғанын ескере отырып, аталған стратегиялық бағыттарды іске асыру салық түсімдерін ұлғайтуға және бизнестің жауапкершілікпен жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған басым міндетке айналуға тиіс, – деді.

Қосымша баяндама жасаған Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Дана Мухамеджанова аудит қорытындысы бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану барысында бірқатар назар аударарлық жайттардың барлығын айтты. Оның айтуынша, қаржы тәртібін күшейтіп, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бақылауды одан әрі арттыру қажет.

Талқылау қорытындысында депутаттар есепті мақұлдап, атқарушы органдарға 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде айтылған ескертулерді ескеруді тапсырды.

Спорт

Сессия қарсаңында мәслихат депутаттары ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізіп, өңірдегі жүзден астам спорт нысанын аралаған. Олардың қатарында ауылдық мектептердің спорт залдары да, ірі қалалық спорт кешендері де бар. Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нуратов қол жеткізілген нәтижелер турасында қазіргі таңда облыс тұрғындарының 42,4 пайызы немесе 460 мың адам спортпен тұрақты түрде айналысатынын, «Спорттық клас­тер» жобасы жүзеге асырылып жатқанын, Балқаш пен Мойынтыда бюджеттен тыс қаражат есебінен жылдам тұрғызылатын спорт кешендері салынғанын хабарлады.

Әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова жағдайға анағұрлым шынайы баға берді. Оның айтуынша, жұмыс сапарлары барысында бірқатар жүйелі мәселелер анықталған. Мұның қатарында спорт инфрақұрылымының тапшылығы мен аумақтық теңгерімсіздік бар. Мысалы, Приозерск қаласы мен Нұра ауданында ең қарапайым спорт алаңдарын орнату жұмыстары кідіріп тұр. Ауылдық мектептердегі спорт жабдықтарының тозу деңгейі орта есеппен 69 пайызға жеткен. Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Тым ұзаққа созылған құрылыс нысандары да сын садағына ілінді. Мәселен, Ақтоғай ауылындағы стадион құрылысы 2022 жылдан бері аяқталмай келеді. Қарқаралыдағы стадионды қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылдан бері жалғасуда. Жарлы және Бүркітті ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері де әлі пайдалануға берілмеген.

Сессия қорытындысында қабылданған шешімде 2026-2030 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу, Қарағандыда шаңғы-роллер трассасын салу және ұзаққа созылған құрылыс нысандарын аяқтау жөніндегі нақты тапсырмалар қамтылды. Сонымен қатар, салалық басқармасы мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өкілдері бірлесіп, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру тетігін әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, жетекші спортшыларға төленетін ай сайынғы ақшалай қамсыздандыру көлемін арттыру мәселесін қарастыру жүктелді. Қазіргі таңда мұндай төлемді оған құқығы бар 590 спортшының тек 120-сы ғана алып отыр.

Нормативтік өзгерістер

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасын бекіту болды. Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Саян Мұратұлының мәлімдеуінше, аймақтағы 6 922 көпқабатты тұрғын үйдің 45-і апатты және апат алдындағы жағдайда болса, тағы 104 үй тозығы жеткен тұрғын үйлер қатарына жатады. Бағдарлама екі тетік бойынша іске асырылады. Біріншісі – уәкілетті ұйым арқылы жеке инвесторларды тарту. Екіншісі болса, үлестік құрылыс туралы заңнама аясында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ кепілдігін пайдалану.

Екі жағдайда да апатты үйлердің тұрғындары құрылыс кезеңінде уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі немесе жалдау ақысы өтеледі. Ал, жаңа пәтер бұрынғы баспананың орнына беріледі және оның ауданы бұрынғысынан кем болмайды әрі кемінде бір бөлмелі болуы тиіс. Депутаттар тарабы бағдарламаны бірауыздан мақұлдады.

Күн тәртібіндегі бірнеше мәселе техникалық сипатта болғанымен, олардың әрқайсысы тұрғындардың нақты мүдделеріне қатысты. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы Жанара Жумакаева тегін медициналық көмектің қосымша түрлерін көрсету туралы шешімге өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, псориазды емдеуге арналған Гуселькумаб препараты 2026 жылдан бастап, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал, Теклистамаб препараты оны қажет еткен жалғыз науқастың облыстан тыс жерге қоныс аударуына байланысты тізімнен шығарылды.

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев су ресурстарына қатысты екі мәселені қарарға ұсынды. Біріншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемелері туралы 2020 жылғы ескірген шешімнің күшін жою. Екіншісі – 2026 жылға арналған жерүсті су нысандарының су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемелерін бекіту. Жаңа әдістеме бойынша мөлшерлемелер су бассейнінің, салалық ерекшеліктердің және өңірлік факторлардың коэффициенттерін ескере отырып есептеледі. Екі шешім де депутаттардың қолдауына ие болды.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі бірнеше ауылдық округтерді тарату және олардың шекараларын өзгерту туралы шешім болды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Аблаеваның түсіндіруінше, бұл шешім үш жылдан астам уақыт бойы заң талаптарына сәйкес келмейтін әкімшілік бірліктерге қатысты қабылданған. Аталған округтердің әрқайсысында екіден аз елдімекен және 500 адамнан төмен халық саны тіркелген. Шешім Қарқаралы ауданындағы Қаракөл ауылдық округіне (156 тұрғын), Нұра ауданындағы Соналы ауылдық округіне (100 тұрғын), Осакаров ауданындағы Шідерті (133 тұрғын) және Ертіс (79 тұрғын) ауылдық округтеріне, сондай-ақ, Бұқар жырау ауданындағы Суықсу ауылына (116 тұрғын) қатысты қабылданды. Бұл елдімекендер көршілес ірі әкімшілік аумақтарға қосылады. Баяндамашы атап өткендей, ауылдардың өзі жойылмайды, тек әкімшілік шекаралар өзгереді. Үнемделген бюджет қаражаты ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Тұрғындар ұсынылған өзгеріс­терді қолдаған.

***
Сессия жиыны соңында кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелер қоса қаралды. Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиевтің ұсынысымен облыс әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің құрамдарына біршама өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, депутаттар облыстық бюджеттік комиссия­ның құрамын да жаңартты. Сессия барысында бюджет процесіне қатысты айтылған сын-пікірлерді ескерсек, бұл шешімнің символдық мәні ерекше болды. Қарағанды облыстық мәслихатының XXXV сессиясында мәслихат депутаттары әдеттегі нормативтік шешімдер қабылдаумен ғана шектелген жоқ. Олар бюджеттік тәртіпке, спорт нысандарының жағдайына және ұзақ мерзімді жоспарлау сапасына қатысты атқарушы биліктің жұмысына нақты баға берді. Сын-пікірлер нақты деректерге, көрсеткіштерге және жауапты тұлғалардың қызметіне негізделді. Тұрғын үй қорын жаңғырту, спорт инфрақұрылымын дамыту және халқы аз ауылдық округтерді оңтайландыру жөнінде қабылданған шешімдер өңірдің дамуына жаңа серпін беруге бағытталды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button