БҰРАЛАҢ ЖОЛДА БҰРА ТАРТПАҒАН

    Ол кең даланы аштан өлген адамдардың сүйегіне толтырған ұлы нәубет аяқталып, елде біршама тыныштық орнаған кезде, 1936 жылдың соңында, 29 желтоқсан күні Шет ауданының Кеншоқы аулында жарық дүние есігін іңгәлап ашып келген еді. Саяси қуғын-сүргін өріс алған кезеңде емшек жасындағы сәби болғандықтан, ол шақтың ызғарын сезінген жоқ. Бірақ, Ұлы Отан соғысы жылдарының ауыртпалығын, ойын баласы болса да, жақсы біліп, ересектермен бірдей көтерді. Ер-азамат отқа оранып, қан кешіп, майданда жүргенде, тылдағы әйелдер, шал-кемпір мен жеткіншектер ауыр еңбекке жегіліп, мал бағып, егін салып, шөп шауып, шеті-шегі жоқ жұмыс атқаратынын көзімен көріп қана қойған жоқ, соның бір шетінде өзі де жүрді. Ауыл баласының ойын-сауығы – қозы бағу, соқа мен шалғы сүйреткен, қырман бастырған өгіздің басына міну, қой күзету, масақ теру, тағысын-тағы жалғаса береді. Замандас құрбы-достары тәрізді осының бәрін бастан кешкен Тұрсын білім игеруге соғыстан кейінгі бейбіт жылдарда ғана белсене кірісті.

    Табиғатынан алғыр Тұрсын Қасқатайұлы, ол кезде бозбала Тұрсын, орта мектепте жақсы оқып, білім жолын жалғастыруға құштарлығы болса да, отбасы осыған дейінгі әлеуметтік күйзелістерден арылып бітпегендіктен, бірден қалаға тартып отырудан гөрі ата-анасына қолғабыс жасауды көбірек діттеп, 1954 жылы Ақсу-Аюлы ауылындағы машина-трактор станциясына нұсқаушы-бухгалтер болып қызметке орналасады. Күре жолдың бойындағы үлкен ауданның орталығындағы жетекші кәсіпорынның есеп-қисабын қолында ұстау – зор лауазым. Тіпті, қазіргі таңның өзінде. Ол кезде орта мектеп тәп-тәуір білім екенін, оның үстіне, дүние сырын білуге, адамдармен тіл табысуға құштар бозбаланың талаптылығын ескерсек, аталған қызметті дөңгелетіп әкететініне мекеме басшылары да, әріптес-қызметтестері де, дос-құрбы мен жақын-жуықтары да шүбә келтірмеді. Ақыры солай болды. 1955 жылдың мамыражай мамырында Алматыға барып, МТС бухгалтерлерін даярлайтын бір жылдық курсты бітіру Тұрсынның мекемедегі лауазымдық орнын нықтап, кәсіби іскерлігін жетілдіре түсті. Сонымен бірге, ол Шет МТС кәсіпорнының бухгалтерясынан басқа да жұмыс орны, Ақсу-Аюлыдан басқа да әлем барын білді. Тіпті, Қазақ тұтынушылар қоғамының Шет аудандық тұтынушылар қоғамына жоспарлаушы-экономист лауазымына шақырылып, өзгелердің қолы жетпейтін қызметті иеленуі де жас жігіттің алып ұшқан көңіліне, зымыран уақыттың ағысында қаңғалақтаған жаңқа болмай, өмірден лайықты орнымды иеленем деп білім сапарына ұмтылуына бөгет бола алған жоқ. Сөйтіп, ол 1961 жылы Қарағанды политехникалық институтына түсті. Жоғары мектеп табалдырығын есейген шағында аттағандықтан, ол институттың қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік жұмыстарына қызу араласып, белсенді жастардың алғы шебінде жүрді. Партия қатарына өтіп, факультетпен қатар, институттың іс-шараларына қатысып, оларды ұйымдастырушылардың бірі болды. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында туып-өсіп, ұлттық тәрбиені санасына сіңірген Тұрсын онсыз да үлкенді сыйлап, әлсіздерге қамқорлық көрсетуді азаматтық парыз деп білетін еді.

    1967 жылы жоғары білімді инженер-құрылысшы мамандығын иеленіп, Қазақ КСР құрылыс министрлігіне қарасты «Карпромстрой» тресінің №2 құрылыс басқармасында учаскелік мастер, прораб, аға прораб болып еңбек жолын жалғастырды. Осында қызмет ете жүріп құрылыс жұмысын жақсы білетін сауатты маман екенін, өндірісті жоспарлау және ұйымдастыру қабілетін жан-жақты паш еткен Т.Ордабаев 1972 жылы Су шаруашылығы министрлігіне қарасты «Иртышканалстрой» құрылыс басқармасының (УПТК) өндірістік техникалық жабдықтау басқармасының бас инженері болып тағайындалды.

    Жобасын қазақ ұлтының асыл перзенті, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев әзірлеген «Ертіс – Қарағанды» каналының құрылысында қызмет атқару кез келген инженер үшін өмірлік мақсатқа айналғаны хақ. Кезінде ғасыр жобасы аталып, Жезқазғанға дейін тартылуы көзделген осынау тіршілік арнасымен Сібір өзендерінің суын Орталық Қазақстанға жеткізу – оның қойнауындағы қазба байлығын Одақ жұртшылығының игілігіне айналдыру үшін қажетті шарт болатын. Бүкілхалықтық маңызы бар іске үлес қосу азаматтық парыз десек, канал құрылысында іскерлігімен көзге түскен маманды алда қызмет бабында өсу, мәртебелі қызмет күтіп тұратыны да айдай ақиқат еді. Бойдағы күш-қайратын, білімін, азды-көпті тәжірибесін сарқа жұмсап, бар уақытын шығындап, табандылықпен жұмыс істеген Тұрсын Қасқатайұлы өз құзіреті тарайтын салада тәп-тәуір табысқа қол жеткізді. Жоспарлы экономикаға негізделген қоғамдағы табыс – белгіленген жоспар мерзімінде орындалуы, салынған құрылыстың сапалылығы, жұмсалуға тиісті қаржының үнемделуі, т.б. болып жалғаса береді. Еңбегі осы талаптарға сай келген Т.Ордабаевтың алдынан (қызмет бабында) даңғыл жол ашылды. 1974 жылы Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігіне қарасты «Карагандаводстрой» тресіне басқарушының орынбасары қызметіне келген кейіпкеріміз, көп ұзамай кәсіпорын басшысы лауазымына жоғарылатылып, одан кейін трестің бас инженері міндетін атқарды. 1978 жылы №81 жылжымалы механизацияланған колоннасына бастық болып барған Тұрсын Қасқатайұлы осы кәсіпорынды табандатқан он жыл бойы басқарды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, ұжымды бір мақсатқа жұмылдыра білу мүмкіндігі осы жерде көрінді. Тұрсекең жетекшілік жасаған жылдары №81 ПМК-сынан үш әкімшілік бөліністің – ауданның, облыстың, республиканың ауыспалы Қызыл туы тұрақты орын алды. Олар бастықтың кабинетіне сән беру үшін қойылған жоқ, облыс көлеміндегі ең ауқымды жұмысты атқаруға, көлемді қаржыны игеруге мүмкіндік берді. Бұл – кәсіпорын қызметкерлері мен жұмысшыларына қосымша табыс, үстеме жалақы мен абырой-атақ.

    Тұрсекең басқарған жылдары №81 ПМК облыста, тіпті, республикада бірінші болып, жерасты суын пайдалануды игерді. Жазираны суландыру (оазисное орашение) Қарқаралы ауданының «Восток», Нұркен атындағы, «Ынталы», «Қарқаралы», «1 май», «Еңбек» совхоздарында, «Фрегат», «Волжанка» атты суландыру агрегаттары іске қосылды. Бұл – қазақтың шөлейтті жерінен мол өнім алуға мүмкіндік беретін, кезінде Бетпақдаланы Бақдалаға айналдыруды мақсат етіп, академик Кәрім Мыңбаев көтерген үлкен мақсаттың бірі еді.

   Ауыз су мәселесі республикада қашан да күрделі мәселе болғаны аян. Мәселен, қазір еліміз «Ақбұлақ» арнайы мемлекеттік бағдарламасы бойынша қыруар қаржы бөліп, елді мекендерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге ден қоюда. Өкінішке орай, аталған бағдарлама күн тәртібіне қойылғалы біраз жыл өткеніне қарамастан, өндірістік, әкімшілік орталықтардан шалғай ауылдар «Ақ бұлақтан» қанып іше алмай отыр.

    Кезінде Т.Ордабаев басқарған кәсіпорын бұл мәселені сәтімен шешіп жүрді: жыл сайын облыстың 5-6 ауылына, жалпы ұзындығы 50-60 шақырым су құбыры төселіп, пайдалануға беріліп тұрды. Сөйтіп, Қарқаралы, Егіндібұлақ, Нұра, Осакаров, Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) аудандарының совхоз, бөлімше орталықтары сумен қамтамасыз етіліп, жайылымдық алқаптарды да суландыру жұмыстары жоспарға сай, рет-ретімен жүріп жатты. Ол жылдары жеке облыс болып тұрған Жезқазғанның Қарағандымен іргелес ауылдарына №81 ПМК көп жәрдемін тигізді. Кәсіпорынның ұдайы зор табысқа жетуін, еңбек өнімділігі өсуі мен техника қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Тұрсекең 1986 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен, су шаруашылығы министрлігінің, облыстық атқару комитетінің құрмет грамоталарымен марапатталды.

    Тәжірибесі толысқан, су шаруашылығының тамаша маманы екенін көрсеткен Тұрсын Қасқатайұлы одан соң «Иртышканалстройдың» Атасу кентіндегі құрылыс саласына жетекшілік жасауға жіберіліп, зейнеткерлікке шыққанша, тіпті, одан кейін де басшылық қызмет атқарды. Соның бәрі де Қарағандының су шаруашылығына қатысты жұмыстар. Күні бүгінге дейін облыс орталығы мен ауылдарының тұрғындарын өмір нәрімен қамтамасыз етіп отырған су жүйесінде Тұрсекеңнің қолтаңбасы бар десек, ақиқаттан аулақтамаймыз. Жасы жетпістен асқанша қызметтен қалмаған ол су шаруашылығы саласының көптеген мамандарын тәрбиелеп шығарды. Әлі де болса Қарағандының мәдени-қоғамдық өміріне араласып, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, қазақстандық патриотизмге баулып, туған жері мен елін, оның табиғи байлықтарын қорғап, аялауға Тұрсын Қасқатайұлы сияқты еңбек ардагерлерінің беретін өнегесі, айтатын ой-пікірі көп.

   Ұрпақ мәселесі демекші, Тұрсекеңнің өз кіндігінен тараған ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің өзі бір қауым ел. Кейіпкеріміз зайыбы Зағиямен Ақсу-Аюлыда, аудандық тұтынушылар одағында қызмет жасаған кезінде отбасын құрған еді. Қарағанды политехникалық институтында, Зағиясы педагогикалық институтта оқып жүргенде олар 4-5 баланың әке-шешесі еді. Студент шағында үлкен отбасының иесі болу Тұрсынға қосымша жауапкершілік жүктеді – ол әрбір қадамын ойланып жасауға, қатар құрбылары мен өкшелес студент жастардың мәнсіз бас қосуларынан, ретсіз сауық-сайрандарынан аулақ жүруге дағдыланды. Бала-шағаның материалдық жағдайын шешіп, әлеуметтік ауыртпалығын мойымай көтерсе де, балаларын орынсыз еркелетуден, мәселелерін шешуден тартынды. Олардың тәрбиесіне, білім игеруіне оңды ықпал еткенімен, мамандық иеленуіне, отбасын құруына келгенде, таңдауды олардың өздеріне қалдырды. Мүмкіндігі жете тұра, балаларын «майшелпек» орынтақтарға жайғастырудан бой тежеп, әркім өз өміріне қожайын болуы керек деп шешті.

    Тұрсекеңнің қабағына қайғы, көңіліне мұң ұялататын жалғыз жағдай болса, ол – ұл-қыздары жетіліп, енді қызық көремін деген шаққа жеткенде зайыбы Зағияның 1996 жылы жол апатынан қайтыс болуы. Алла ісіне шара жоқ! Жаратқанның жазуы сол болған соң, арайлап атқан әр таңына шүкіршілік жасап, ұрпағымен қатар ұлан елінің амандығын тілеп, сексеннің сеңгірінен қарап отырған ардақты ағаның мерейлі шағы – бұл. Өйткені, ол ғұмыр кешіп келе жатқан қоғамның бұралаңы көп болса да, Тұрсын Қасқатайұлының өзі ақиқат деп мойындаған жолдан бұра тартқан кезі жоқ. Сондықтан, жұрт алдында оның абыройы асқақ, жүзі жарқын.

Сәкен Шөменбаев,

тыл және еңбек ардагері.

СУРЕТТЕ: Тұрсын ОРДАБАЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.