«Бұл – кешірілмейтін күнә!»

    «Республикалық деңгейде жекелеген тұлғалардың мерейтойлары алғашқы жүз жылдықта – жүз жылдығы, одан кейiнгi жүзжылдықтарда әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi»

«Мерейтойлар мен атаулы күндердi

мерекелеу туралы»

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Қаулысы.

Қайролла СӘДУАҚАСОВ,

күйші:

Күй атасы Тәттімбет мұраларын бүгінге жеткізген дәулескер күйші Әбікен Хасенұлының туғанына биыл 120 жыл толғандығы жөнінде ғаламторда, тіпті, кейбір республикалық газеттерде жазылды. Сөйтсек… Даңғайыр күйшінің туғанына биыл – 120 емес, 125 жыл екен. Оның анық-қанығына жеткен Қарағанды облыстық «Күй-керуен» шертпе күй орталығының жетекшісі, күйші Қайролла Дәулетбекұлы кабинетімізге келіп, табан астында «төбемізден жай түсірді».

– Аға, әңгімеге тікесінен түссек?..

– Әбікен Хасенұлының 120 жылдығы келе жатыр деген сөзді биыл ғана емес, былтыр естігем. Биыл ғаламтордан көзім шалды. Қала берді, қасымдағы күйшілермен сөйлескенде, «биыл Әбікеннің 120 жылдығы» деп айтып қалады. Оны 1897 жылы туған деп ғаламтор деректері де растайды. Енді осы өнердің басы-қасында, күй орталығында жүргендіктен, іштей дайындала бастайсың ғой. Оның үстіне күй атасы Тәттімбеттің, Қыздарбек, Итаяқ, Сембек, Әбдилердің күй өнерін жеткізуші, осы өңірден шыққан атақты күйші Әбікен Хасенұлы болса, қайрылмай қайтесің?! Ол кісінің кезінде Алматыдағы қазақ драма театрына қызметке орналасуын зерттеушілер Сәкен Сейфуллинмен байланыстырады ғой. Әбікеннің Сәкеннен бірер жас үлкендігін кезінде әкем Дәулетбектен естігем. С.Сейфуллиннің 120 жылдығы өтіп кеткенін де білем. Күмән содан туды. «Үлкендер қателескен-ау» деп бір қойдым. Бір күні біздің «Күй-керуен» орталығындағы күйші Қалкен Қасымов Әбікен атамыздың әйелі Шәкен апамыз қолтаңбасымен қалдырған күйшінің суретін алып келді. Онда 1892 жылы туғаны айқын жазылған. Бұл қалай деген оймен «Сарыарқа саздары» деген кітапты парақтап ем, тағы осы дата көрсетілген. Осындай екіұдай күйде жүріп, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті, күйші, зерттеуші Мұрат Әбуғазыға хабарластым. Өйткені, Шәкен апа аталған суретке Әбікен атамызды «Алматыдағы Ташкент көшесіндегі қорымға жерленген» деп түртіпті. Мұрат күйшінің басын үш күн іздеп, зорға тауыпты. Әмірелермен қатар жатыр екен. Құлпытасында 1892 жылы туып, 1958 жылы қайтқаны тайға таңба басқандай қашалыпты. Міне, біздің «Құрмет» орденімен наградталған өнерпазға деген «құрметіміздің» түрі. Осы күнге дейін Әбікенді ешкім іздеп бармаған… Ғаламтордағы күллісайттарда Әбікен Хасенұлы 1897 жылы туды деп көрсетілген. Бұл – өрескел қате һәм аруақ алдында       кешірілмес күнә!                                                                                                                                                                                                         

– Енді қайтпексіз?

– Содан шыдай алмай, ұлы өнерпаздың туған жері – Мойынтыға тарттым. Ақадырдан әрі, Балқашқа барар жолда. Бір ойым, күйшінің туған топырағын басып, үлкендерден Әбікен туралы сыр тарту болса, екінші жағы – күйшіні туған топыраққа құрмет. Әбікен атамыздың 125 жылдық мерейтойы аясында «Күй-керуен» орталығы күйшілерді жинап, осы ауылда концерт өткізсе деген ниетім және бар. Сәтін салса, жаз айларында деп отырмын. Халқы да керемет қолдап, қуанып қалды. Мойынтыда ғана емес, облыстық, республикалық деңгейде күй фестивалін ұйымдастырып, Әбікен мұраларын жинастырып, насихаттаса – тіптен қатып кетер еді. Сол мақсатта жаңа ғана облыс әкімі Ерлан Қошановқа ұсыныс ретінде ресми хат тастадым. Алла қаласа, ескерусіз қалмас. 125 жыл – Үкімет қаулысы бойынша, мемлекеттік көлемде тойланатын мерейтой, өйткені.

Сөз арасында айта кетейін, Мойынтыдан 25 шақырым жерде «Көпбайдың жалпағы» деген жер бар. Әбікен атамыз осында туған. Көпбай – заманында би-болыс болған Әбікеннің атасы. Жергілікті жұрттың айтуынша, Көпбайдың жалпағында күйшіге қойылған ескерткіш тас бар екен. Жер ауыр, су болғандықтан, жете алмадым. Жалпы Мойынты, Киікті, Босаға аймағы – Қазақ шертпе күй өнерін ұстаған небір керемет күйшілердің Отаны. Қыздарбектен бастап Әбди, Сембек, Бегімсал, Әбікендердің – бәрі осы Мойынты, Киікті топырағының тумалары.

– Ол жақта Әбікен Хасенұлы жайлы әңгіме білетін ақсақалдар бар ма екен?

– Мен енді Мойынтының барлық кәрі құлақтарын әңгімеге тарттым деп айта алмаймын. Кездескендері күйшінің атына қанық болғанымен, ол турасында біле қоймайды екен. Әбди күйші туралы бірер дерек естіп келдім. Нақтылау керек. Солай бола тұра, олжалы қайттым. Өздері Шошаң атайтын Ажарбек Әбеу деген қарттың баласы Рахманәлі «күйшісін күтіп жатыр еді» деп өте бір көне үлгіде жасалған домбыраны сыйға тартты. Домбыра 1900-1910 жылдар арасында шабылған деседі. Жүз жылдан асты деген сөз. Мойынтыға Қарқаралыдан ауысыпты. Тозығы жетіпті. Қайта қалпына келтіріп, рестоврация жасаған соң, құлақ күйі келсе, сахнаға алып шықпақ ойдамын. Сондай-ақ, қазір Ақадырда тұратын Киіктінің тумасы Сәмбет ақсақал осы жолы әкесінен қалған ескі домбырасын сыйға тартты. «Бұл домбыра 1950 жылдары жасалған» дейді. Екі домбыраның иесі де «аспаптарды тартатын кісі қалмады. Қаңсып, босқа тозғанша, сенде болсын» деп қолыма ұстатты.

– Облыстық «Күй-керуен» – шертпе күй орталығы бірер жыл бұрын ашылды, ұмытпасам. Қазіргі жұмыс барысы қалай?

– Жаман емес. Дегенмен, жұмыс бастан асады. Атақты Әбікен атамыздың туған жылынан шатасып, мынадай сорақылыққа барып отырмыз. Күй өнеріне жанашыр өнерпаздар болмаса, ешкім елемегені ғой. Биылғы мерейтойы өз мәнінде аталып өтілуі тиіс. Біз шамамыз келгенше, үлес қосамыз. Әбікеннің ұстаздары – Итаяқ, Қыздарбек, Әбди, Сембектердің атын халық біле бермейді. Бұлардың бәрі 1930 жылдары атылып кетті. Алла сақтап, аман қалғаны – Әбікен ғана. Оның өзі қудаланып, 1 жылдай Ақмола түрмесінде қамауда болған. Одан қашып шығып, елге келсе, әйелі мен төрт баласы ашаршылық, нәубеттен өліпті. Содан жан сауғалап, Сәкенді іздеп табады. Сәкен күйшіні Серке Қожамқұловқа айтып, Алматыдағы қазақ драма театрына жұмысқа орналастырады. Тәттекең бастаған жоғарыда аталған күйшілердің көбісінің мұраларын бүгінге жеткізуші – Әбікен Хасенұлы. Сондықтан, ұлы күйшіге біз ғана емес, күллі қазақ жұрты қарыздар. Оны Мәдениет министрлігінен бастап, жергілікті басқарма, өнер мекемелері ескермесе, кім ескереді?

Біз мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс мерейтойы болғандықтан, әңгімені Әбікен жайлы ғана өрбіттік. Мәселен, осы Әбікендер ұстаз тұтқан Ахметжан Сармантайұлына (1877-1929 ж.ж.) биыл 140 жыл. 1929 жылы Қарқаралы түрмесінде атылып кеткен. Ол кісінің өнеріне, тіпті, Әлихан Бөкейхан, Ақбайдың Жақыбы, Сәкен Сейфуллин, Әбікен Хасенұлы, Манарбек Ержанов сынды біртуар адамдар тәнті болған. Бізге тек Ахметжанның «Қосбасары» мен «Елу сегіз» («Қасірет күйі» деп те атайды) атты күйлері жеткен. Ел ішінде көптеген күйлері болғандығы жөнінде әңгіме жетерлік. Осыларды зерттеп, ел ішін араласа, қандай да бір деректердің шеті шығар ма еді? Оны айтасыз, атақты Сембек Айдосұлы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Сарбұлақ деген жерде атылған дейді. Қойылған жері белгілі ме, басында ескерткіш бар ма, оны бір Құдай біледі… Мұның бәрін іздестіріп, ескі күйшілердің еңбектерін жинастыруға орталықта қаражат жоқ. Обалы нешік, мәдениет басқармасы бізге Сұрыптау станциясының Мәдениет сарайынан орын беріп, шамасынша көмектесті. Бірақ, онда Құнан Кәріпбек, Сәнеке Сағындық сияқты ардагер күйшілерді Майқұдықтан апарып, алып келу оңай емес. Бұл ардагерлермен қатар қазір Қалкен Қасымов, Әнет Сепбосыновтар күйге құмар 15-тен астам жас баланы тәрбиелеуде. Ол шәкірттердің күйге деген ынтасы керемет.

Бұдан былай орталықтың сыртқа шығып, концерттер ұйымдастыруына қаражат керек. Яғни, Алаш мұрасына жанашыр атымтай жомарт демеушілер қажет-ақ. Бүгінде меценат деп жүр. Мысалы, Әбікен атамыздың 125 жылдығы аясында оның туған жері Мойынтыға концерт апарғанымды ауылдың жергілікті халқы қош көріп отыр. Бірақ, оған қомақты болмаса да, азын-аулақ қаржысыз болмайды. Дәулескер күйші, профессор Жанғали Жүзбаев «Алаш руханиятын көгерту үшін мемлекет былай тұрсын, меценаттық институт жүйесін жолға қойғанымыз абзал» депті бір сөзінде. Меніңше, дұрыс бастама.

– Уақытыңызды қиып, сұхбатқа келгеніңізге рахмет! Әбікен атамыздың аруағы жебесін!

Әбікен Хасенұлы дәулескер домбырашылығына қоса, көшелі күйші-композитор да. Ол бір ғана «Қоңыр» атты күйімен қазақ күй өнерінің тарихында құрметті орынды еншілей алды. «Қоңыр» – Арқаның күйшілік мектебінің үлгісінде дүниеге келген құрылымы күрделі, әуен-сазы мейлінше терең күй. Күйдің эпикалық қарымдағы тегеурінді тебіренісі жеке бастың күйініш-сүйінішінен гөрі заманалық ахуалды көбірек зерделетеді. Бүгінгі, болашақ ұрпақ Әбікен Хасенұлының күйшілігіне қоса, оның домбырашылық қадір-қасиетіне алабөтен ден қояды. Әбікен – тұтас бір күйшілік мектептің барша болмысын жеріне жеткізе көрсете білген домбырашы. Оның домбырашылығы Арқаның күйшілік мектебінде күй тартудың эталоны ретінде ұрпақ санасына орнықты. Бұл тұрғыда Әбікен Хасенұлы өткен мен бүгін арасындағы күйшілік дәстүрдің тегеурінді көпірі бола білді.

Ақселеу СЕЙДІМБЕК,

«Қазақтың күй өнері» кітабынан.

Әңгімелескен

Жәнібек ӘЛИМАН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.