АймақБілім

Бөкетов университеті ұлттық мәртебесінің бір жылдығын атап өтті

Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қарағанды зерттеу университеті атанған іргелі білім ордасына «Ұлттық» мәртебесі берілген еді. Кешегі күні бұл мерейлі мерекені университет жоғары деңгейде атап өтті. Білім шаңырағының бас корпусы алдында киіз үйден шағын ауыл тігіп, этно-тимбилдинг ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар ойнатылып, өңір өнерпаздары өнер көрсетті. Отандық эстраданың жұлдызы Лұқпан Жолдасов университет тойына әннен шашу шашты. Зиялы қауым өкілдері қатысып, жылы лебізін білдірді.

Қарағандының “Оңтүстік-Шығысын” думанға бөлеген этно-тимбилдингке арнайы келген  облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мемлекет дамуында университеттің атқаратын айрықша миссиясын айшықтады.

– Қарағандыда қалыптасқан ғылыми мектеп бүгінде халықаралық деңгейде танымал. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті QS Asia 2026 рейтингінің нәтижелері бойынша орта Азиядағы үздік білім ордасының ондығына кірді. Бұл – зор мақтаныш! Осы орайда академик Евней Бөкетовтың «Менен кейін не болатынын білмеймін. Бірақ, мен еккен дәннің біреуі өз жемісін берсе, бақыттымын» деген сөзін еске алғым келеді. Ендігі міндет – білім ордасының қабырғасында туған ғылыми идеяларды өмірде жүзеге асыру, зерттеулерді өндіріспен ұштастыру, өңір мен елдің дамуына қызмет ететін жаңа технологиялар мен шешімдер ұсыну. Біз үшін BUKETOV универистетінің орны әрқашан ерекше, – деді Әлібек Әлденей.

Осы тұста жыл сайын облыс басшылығы ғылым мен мәдениет саласында белсенді студенттерге гранттар мен арнайы жобалар арқылы қолдау көрсетуге айрықша мән беріліп келе жатқанын атап өткен жөн.

1938 жылдан бастап іргетасы қаланған білім шаңырағы осы уақытқа дейін жүз қырық мыңнан астам білікті маман даярлапты. Отанымыздың экономикасы мен мәдениетіне, ғылымы мен біліміне өлшеусіз үлес қосып келеді. Қазіргі таңда университте 12 факультет бар және жалпы саны 15 мыңнан астам студент білім алып жатыр. 

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Басқарма мүшесі, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Нұржан Жетпісбаев Қасым-Жомарт Тоқаев университетке сенім артқанын және сол сенімді ақтау жолында еңбекті еселеу керектігін атап өтті.

 

– Алматыдағы Ұттық университеттен кейінгі еліміздегі екінші университет біздің университет екенін мақтан тұтамын. Сондықтан да, Ұлттық мәртебенің берілуі бұл – тарихи әділеттіліктің салтанат құруы деп білеміз. Осы іс-шара басталар алдында тарихшы ғалым, алаштанушы, ұстаз Нұрсахан Бейсенбекова 12 тамызды университет күні деп атауды ұсынды. Бұл ұсынысқа айрықша мән береміз, – деді Нұржан Жетпісбаев.

Еліміздің техникалық кадрларын даярлауға және ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева мінберге шығып, өз құттықтауын жеткізді.

DCIM100MEDIADJI_0228.JPG

Қазақтың айбоз ақыны, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы да ұлттық рухты асқақтатар жалынды жырын оқыды.

Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button