БҮГІНІМ мен КЕЛЕШЕГІМ

Барша адамзаттың түп тамыры бір. Бәріміз қария да дария құрлық Африкадан шыққанбыз. Оны қазіргі генетика дәлелдеп жатыр. Сол Африкалық бір тайпаның аңыз қазынасында Адамдар емес Жерді таңдайтын, Жер адамдарды таңдайды деп айтылған. Яғни, адамдар өз таңдауымен кез келген жерге ту тіге алмайды. Ту тігетін Жеріңді Жердің өзі ұсынады. Онсыз бәрі бекер. Қаншама қырғын соғыстар болып, бір елді бір ел жаулап жатса да, жаулап алған жат жерге жат ел тұрақтап тұра алмай, күндердің күнінде өз жеріне, өз мекеніне кері оралады. Оған куә Уақыт, Тарих, Жердің өзі. Жер атаулары (топонимика).

Аттың жалы, түйенің қомында жүріп ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы деп өмір кешкен бабаларымыздың Жер шарында атының тұяғына басқызбаған пұшпағы жоқ екені аян. Алты құрлықтың Аустралиядан басқасына баруын барған. Бәлкім, оған да?! Көрген. Билеген. Алайда, қайта айналып келіп алғаш Ту тіккен жері Алтай мен Атыраудың арасындағы Еуразиялық кең байтаққа оралып отырған.

Осы сайын кеңістік бізге ежелден Жұмақ мекен, Жиделі-Байсын, Жерұйық болған, Атамекен деп қадірлеп, қастерлеуге лайық болған бірден-бір киелі топырақ осы қазіргі табан тіреп тұрып жатқан жеріміз. Ешкімнен тартып та, сыйға да алған жер емес. Жаратқан өзі бұйыртқан, ата-баба құт көрген, кие тұтқан Жер.

Экваторлық белдеуден солтүстікке шұбырған лек Африкадан шыққаннан соң, Таяу Шығыс, Иран, Памир-Гималайды көктей өтіп, Кавказды қиялай Хазар теңізін жағалай ұлан-ғайыр кеңістіктерді шарлай отырып, бір шеті Үнді-Тибет, Шын-Машынға, Қиыр Шығысқа дейін барып, мың жайлап, мың қыстай жүріп, бөлінген бір жұрты Беринг арқылы Америка асып кеткен. Негізгі жұрт – бүгін Қазақ деген қастерлі атқа ие болған Ел айналып келіп, Алтын қазығын осы қазіргі атырапқа тіккен. Осы Жер ата-бабамызды, бізді – қазақты қабылдаған, құшағына алған. Жер қабылдап, рұқсатын берген соң бабалар Ту көтерген. Алғашқы тудың түсі қандай болды екен? Алғашқы байрақ неден жасалды? Жарғақ теріден бе, шүберек матадан, әлде жапырақтан, әлде қыл құйрықтан ба? Тоқылды ма, өрілді ме? Ақ болды ма, әлде қызыл, не жасыл болды ма? Ол жағы беймәлім.

Тек қазіргі түсі Ауа мен Судың, Ғарыштың бояуын, Таң арайының әбден араласқан реңін бойына қанық сіңірген Аспан көк. Көгінде Күн жүзіп, Қыран шарықтаған, Даласында дән өсіп, Белдеуінде бітпес ою-өрнек ойнап, ойымызға ой салған, шексіздік пен еркіндіктің, өрлік пен ерліктің жарасымды бейнесін әдемі де әсем етіп берген сурет бар біздің Туда. Ғажап сурет.

Жұлдызым жоғары әрі жарқырай жанған, Күнім айнала шуағын аямай шашқан, Шаңырағым биік те шаттыққа толы, Уығым ұзын, Керегем кең, Босағам берік, мүйізін Айға тіреген, қанаттары серпінді алтын Тұлпарларым жер тарпыған, Шығысым мен Батысым бірдей, Төрт Құбылам тең деп сөйлейді біздің елдің гербі.

Биік тұғырда желбіреген Ту мен жоғарыдан жар болған гербті толықтыратын, қазақты әлемге танытатын тағы бір қастерлі дүние – гимн. Әнұран.

Аспандағы алтын Күнін, Даладағы алтын дәнін жырға қосқан, әрқашан намысы жанулы, қылышы қайраулы еліміздің ер даңқы ежелден-ақ белгілі. Әрбір азаматы өзін осы Жердің, осы Елдің гүлімін, мәңгі таусылмас жырымын деп біледі. Әнұранымыздың өзекті ойы: Уақыт пен Кеңістік берген еншіңді бірлік аясында тірлік ете жүріп көзіңнің қарашығындай мәңгі қорғай біл!

Босағадан жаңа заман енгелі қазақтың гимндерінде үзілмей келе жатқан бір қастерлі сөз бар, ол – Намыс. Біз жай рухтан емес, намыс-рухтан жаралғанбыз. Бұған дейінгі және бүгінгі гимнде де бір үзілмей, сабақтастығын жалғап келе жатқан, келешекте де өзінің өзектілігін жоймайтын үрдіс бұл. Бұл өзі қазақ қазақ болғалы, тіпті, одан бұрынғы кезеңдерден мирас болып жеткен дүние болуы керек.

Әлем таныған қазақ руханиятында Күлтегін мен Білге қағандар, Әділ патша мен Бейбарыс сұлтан, Қасым хан мен Есім хан, Тәуке хан мен Бұқар жырау, Әбілқайыр мен Абылай, Баубек пен Тоқтар, Бауыржан мен Мәлік, Қасым мен Рақымжан, Мәншүк пен Әлия, Хиуаздардай сансыз да көзсіз ерлер, Тоныкөк пен Қорқыт, Әл-Фараби мен Қожа Ахмет, Жүсіп Баласағұн мен Асан қайғы, Абай мен Шәкһәрім, Әлихан мен Ахмет, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек пен Мұқтар, Қаныш пен Ақжан, Мұзафар, Жұмекен, Шәмші, Нұрғиса сынды даналар мен ғұламалар болған соң ғана біз еңсемізді тіктеп, оң алақанымызды жүрек тұсына қойып, осындай алмаз рухты, тұнық сезімді, сабырлы ақылды Әнұранды айту хақына ие болғанбыз.

«Өнер алды – қызыл тіл» деген бабамыз, әлі де солай деп келеміз, келешекте де осы тұғырдан таймаймыз. Біз әуелі сөзбен жеткізуге, ұғынтуға ынталымыз. Сол себепті «Керегем ағаш, Ұраным – Алаш!» дейтін бабамыз «Шалқайғанға шалқай, ол Құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол атаңның құлы емес» деген ұстанымды бізге мирас еткен. «О, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы, танисың ба сен мені, мен – қазақтың баласы!» деп Қасым өткен осы Тәуелсіз рухтың қанатына қауырсынын байлап.

Жер жұмыр екен де, оның Жер кіндігі бар екен. Қазақ елі сол жеркіндікке орналасыпты. Осынау алып елдің, Қазақ елінің тағы бір аты, биік аты – Аспан елі. Өзге ешкімнің қолы түгілі, қиялы да жете бермейтін биік Ел – Аспан елі – Қазақстан – Қазақия.

Қазақ жері қазақ рухты адамдарды қабылдайды. Құшағын тосады. Соның нәтижесінде мыңжылдықтар аясында қаншама тайпалар мен ұлыстар бұған дейін қазақ болып ұйысса, бүгінгі күні де қазақ идеясы төңірегіне өзгелердің ұйысу, бірігу, кірігу, тізе қоса, білек сыбана тірлік ету процесі жүріп жатыр.

Әлемдік зерттеу орталықтарының пайымдауынша, 2050 жылдарға қарай әлемдік экономиканың даму кіндігі Қазақ жеріне ауысады. Бұл нәтиже объектиівті төрт үлкен фактордың әсерінен болмақ дейді. Кім біледі? Негізі Жоғары Сананың қалауы болуы керек.

Осыдан мың жыл бұрын да өркениет осы кіндіктен өрбіпті. Мың жыл өткен соң өркениет қазығына қайта оралмақ. Білетіндер айтады: жаңалықты, жаңашылдықты сырттан, шетелден тоспай іштен, өзіңнен іздеу керек. Бүгінгі Қазақстанның бәлен елмен табысты сауда жасап, ғарышқа адам ұшырып жатқаны бекер емес. Бұл бір тылсым сыры бар жайт. Сыртқа қол жаюды қойып, ішкі қуатқа, рухани жаңғыруға ден қою керек. Сана мен сезімнің, ақыл мен парасаттың, ғылым мен ілімнің бірлігіне бас ұратын кез келді. Сондай қарекетке дайынбыз ба? Жаратқан бізге бәрін де аямай-ақ берген. Біздің еншімізге қалғаны қолда барды ұқсату, дамыту, жаңғырту. Ол үшін өзімізді-өзіміз тани білуіміз қажет.

Менің бұл жазғандарым бос қиялдың шарықтауынан немесе жалаң үгіттің салқын самалы тигеннен емес. Оқыған, тоқығанымыздан түйгеніміз. Бәлкім, бұл сүйегі қатқан үлкендердің жанын селт еткізе қоймас. Ол түсінікті де. Ол буынның көрмеген туы, тыңдамаған әнұраны жоқ. Ағын да, қызылын да, басқасын да көрді. Кездейсоқ келгені өтті, күшпен мәжбүрлегені құрдымға кетті.

Бүгінгісі және келешекке кәміл жететіні өзіміздің табиғатымызға, ділімізге сай келетін, тәуелсіз, еркін, азат рухымызға дем беретін көгілдір Ту мен терең мағыналы әсем Герб, мазмұны мен музыкасы біртұтас құйылған Гимн.

Жерде, келешегі кемел Елде өмір сүріп жатқанымызды біле жүрейік. Қиялымызға қанат бітіріп, арманымызды асқарларға шығара білейік!

Болат СЫЗДЫҚ,

заң ғылымдарының кандидаты, доцент,

Қазтұтынуодағы Қарағанды

экономикалық университетінің

аға ғылыми қызметкері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.