Бас тақырыпРуханият

Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Бүгін қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұхамедқали) Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына 93 жыл толып отыр.

Сурет: vecher.kz

Мұқағали Мақатаев 1931-ші жылы 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ұлы жүз Албан тайпасының Шоған абыз ұрпақтары — Алжан руынан шыққан.

Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші ту­ған күніне байланысты мынадай сөз айта­ды: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпан­да дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен». Азан шақырып қойылған аты – Мұхаммедқали. 

Әкесі қарапайым шаруашы:колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері – Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады (“Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?”). Мұқағалидің әкесі 1941 жылы Калиниград майданында қаза табады.

«Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Ақын поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман-аңсары. Осының бәрін ол жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес туындыларды дүниеге әкелді.

Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» аудандық «Советтік шекара» газетінде жарияланды (1949). «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!» – деп баға берген.

Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек» (1972 жылы), «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» (1975 ж.), «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, «Қош, махаббат!» (1988 жылы) атты прозалық кітабы да бар.

Біршама өлеңіне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін (1971 жылы), Шекспирдің «Сонеттерін» (1970 жылы), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 жылы) қазақ тіліне аударды.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button