Бұқарды түзеткен қай білгіш?..

«Бірінші тілек тілеңіз –

Пиғылы жаман залымның

Тіліне еріп азбасқа.

Екінші тілек тілеңіз –

Ардақтаған аяулың

Өзіңнен басқа бір жанға,

Тегін олжа болмасқа.

Үшінші тілек тілеңіз –

Желкілдеген ту келіп,

Жер қайысқан қол келіп,

Сонан да сасып тұрмасқа.

Төртінші тілек тілеңіз –

Омыртқасы үзіліп.

Аязды күні айналған,

Тар құрсағын кеңіткен

Тас емшегін жібіткен

Анаң бір аңырап қалмасқа».

Бұқар жыраудың бұл жырын білмейтін Алаш баласы кем де кем шығар бұл күнде. Небір оқуларда, биік мінберлерде, той-думандарда әркімнің аузынан естілетін ардақты сөздерді осылайша түрлендіріпті. Өзің өзгертіп немесе қателесіп жазып отырған боларсыз дерсіз. Олай емес…

Бұл 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында жүр. «Апам да аңтаң, мен де аң-таң». Оқулық авторлары – С.Тұрсынғалиева мен Т.Рыскелдиева. Хабарласып, бұл жайттың анық-қанығын білуге қол қысқа.

Бұқар бабамның бұл жырын, яки, «Он бір тілегін» жастай жадыға қондырғанбыз, түрлі мақамға салып орындап та жүрмін. Хакім Абайдың «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» дегеніндей, осы «Тілек» жайлы пайымдарымды бірсыпыра басылымдарға, жинақтарға бастырғанмын.

«Бірінші тілек – бір Аллаға жазбасқа» деуші еді, мұнда «пиғылы жаман залымның тіліне еріп азбасқа» деп, негізгі екінші тілектегімен қойындасып тұр. Екінші тілегі – алтыншы тілекпен, үшінші тілегі – жетінші тілекпен, жетіншіні – оныншымен шатыстырған. Сонда бесінші тілек қайда, бес уақыттағы бес намаздың қаза болмауын қадағалаған? Барша қазақ даласына жеткен бұл «Тілекті» құрастырушылар қай басылымнан, қай архивтен алды екен?

«Бес ғасыр жырлайды», «Әй, заман-ай, заман-ай» кітаптарында, Бұқарекеңнің алғашқы биографы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинағының 7-томында да қауымға белгілі он бір тілек тілеген нұсқасы жүр.

Мәшһүр Жүсіп немересі Қуандық ағамен осыдан үш-төрт жыл бұрын кезіккенімде: «Менің атам сенің бабаңның шығармаларын 30-дан, 40-тан аса, 50-60 жастан аса  жинақтаған. Барша қазақ даласын кезіп. Сонда бүкіл жерде айтылған жырлар бәрі бір-бірімен дәл сәйкескен. Соны еске сақта!» – деген еді.

Осындай бір жайт тағы бір қиырға сүйреді. Әнші досым «Электронды киіз үй» атты сыйлық ұсынған еді. Мұнда 1 335 ән-күй, терме-толғау, тағы басқалары жинақталған. Ішінде Абайдың Қара сөздері де бар. Айтпағым – бір термешінің орындауында «Он бір тілек» те жүр. Былайша өрілген екен:

«Бірінші тілек тілей көр,

Елде бір жалғыз қалмасқа.

Екінші тілек тілей көр,

Елде бір жалғыз жүрмеске.

Үшінші тілек тілей көр,

Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тілек тілей көр,

Көп жауға жалғыз шықпасқа.

Бесінші тілек тілей көр,

Бес уақыт намазың

Біреуі қаза қалмасқа.

Алтыншы тілек тілей көр,

Алған жардан айрылып,

Артында жалғыз қалмасқа.

Жетінші тілек тілей көр,

Жез қанатыңнан қайрылып,

Сабалап жерде-ау жатпасқа.

Сегізінші тілек тілей көр,

Серкесіз жолға түспеске.

Тоғызыншы тілек тілей көр,

Торқасыз тойға бармасқа.

Оныншы тілек тілей көр,

Жетім хақын жемеске,

Он бірінші тілек тілей көр,

Елеусіз жерде қалмасқа…

Міне, бұл «Он бір тілек» осылай көсілген.

Таза ниетпен жақсылық тілеудің жаманы бола ма? Бажайлап қарасам, бұл Әбубәкір Кердерінің толғауы болып шықты.

Бұдан көріп тұрғанымыздай, жырау мен ақынның үшінші және бесінші тілегі дөп астасқан екен. Сөз жоқ, дау жоқ. Не жеткізуші, не айтушы қателесуі кәдік.

Жылда өтетін «Бұқар жырау оқуларындағы» мүшәйрада кемінде екі-үш ақын өзі өрген жырын тілекпен «бояйды»…

Бұқарша айтқанда «Көп ішінде бір жалғыз» болмайық, көппен бірге қалайық дегім келеді.  

Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.