Бұқар жырау ауданында әкім грантын жеңіп алған жас кәсіпкерлер өз кәсібін дөңгелетуде
Жыл сайын Бұқар жырау ауданында жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту мақсатында аудан әкімінің грантына конкурс өткізіледі. Өткен 2021 жылы өз кәсібін ашуға талап қылған 47 жас оған қатысуға бизнес-жоспар жобаларын ұсынып, соның 29-ы жеңімпаз болып танылған еді. Аудан әкімінің 500 мың және 1 миллион теңге көлеміндегі грантын иеленген жас кәсіпкерлер әр салада жұмыс бастап та кетті.
Мемлекет бағдарламасы бойынша 1 миллион теңге алған Ботақара кентінің тұрғыны Айдархан Әбдірахманов ұлттық ойынымыз «Жамбы ату» секциясын ашып, оған қажет спорт құрал-жабдықтарын сатып алыпты. Қазір бұл секцияға 15 адам қатысып, алды республикалық жарыстардың жүлдесіне ие болып үлгерді.
Тағы да бір ботақаралық жас кәсіпкер Александр Махоньков өзі алған 500 мың теңге грантқа миостимуляция, ультра-дыбыстық кавитация, RF-лифтинг аппараттарын сатып алып, массаж салонын ашты. Ал, 2022 жылы аудандық бюджеттен осы мақсатқа бөлінген 10 миллион теңгенің гранттарын 10 жас адам 1 миллион теңгеден ұтып алып, бизнес-жоспарларын жүзеге асыруға кірісті. Мысалы, Көкпекті селосында тұратын Даяна Жанпеисова жақында ашқан шиномонтаждау станциясын баланстағы, шиномонтаждау станоктарымен, домкраттармен жабдықтады. Мұнда Даянаның өзі-ақ машина жөндеп, оның доңғалақтарын ауыстырады. Сол сияқты Нұрбала Әбдірахманова да «Ботақара кентінің Сұлулық студиясы» бизнес жобасын да табысты іске асыруда. Ол қас пен тырнақ әрлеу, шаштараз, стилист кәсібін меңгерген 4 адамға жұмыс беріп отыр. Осылайша аудан бойынша жас кәсіпкерлердің қатары жылдан жылға көбеюде.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы