Жаңалықтар

«Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезең келді»

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен өткен «Той мәдениеті: дәстүр мен талғам» дөңгелек үстелінде қазақ тойының қарызы мен қадірі, асабаның әдебі, ұлттық өнердің орны, той нарығының жауапкершілігі және жас буынның таңдауы талқыланды. Бұл тақырып бұған дейін де талай рет көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамның тойға қатысты ұстанымын өзгерту қажеттігін айтқан. «Ана тілі» апталығында жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатында Президент: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!», – деген болатын.

Одан бері де бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Ұлттық Құрылтайда қазіргі «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы, руханият жанашыры, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков қазақ тойындағы дарақылық пен ысырапшылдық мәселесін көтерді. Қоғамдық ортада да айтылып жүр. Әлеуметтік желіде тойдағы жөнсіз әрекеттер мен шектен шыққан шығындар жиі талқыланады. Қарағандыда асабалармен де бұл тақырыпта бірнеше рет арнайы жиын өтті. Яғни, «Той мәдениеті: дәстүр мен талғам» дөңгелек үстелі – бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселені нақты ұсыныстар мен ортақ шешімге қарай жылжытуды көздеген жұмыстың жалғасы.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарызға батырған қуаныш

Дөңгелек үстелде елдің көкейінде жүрген тойдағы дарақылық пен ысырапшылдық мәселесіне қоса, Мемлекет басшысының айтқан сөзін спикерлер әрі қарай таратып, түйінін шешуге тырысты. Ғалым мен асаба, әлеуметтанушы мен тарихшы, дін қызметкері мен мейрамхана иесі, өнерпаз бен шоумен бір үстел басында отырғанда әңгіменің бір ғана арнаға тоғысуы мүмкін де емес еді. Пікірталастың құны да осында болды.

Шараның модераторы белгілі публицист, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек әңгімені үш жедел сұрақпен ашты. «Несие алып той жасауға қалай қарайсыз?», «Қонақтың көптігі той иесінің беделін көтере ме?», «Қазіргі тойдан бір нәрсені алып тастау керек болса, нені атар едіңіз?». Сұрақ қысқа болғанымен, жауабы бір отырысқа емес, тұтас қоғамға жүк боларлық еді.

«Балам үйленемін деп тұрса, неге той жасамасқа?» – деді Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков алғашқы сауалға. Бұл сөзде қазақы көңілдің табиғи қуанышы бар. Ұл үйленіп, қыз ұзатылғанда ағайын жинап, ақ тілек есту – айып емес. Бірақ, әңгіме әр тойдың отбасының шама-шарқына сай келуінде еді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, өзі де талай жыл той тізгінін ұстаған Жансая Жарылғапов мәселенің жеке таңдау жағын алға шығарды.

– Бір отбасыға сырттан «той жаса» немесе «жасама» деп әмір айтуға ешкімнің моральдық та, этикалық та құқығы жоқ. Алайда, жеке таңдау сырт көздің қысымына, бедел бәсекесіне және қарызға тәуелді болған сәтте оның салдары жас отбасының ғана емес, қоғамның мәселесіне айналады, – деді ол.

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бану Абдрашева «әркім көрпесіне қарай көсілуі керек» деген қарапайым өлшемді еске салды. Несиені қиналмай өтеуге мүмкіндік бар болса, ол да – отбасының шешімі. Бірақ, құрғақ намыс үшін, «жұрттан қалмайық» деп қарызға кіруді ақтауға болмайды.

Облыстық мәдениет пен өнерді дамыту орталығының көркемдік жетекшісі Сұлтан Тілеубек те «тойды қарызданбай, отбасының нақты мүмкіндігіне қарай өткізген абзал» деген пікір білдірді.

Ал, шоумен, жүргізуші Диас Қайрат бүгінгі жастардың басым бөлігі несиеге той жасауға қарсы екенін жеткізді. Оның байқауынша, «пәленшенің тойына бардық, түгеншенің қуанышына шашылдық, енді соларды шақырып, қарызымызды қайтарайық» дейтін есеп көбіне ата-ананың ойынан шығады. Тойдың несиесі болса, кейін жас жұбайлардың мойнына ілінеді.

«Vogue» мейрамханасының иесі Данияр Қалымбетов мұның мейрамхана сыртынан байқала бермейтін екінші бетін көріп жүр. Дастарқан жиналып, музыка тоқтап, қонақ тараған соң, төлем жасарда сөзге келетін отбасылар бар. Бір күндік думанның берешегін жылдар бойы өтеу – қуаныштың дәмін қашырады. Оның айтуынша, кейде тойдан соңғы есептің өзі ағайын арасына сызат түсіреді. Сондықтан, «тойдың ақшасы той үстінде табылады» деген тәуекелді қаржы жоспары деуге болмайды.

Бұл жерде пікірталас тойды жоққа шығаруға емес, басымдықты дұрыс белгілеуге ойысты. Үйі жоқ жасқа – баспана, тұрақты табысы жоқ отбасыға – қаржылық қор, білімге немесе кәсіпке мұқтаж балаға – мүмкіндік әлдеқайда маңызды болуы мүмкін. Тойдың бір кештік сәні жас шаңырақтың бірнеше жылдық жағдайынан қымбат тұрмауға тиіс.

Қонақ саны жөніндегі сұрақ та осы ойды тереңдете түсті. Бір қатысушы той иесінің араласатын ортасы көп болса, қонақ санын шектеу күрделі болатынын айтты. Оның сыртында ағайын мен әріптесті түгел қамту табиғи фактор екенін қалай ұмытарсың? Жансая Жарылғапов қонақтың молдығы кейде әулеттің өсіп-өнуі мен адамның қоғамдық ортасына байланысты болатынын ескертті. Бану Абдрашева бүгін 300-500 адам жинауды міндет санаудың қажеті жоғын, 150-200 адамдық ықшам форматтың өзі қалыпты құбылысқа айналып келе жатқанын алға тартты. Диас Қайрат болса, ең жақын адамдардың ортасындағы шағын тойды құп көретінін жасырмады.

Мәселе санның өзінде ғана емес. Төрт жүз адамның бәріне той иесі назар аударып үлгере ме? Қонақ кімнің қуанышына келгенін, жанында кім отырғанын сезе ме? Асаба әр үстелдің, әр буынның ыңғайын таба ала ма? Бір дастарқанда отырып, сол күнгі қуаныштан кейін той иесін жеті-сегіз жыл көрмейтін адамдардың көптігі шынымен бедел ме?

Осы сұрақтардан кейін залдағы әңгіменің ауаны «көп болса – жақсы» деген ескі өлшемнен «шақырған адамыңа лайық ықылас көрсете аласың ба?» деген жаңа өлшемге бұрылды.

«Ұят болады» деген сөз кімді қорғайды?

Қазақ тойының көрінбейтін ең үлкен шығыны – мәзір де, әнші де, безендіру де емес. Ол – «Ел не дейді?» деген елес.

Осы тұста қазақ тойындағы дарақылық пен ысырапшылдықты мәселе қылып көтеріп, Көкшетауда өткен Ұлттық Құрылтай отырысында ел назарына ұсынған Бекзат Алтынбеков, Құрылтайда көтерген ұсыныстарын кеңінен толғап, қазіргі тойдағы мәдениетсіздік пен білімсіздікке, шектен шыққан ойындарға тоқталды.

– Шынымды айтайын, тойға көп барамын. Тойға тап-тамаша ел ағасы болып барып, үйге мазақ болып қайтамын. Дана болып барып, бала болып қайтамын. Бұл – ізденбейтін, ақша қуған жас тамадасымақтардың шалалығынан. Не шешендігі жоқ, не жөні түзу ән айтпайды. Басым бөлігі фонограмма. Бітпейтін ырқыл-жырқыл, арзан күлкі, бос сөз, нәрі жоқ. Әсіресе, әзіл мен әжуаны айыра білмеу деген сұмдық қой. Бұрынғының асабалары тойда классикалық сатира жанрының озық үлгілерін оқитын. Бұлар екі сөздің басын қоса алмайды. Масқара. Орнымен әзілдесе білу – шеберлік, орынсыз қонақты әжуаға айналдыру – сауатсыздық, көргенсіздік. Тойдан шыққаннан кейін жүйкең тозып, қан қысымың көтеріліп, ана тамадасымақты сотқа бергің келіп тұрады. Жақсылары, сауаттылары да жоқ емес. Ерген деген нұралық асаба бар, мысалы. Ол басқарған тойда демаласың. Рахат. Үйге қайтқың келмейді. Осындай сауатты асабалар қатары көбейсе екен. Осы елдің ертеңіне алаңдайтын бір баласы ретінде көңілім толмайтыны, тіпті, кейбірінің қылығына қарным ашатыны ақиқат, – деді Бекзат Қомарұлы.

Дөңгелек үстелде «ұят болады» тіркесі әлденеше рет айтылды. Біреуді шақырмасақ – ұят. Жүз адаммен ғана шағын той өткізсек – ұят. Атақты әнші әкелмесек – ұят. Баламыз шағын тойды қаласа да, ағайынға хабар бермесек – ұят.

Байқасақ, бір кезде адамның арын тежейтін ұғым бүгінде кейде қалтаны қинайтын қоғамдық тетікке айналған.

Пікірталастың қызған бір тұсында «Бізде қазақта бір-ақ нәрсе бар: «Ұят болмасын, ұят болады» деген сөз шықты» деген пікір айтылды. Оған қарсы уәж де іле-шала айтылды. «Ұят болады» деген сөз тойдағы әдепсіз көрініске тыйым салуға емес, «ананы шақырмасаң», «мына жұлдызды әкелмесең» деген талапқа көбірек жұмсалып жүрмеген жоқ па?

Мәселенің жүйкесі осы жерде бүлк етті. Ұят – адамды ысырапқа итермелейтін қамшы емес, біреуді қорламаудан, үлкенді сыйлаудан, қонақтың уақытын ұрламаудан, жас отбасының жағдайын ойлаудан көрінуге тиіс. Қарапайым тойдан ұялып, тұрпайы ойыннан ұялмасақ, ұғымның мекенжайын ауыстырып алғанымыз ғой.

Бану Абдрашева әлеуметтік салыстырудың осы қысымын тарқатты. Адам өзінің қажетін емес, өзгенің көрінісін өлшем еткенде қуаныш жарысқа айналады. Әлеуметтік желі бұл бәсекені еселеп отыр. Жұрт тойдың толық шығынын, кейінгі қарызын, үй ішіндегі әбігерін көрмейді. Бірнеше минуттық жарқыраған бейнесін ғана көреді. Сөйтіп, біреудің монтаждалған сәні екінші отбасының шынайы өміріне талап болып оралады.

Үлкендер мен жастарға бөлек той өткізу жөнінде де екіұдай пікір туды. Бір спикер Ақмола жақта алдымен үлкендерге, ертеңінде жастарға той жасалғанын айтып, қарт кісілердің ертерек қайтуына, даңғаза музыкадан шаршамауына бұл формат қолайлы деген мысал келтірді. Екінші тарап бұған бірден қарсы шықты. Бала әкесінің ортасын, әулеттің үлкендерін танып өсуі керек. Той – ұрпақ сабақтастығын нығайтатын санаулы ортаның бірі. Үлкен мен жасты екі бөлек әлемге айналдырсақ, ұрпақ сабақтастығын қай жерде жалғаймыз?

Бұл тартыстың жауабы «міндетті түрде бірге» немесе «міндетті түрде бөлек» деген кесімді үкім емес. Негізгі өлшем – әр адамның жағдайы. Жасы келген қонаққа қолайлы уақыт, қатты дыбыстан алыс орын, мезгілінде басталатын ықшам бағдарлама қажет. Жастардың да өз музыкасы мен еркін әңгімесіне кеңістік болғаны дұрыс. Екі буынды ажыратпай-ақ, екеуінің де қадірін табатын сценарий құруға болады. Ол үшін тойдың уақытын түн ортасына дейін созбай, мазмұнын алдын ала ойластыру керек.

«Ал, тойға тамаданы, өнерпазды кім таңдап жүр?» деген мәселе де назардан тыс қалмады. Елге масқара болып, сауатсыздыққа ұрынып жатқан тойларда асабаны жастар таңдаған болып шығады. Бұрын үлкендер атқарған жауапты жұмыс бүгінде жастардың көңіл көтеретін алаңына айналып бара жатқаны өкінішті…

Әңгіме тойдың сөзі мен сахнасына ауысқанда Жансая Жарылғапов:

– Асаба – тойдың редакторы, – деді.

Редактор мәтіннің артық жерін қысқартып, маңыздысын алға шығарады, қисынын түзеп, автордың ойын оқырманға жеткізеді. Асаба да бір кештің ырғағын солай реттеуге тиіс. Ол микрофон ұстаған басты кейіпкер емес, жас жұбайлар мен той иесінің қуанышын жарастырып жеткізетін дәнекер.

Өкінішке қарай, кей тойда жүргізуші өзін кештің иесі санап, қонақтың тілегін үш ауызға қысқартады да, өзінің жаттанды сөзін, жарысын, «бенефисін» сағаттап жүргізеді. Жансая Жарылғапов тоқсаныншы жылдардағы тойларда тізгінді ғалым, ұстаз, сөз білетін зиялы азаматтардың ұстауы жиі кездескенін айтты. Олар жұртты күлдіруді ғана емес, кімге сөз беріп отырғанын, қай жерде қандай тіркес жарасатынын, үлкеннің алдын қалай кесіп өтпеуді білетін.

Қазір жүргізушінің техникасы, жарығы, әлеуметтік желідегі жарнамасы күшейді, бірақ, кейбірінің сөздік қоры мен адам тануы сол жылтырға ілесе алмай келеді.

Профессор жас асабалардың көбінің сауатсыздығына қынжылатынын да жасырмады. Әсіресе, шоумендерге айтар сын көп. Әр асаба сөзді шебер саптай алуы, түрлі жастағы қонақтардың тілін таба білуі керек. Жұрттың талғамын, елдің рухын көтеруге үлес қосуы қажет.

Жансая Жарылғапов бір ұзату тойының соңында қыз ұзатылар кезде асабаның: «Әлпештеп өсірген қызымызды мәңгілік сапарына аттандырғалы тұрмыз» деп, сөзден сүрінгенін де тілге тиек етті. Бұл, әрине, күлетін емес, көзге жас алатын жағдай. Жастардың өресінің осыншама құлдырап кеткені өкінішті.

– Осы тұста бір ескеретін жайт, сұраныстың да көңіл көншітпейтіндігі. Яғни, той иесі тамаданы дұрыс таңдай алмайды, оған дұрыс талап, шектеу қоя алмайды. Неге? Себебі, елдің көбінің өре деңгейі төмендеп кеткен, білім таяз. Қазір кітап оқығаннан гөрі әншілердің концертіне барғанды жөн көреді. Қоғамның деңгейі осынша түсіп кеткен. Асабаны Құдайдай көріп, асты-үстіне түседі. Олар да тойда өздерін бас кейіпкер санайды. Тойын әупірімдеп жүріп жасап жатқан адам тамадаға талап қоя алмасы анық. Сондықтан, кінәні шоумендерге үйіп-төге берген де жөн емес. Себебі, олар сұрағанын берді. Өрелері де той иесімен деңгейлес. Ойнап-күлгенге мәз. Күлкі болып жатқанынан хабары жоқ. Енді, сол елдің төмендеп кеткен талғамын көтеру жолында бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Елдің талғамы өссе, ненің ұят, ненің орынды екенін нақ түсінсе, қазақтың тойы түзелері анық, – деді Жансая Жарылғапов.

Бірақ, асабаның білімі тек дұрыс сөйлеумен шектелмейтіні анық. Ол тойға кім келетінін алдын ала білуі керек.

Осы тұста модератор Ерсін Мұсабек бір тұсаукесер тойында жүргізушінің белгілі актер Қайрат Кемаловты тани алмай, бар болғаны «қазақтың сондай атақты азаматы» деп таныстырғанын мысалға келтірді. Адамның аты-жөнін білумен қатар, оның елге сіңірген еңбегін екі ауыз сөзбен дәл айта білу – мәдениет.

Сол себепті, той иесі асабаға қонақ тізімімен қатар, шағын «карта» беруі керек. Үлкендер кім, құдалар қайдан, елге белгілі тұлғалар бар ма, кім сөзге шебер, кім көпшілік алдына шығуды қаламайды? Бір адамның қызметі мен атағын даңғаза мақтауға айналдырмай, сыпайы таныстыру да кәсіби шеберлік.

Жамбыл Жұмабеков ұзын-сонар тілекті қысқартудың бұрын қолданылған бір тәсілін де айтты. Асаба әр үстелдегі адамдарды жеке-жеке микрофонға шақырмай, отырған қауымды таныстырып, солардың құрметіне бір ән жолдап, ортаға биге шақырады. Сонда қонақ та ескерусіз қалмайды, той да тілекке тұншығып қалмайды.

Қазіргі тойдың тағы бір кеселі – адамды мәжбүрлеп күлкі нысанасына айналдыру. Тамақ ішіп отырған қонақты жұлып алып ойынға қосу, қарт кісіні орнынан тұрғызып жарыстыру, адамның сырт келбетіне, отбасылық жағдайына тиісу, қыз-келіншекті ыңғайсыз әрекетке итермелеу «жұрт күлді» деген желеумен ақталмайды.

Бану Абдрашева, әсіресе, ас-ауқатпен байланысты ерсі ойындарды доғаруды, мұндай шекті той иесі асабамен алдын ала келісіп алуы керегін айтты.

– «Алма әкел», «кәстөм әкел», «темекі әкел» деген не сұмдық? Бұл ойынға үп-үлкен азаматтар қатысқанда тіпті, жерге кіре жаздаймыз. Той иесінің көңілі үшін тілімізді тістеп отырамыз. Негізі кез келген ойынның тігісін жатқызып, елге пайдалы жағын айтып ойнатса, болады. Жас шоумендер оны да білмейді. Сосын соңы осылай шала болып шығады. Қуанышқа ортақтасуға шақырылған құрметті қонақты қорлауға ешкімнің құқы жоқ. Тамада деген көзі ашық, көкірегі ояу, жан-жақты болуы керек. Кез келген жағдайдан жол тауып шыға білуі кәдік, – деді ол.

Ал, Сұлтан Тілеубек сегіз сағатқа созылатын тойды қысқартып, басы артық дүниені азайтуды ұсынды.

 

– Той ең алдымен жастарға бата берілетін, ағайын жүздесетін жер болуы керек. Бір ойынды екіншісі, бір шоуды келесісі қуалап, негізгі кейіпкерлер тасада қалса, бағдарламаның көптігі той мазмұнын ашпайды. Бұған дейін де аға буын өкілдері өткізген осы бағыттағы жиындарда көптеген мәселе айтылды. Содан кейін сөзі мен ісі түзеліп, тойға деген көзқарасы өзгерген асабалар бар. Тіпті, сценариін де жаңартқандарын көзім көрді. Сол себепті, бұл жұмыс тоқтамаса екен. Алайда, барынша қазақы дәстүр дәріптелсе, төл өнер, қазақы бағыт көбірек насихатталса қуанар едік, – деді Сұлтан Тілеубек.

Айыппұл ма, ақыл ма?

«Асабаның жауапкершілігін қалай арттырамыз?» деген сұрақ залды екіге жарды.

Бір тарап арнайы аккредиттеу, сертификаттау, кәсіпкер ретінде тіркеу, салық төлеу және кәсіби талап белгілеу қажет деді. Тіпті, жүргізушілерді беделі мен жауапкершілігіне қарай шартты түрде «жасыл», «сұр», «қара» санатқа бөліп, мейрамханалар мен тапсырыс берушілерге ашық рейтинг ұсыну туралы пікір айтылды.

– Әр асаба – кәсіп иесі. Сондықтан, олар тапқан табысынан мемлекетке салық төлеуге міндетті. Болашақта осы мәселе назардан тыс қалмауы керек. Оларды тайраңдатып, бәленбай мың теңге төлеп шақырасың, оның үстіне өзің мазақ боласың. Ел қатары салық төлесін. Төлемей жүргендерін той үстінде құрықтап, жауапкершілікке тартып, жанын көзіне көрсету керек. Сөйтсе, іріктеліп, нағыз шынайы асабалар қалады және қазақтың тойы түзеледі. Баяғы «Той – тәрбие мектебі» деген түсінік қайта күш алар еді, – деді Жамбыл Жұмабеков.

Ал, Диас Қайрат бұған:

– Қазақстанда мәселені қашаннан бастап айыппұлмен ғана шешетін болдық? – деп, қарсы уәж айтты.

Оның айтуынша, аға буынның ақылы мен кәсіби ортаның сынының өзі біраз жүргізушіні өзгертті. Жаза қорқыныш тудыруы мүмкін, бірақ, талғам қалыптастырмайды. Асаба неге әлдебір ойынның ерсі екенін, қонақтың жасына, ортаның деңгейіне қарай бағдарламаны қалай өзгерту керегін түсінбесе, сертификаттың өзі сапаға кепіл бола алмайды.

Мейрамханалар да өз атағына нұқсан келтіретін жүргізушіні ұсынбауға мүдделі.

Осы тұста кәсіпкер, «Vogue» мейрамханасының иесі Данияр Қалымбетов көпжылдық тәжірибесінен түйгенін ортаға салды.

– Бірде Шымкентте тұратын інім той жасады. Ұйымдастыру жағына үлесімді қосып, ақылымды айттым. «Асабаны тауып қойдық» деген соң, араласпадым. Сөйтсем, «Өртің көп болсын!», «Үстіңнен бір түрлі иіс шығып тұр», «Шиномонтаж да кәсіп пе?» деп елді келеке қылып, молынан табыс тауып жүрген ел білетін Сабыржан тамада екен. Бағасы – миллион теңге. Келін қиылып тұрғасын, келістім. Ол өзіме мүлдем ұнамайды, негізі. Біріншіден, тойға 40 минут кешігіп келді. Ұйпа-тұйпа, «ақ болды, көк болды» деп ырбыңдап, тойды кеш бастады. Онысымен қоймай, той иелерін келеке қылғанда намыстан жарылып кете жаздадым. Інім орта бойлы, томпақ болған соң, оны нөлге теңеп, келінді ұзындау деп, «1» санына теңеді. «Екеуіңді қосса, 10 деген сан шығады» деп әжуалады, кәдімгідей. Қуып жіберейін десем, інім мен келінімнің көңілін қимадым. Қаным басыма шапты. Егер тамадаларға кәсібилігіне байланысты рейтинг қойылса, құптар едім. Ол түспен белгіленсе, ең төменгі мәдениетсіздеріне қара түс бұйырса. Сабыржан сияқтыларды қара тізімге қосып, ресторанға аттап бастырмас едім, – деп жүрегіндегі азаматтық жан сөзін ақтарып айтты.

Ал, Сұлтан Тілеубек арзан нәрселерді айтып, қымбат кәсіп жасап жүрген асабаларға ұрысқаннан гөрі, сабырмен үйреткен жөн деген пікір білдірді. «Жүрегінде бір сәулесі бар болса, сөзге тоқтайды» деген сенімін айтты.

Ортақ шешім екі пікірдің арасынан табылды. Кәсіби ортаға белгілі бір өлшем керек. Бірақ, оның өзегі жазалау емес, біліктілікті арттыру болуы шарт.

Той ұйымдастыру орталығының жетекшісі Арайлым Сансызбайқызының орталығы негізінде жас асабаларға арналған семинар өткізу, оған Жансая Жарылғапов секілді ғалымдарды, бұрынғы классикалық той жүргізудің хас шеберлерін шақырып, шешендік өнер, аудитория психологиясы, сценарий құру, тіл мәдениеті бойынша сабақ беру ұсынылды.

Бекзат Алтынбеков осы жерде мәселені қоғамдық әдеп деңгейіне көтерді. Оның пайымынша, заңмен әр үйдің дастарқанын өлшеу мүмкін емес. Десе де, ақсақал, ғалым, дін өкілі, мейрамхана иесі, асаба және жастар келіскен ортақ ұстаным ұсынуға болады. 

Мұндай құжат біреуді жазалайтын нұсқаулық емес, тапсырыс берушінің талабын айқындап, қызмет көрсетушіге кәсіби межені көрсететін қоғамдық келісім болуға тиіс. Өзгеріс жоғарыдан түскен тыйыммен емес, жақсы үлгінің беделге айналуымен орнығады.

Домбыра «өтпей» қалған той

Арайлым Сансызбайқызының айтуынша, бір тойда жас асаба дәстүрлі әнге кезек бергенде, «өтпейді» деген жауап естіген.

Нарық нені сұраса, соны бере ме?

Той – бүгінде үлкен индустрия. Сондықтан мәселені тек асабадан көру дұрыс емес.

Диас Қайраттың айтуынша, асабалар қауіпсіз әрі жеңіл ойындарды ұсынғанымен, кейде тапсырыс берушілер әлеуметтік желіге тез тарайтын, тосын әрі шектен шығатын ойындарды өздері сұрайды.

Той иесі асабаны саналы түрде таңдап, оған алдын ала талаптарын нақты жеткізуі керек.

Тойдың жасырын шығындары да аз емес. Баннер, түрлі экзотикалық шоу топтар, қосымша қызметтер – мұның бәрі жалпы шығынды көбейтеді.

Данияр Қалымбетов мейрамханадағы дайын пакеттер мен қызметтердің бағасы ашық көрсетілуі қажет екенін айтты.

Бану Абдрашева «халал асаба» деген жарнаманың өзі жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Өйткені мұндай атауды пайдаланған адам өзінің сөзі мен ісіне сай болуы керек.

Ысырап – дастарқанның молдығы ғана емес

Жүсіп Шұғайұлы Құрандағы Ағраф сүресінің 31-аятын мысалға келтіріп, ысырапқа жол бермеу қажеттігін айтты.

Ысыраптың өлшемі дастарқанның молдығымен немесе қонақтың көптігімен ғана өлшенбейді. Оның өлшемі – жауапкершілік.

Ысырапқа желінбей қалған асты қоқысқа тастау, той үшін қарызға бату, жиынның белгіленген уақыттан кеш басталуы, бір сөздің қайта-қайта айтылуы, артық безендіру, қонақты ыңғайсыз жағдайға қалдыру, дінді орынсыз пайдалану да жатады.

Кәсіби асаба той иесімен алдын ала кездесіп, жиынның ерекшелігіне қарай бағдарламасын құруы керек.

Бұл ретте тойды тек көңіл көтеретін орын емес, мәдени кеңістік ретінде қарау маңызды. Өйткені той – қоғамның рухани деңгейін де көрсететін орта.

Сөз залда қалмауы үшін

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – айтылған сөздің залда қалып қоймауы.

«Орталық Қазақстан» газеті алдағы 30 күн ішінде осы мәселе бойынша қоғамдық пікір жинап, оны қайтадан ортаға салуды көздейді.

ҚМДБ-ның Қарағанды облысындағы өкілдерімен бірлесіп, құдайы ас өткізу мәдениетіне қатысты да жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізуге болады. Өйткені бұл мәселені той мәдениетімен араластырмай, бөлек қарастырған жөн.

Үш айдан кейін атқарылған жұмыстарды саралап, нәтижесін газет бетінде және медиахолдингтің цифрлық платформаларында жариялау ұсынылды.

Ұсынылып отырған қоғамдық келісім әкімшілік тыйым немесе міндеттеу емес.

Той иесі, асаба, мейрамхана және қонақ өзіне тиесілі жауапкершілікті түсінуі керек.

Қонақтың да жауапкершілігі бар. Ол да той мәдениетінің қалыптасуына өз үлесін қосады.

Той тоқтамайды. Талғам өзгере ме?

Той тоқтамайды. Адамның қуанышын бөлісу, ағайынның басын қосу – қазақтың өмір салтындағы дәстүр.

Бірақ оның формасы қандай болады? Мәдениеті қандай деңгейде қалыптасады?

Дөңгелек үстелде жас қатысушы Нұрғасыр Теміржан «Қазақтың қысқаша тарихы» кітабынан үзінді оқыды.

Бұл да кездейсоқ емес. Өйткені ұрпаққа тарихты, дәстүрді, ұлттық құндылықты жеткізу – үлкен жауапкершілік.

Той тоқтамайды. Бірақ талғам өзгеруі керек.

Басты мақсат – әдепсіздік пен даңғазалықты, ысырапты азайту, ұлттық өнердің тойдағы орнын айқындау, асабаның кәсіби әрі этикалық жауапкершілігін күшейту, тойды қайтадан «тәрбие мектебіне» айналдыру.

Дөңгелек үстел – жұмыстың соңы емес. Керісінше, нақты істің басталғанын білдіруі тиіс.

Той – қазақтың өмір салтының бір бөлігі. Бірақ оның формасы мен мәдениеті өзгеруі мүмкін.

Қазақ тойына реформа керек екені айдан анық!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button