АЭС құрылысы Қазақстан мамандары мен бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады
Қазақстанда АЭС салу елге қосымша электр энергиясын өндірумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, мамандар даярлауға және отандық бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы «КАЭС» ЖШС энергетика тобының жетекші инженері Мади Азбергенов liter.kz берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, жоба аясында инженерлер, құрылысшылар мен энергетиктерден бастап, цифрлық технология, автоматика, қауіпсіздік және сапаны бақылау саласының мамандарына дейін түрлі бағыттағы кадрлар қажет болады.
Алдын ала бағалаулар бойынша, «Балқаш» АЭС құрылысы кезеңінде 10 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылуы мүмкін. Станция пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 2 мың тұрақты қызметкер қажет болады.
АЭС құрылысы қазақстандық бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Ірі жоба құрылыс материалдарына, көлік пен логистикаға, жабдықтарға, тамақтану және басқа да қызмет түрлеріне сұранысты арттырады. Отандық компаниялар өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа технологияларды меңгеріп, сапа мен қауіпсіздіктің жоғары талаптарына сай жұмыс істеу тәжірибесін жинақтай алады.
Станция құрылысы өңірдің инфрақұрылымын дамытуға да әсер етеді. Жол, тұрғын үй, байланыс, сумен жабдықтау, медициналық нысандар, мектептер, балабақшалар және басқа да әлеуметтік нысандарға қажеттілік артады.
Сонымен қатар атом энергетикасы үшін білікті кадрларды алдын ала даярлау маңызды. Болашақта ядролық физика, энергетика, машина жасау, материалтану, автоматтандырылған басқару жүйелері, радиациялық және ядролық қауіпсіздік, цифрлық технологиялар, робототехника және киберқауіпсіздік саласының мамандарына сұраныс жоғары болады.
«Жобаны іске асырғаннан кейін елде заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын және білімін келесі ұрпаққа бере алатын мамандардың қалыптасуы маңызды», – деді Мади Азбергенов.
Осылайша, АЭС құрылысының әсері энергетика саласымен ғана шектелмей, кадрлық әлеуетті, отандық өндірісті және өңір инфрақұрылымын дамытуға серпін беруі мүмкін.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



