Отбасын қолдау – Отанды қорғау
Шаңырақтың биіктігі адамның бір-біріне деген мейірімімен өлшенеді. Отбасы күні – осы қасиетті ұғымның қадірін арттырып, татулық пен түсіністіктің, ата-ана мен бала арасындағы байланыстың маңызын тағы бір мәрте еске салатын мереке. Берекелі отбасы үшін махаббат, сыйластықпен қатар, әлеуметтік және қаржылық тұрақтылық та қажет. Бүгінде қиындыққа тап болған отбасыларға қолдау көрсетіп, олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасауға айрықша мән берілуде.

Облыста өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету мақсатында 13 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және басқа да бағыттар бойынша ақпараттық-консультативтік көмек көрсетіледі. Орталықтардың басты міндетінің бірі – мәселе ушыққанға дейін отбасына қажетті қолдауды ұсыну.
2025 жылдың төртінші тоқсанынан бүгінгі күнге дейін облыста 3 266 отбасының жағдайы зерделенген. 289 отбасы мемлекеттік қолдауға мұқтаж деп танылып, барлығы тиісті көмекпен қамтылған. Олардың қатарында тұрғын үй мәселесін шешу, біржолғы әлеуметтік көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін тағайындауға жәрдемдесу, құжаттарды рәсімдеу және мүгедектікті белгілеуге қолдау көрсету шаралары бар. Әлеуметтік қорғау саласының мамандары отбасына тек бір реттік көмек көрсетумен шектелмей, оның ұзақ мерзімді тұрақтылығына басымдық береді.
– Әлеуметтік қолдаудың негізгі мақсаты – отбасының тұрақты табысқа жетуіне жағдай жасау. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылармен жеке жұмыс жүргізіледі. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыруға, кәсіптік оқуға, қайта даярлауға және жұмыспен қамту шараларына қатысуына мүмкіндік беріледі. Азаматтарға өз кәсібін бастауға немесе дамытуға да қолдау көрсетіледі. Негізгі бағыт – отбасын әлеуметтік көмекке тәуелді етпей, оның тұрақты табысын арттыру және өз-өзін қамтамасыз ету деңгейіне жеткізу. Әлеуметтік қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Облыста 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 787 отбасының 3 618 мүшесіне 342,3 млн теңге көлемінде АӘК төленген. Оның орташа мөлшері 11 827 теңгені құрады, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Айгерім Бекішова.
Ал, аймақтағы аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жағдайы мен табыс деңгейіне қарай түрлі қолдау шаралары көрсетіледі. Бұған тұрғын үй көмегі, жергілікті бюджет есебінен берілетін әлеуметтік көмек және балаларға арналған қосымша төлемдер жатады. Мәселен, АӘК алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың әрқайсысына ай сайын 6 488 теңге көлемінде қосымша төлем қарастырылған. Әлеуметтік қолдау қиындықты уақытша жеңілдетумен қатар, отбасының өз аяғына тұруына мүмкіндік беруге бағытталған. Осы мақсатта еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіби оқыту, қайта даярлау және кәсіп бастауға жағдай жасау шаралары қолға алынған.
Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың мәселелері де назардан тыс қалмайды. Олардың негізгі проблемалары қатарында тұрғын үйдің болмауы, несиелік қарыздардың көп болуы, жұмысқа орналасу қажеттілігі және материалдық көмекке мұқтаждық бар. Бұл ретте «Қарызсыз қоғам» республикалық және «Қайта бастау» өңірлік жобалары аясында азаматтарға қаржылық және құқықтық кеңес беріліп, кредиттерді қайта құрылымдау, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және соттан тыс банкроттық рәсімдерін қолдану бойынша көмек көрсетіледі.
Отбасының берекесін сақтау әлеуметтік қолдаумен қатар, оның ішкі ахуалына да байланысты. Қарағанды қаласындағы Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығына жыл басынан бері 1 246 азамат жүгінген. Олардың арасында отбасылық жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық және әлеуметтік мәселелермен қатар, психологиялық қолдауды қажет ететін адамдар бар. Орталық мамандары отбасы мүшелеріне психолог, заңгер, медиатор көмегін ұсынады. Қажет болған жағдайда дағдарыс орталығына орналастыру мәселесі де қарастырылады. Биыл 50 адам дағдарыс орталықтарына орналастырылып, 298 азаматқа құқықтық көмек көрсетілген, 28 адам медиатордың көмегіне жүгінген. Сонымен қатар, 20 адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіштердің артында нақты адамдардың тағдыры тұр. Отбасындағы жанжалды дер кезінде тоқтату, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиындықты мамандардың көмегімен шешу – отбасының тұтастығын сақтаудың маңызды тетігі.
Отбасының беріктігі тек материалдық жағдаймен өлшенбейді. Кейде қаржылық қиындық, жұмыссыздық немесе әлеуметтік түйткіл отбасындағы түсініспеушілікті күшейтіп, жанжалдың туындауына да әсер етеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік қорғау қызметі мен құқық қорғау органдарының ортақ мақсаты – мәселені ушықтырмай, отбасыға дер кезінде кешенді қолдау көрсету.
– Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуда ең маңыздысы – мәселені жасырмай, дер кезінде көмекке жүгіну. Кей жағдайда жанжалдың ушығуына тұрмыстық қиындықтар, қаржылық мәселелер немесе отбасы мүшелерінің бір-бірін түсінбеуі себеп болуы мүмкін. Азаматтарға өз мәселесін жалғыз шешуге тырыспай, психолог, заңгер және басқа да мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес береміз. Отбасындағы қауіпсіздік пен өзара құрмет – берекелі шаңырақтың негізгі негізі, – деді облыстық полиция департаментінің Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Айзада Досмағамбетова.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



