Бұқар жырау ауданында танымдық сайыс өтті
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай Бұқар жырау ауданына қарасты мәдениет ошақтарының қызметкерлері арасында танымдық сайыс ұйымдастырылды. Танымдық сайыстың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін насихаттау, қазақ тілінің байлығы мен көркемдігін кеңінен таныту, мәдениет қызметкерлерінің тілдік сауаттылығын арттыру, ой ұшқырлығы мен тапқырлығын шыңдау, сондай-ақ ұжымдар арасында бірлік пен ынтымақтастықты нығайту.

Сайысқа ауданның мәдениет ошақтарынан 12 команда қатысып, әр команда құрамында 4 сайыскерден болды. Барлығы 48 мәдениет қызметкері бірнеше кезең бойынша бақ сынап, өздерінің білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Сайыс барысында қатысушылар «Жаңылмай айтып көр!», «Сурет сөйлейді – мақал шешеді», «Мақалдың мағынасын тап», «Нақыл сөздің авторын тап» атты қызықты кезеңдерде сынға түсті.

Әсіресе «Жаңылмай айтып көр!» кезеңі қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сайыскерлер экраннан ұсынылған жаңылтпаштарды дұрыс дауыс ырғағымен, анық әрі шапшаң айтуға тырысып, тіл тазалығы мен сөйлеу шеберліктерін көрсетті.

Ал мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерге арналған кезеңдерде қатысушылар қазақ халқының даналық сөздерінен білімдерін ортаға салып, әр тапсырманы команда болып шешуге тырысты.

Сайыс барысында қатысушыларға музыкалық сәлемдеме де жолданды. Көкпекті ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Елибаев Ардақ пен аудандық бейнемобильдің дыбыс операторы Айбар Жаңбырбаев әсем әндерін орындап, шараның көркін қыздырды. Әуезді әндер қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, танымдық сайыстың мазмұнын одан әрі жандандыра түсті.

Әділ қазылар әр кезең бойынша сайыскерлердің жауаптарын бағалап, білім деңгейі, тапқырлығы, шапшаңдығы, сөйлеу мәдениеті мен командалық жұмысына назар аударды.

Сайыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталып, арнайы номинациялар табысталды.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



