Азаттығымның айғағы
ХХ ғасыр соңы Қазақстан үшін қасіреттен арылған қасиетке айналды. Ұлы Державаның шаңырағы шайқалып, опырылып ортасына түскенде дүниежүзі саяси картасы түрленіп сала бергендей еді. Одақтас республикалар өз отымызды өзіміз жағамыз, өз үйімізді өзіміз тігеміз деп шекарасын шегелеп әкетті. Он бес мемлекет он бес ұл іспеттес енші бөлісе бастағанда Жаратқанның жылы жүзі Қазақстан дейтін қайсар ұлға да түскен екен.
Әлихан аңсап, Қонаев көксеп өткен Азаттық! Сенімен бірге сең қозғалды! Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Алатаудан көтерілген Ана-Қыран шаңқ етіп Алтайдың шыңына, Сарыарқаның суына, Маңғыстаудың құмына сүйіншіледі! Көк Туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз жүректе елжіреп, Елтаңбамыз есіл жұрттың ержүрек болмысын дәлелдеп тұрғандай еді.
Сондағы егемен елге ендігі сүйеніш, тұрақтылықтың тұғыры, азаттықтың айғағы – Ата Заң!
Ел ынтымағының елеулі кепілі де, билік пен қараша халық арасындағы алтын көпірі де Конституция! Ол – «Есім ханның ескі жолын», «Қасым ханның қасқа жолын», Тәуке ханның «Жеті жарғысын» қайрат еткен Қазақстанның қайқы қылышы іспеттес. Серттен тайған қылша мойынды қиып түсетін де, иілмес алып бәйтеректі иіп түсетін де, адам құқығы аяқасты болмасын деп күйіп-пісетін де көкжиек тектес Конституциям.
Адасқан пенде аспанға қарап жол түзейтін Темірқазық қандай қадірлі болса, адалдық пен арамдықтың, дұрыс пен бұрыстың, ақиқат пен аңыздың аражігін айқындап тұрған Ата Заң да сондай қастерлі болмақ.
Қазақ елі адаспасы анық. Алдаспаны – Ата Заңы тұрғанда!
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»