Азаттық таңын аңсаған
Қазақстан егемендік алып, Тәуелсіздік тұғырын бекіткеннен кейін қазақ зиялыларының халық таныған абзал ұлдарының есімі қайта жаңғыруда. Соның бірі – журналист, жазушы, ақын, қоғам және мәдениет қайраткері Орынбек БЕКОВ. Ол Семей губерниясы, Ақадыр кентінде 1898 жылы дүниеге келген. Әкесі Бек көп жылдар бойы Спасск мыс қорыту зауытында жұмысшы болып істейді.
Орынбек сауатын мұсылманша ашады, 3-4 жылдай оқиды. Кейін 1912 жылы зауыт жұмысшыларының балалары оқитын төрт жылдық училищені бітіреді. 1913-1914 жылдары осы зауытта қара жұмысшы болып істейді.
Қазан революциясына белсене араласады. 1918 жылы зауыт жұмысшыларының ұсынуымен Совдеп төрағасының орынбасары болады. 1920 жылы Спасск партия ұйымы Орынбек Бековті партия қатарына мүшелікке қабылдайды.
Осыдан бастап қай салада болмасын алдымен мәдениет құрылысына назар аударады. Алғашқыда жалшы, батырақтардың сауатын ашу, саяси үгіт, мәдени ағарту жұмыстарын жүргізуде, олардың еңбегін қорғауда жігерлі қызмет атқарады. Кейін белгілі журналист, жазушы, театр қайраткері ретінде таныла бастайды.
Орынбек Беков партия, Кеңес, кәсіподақ, халық ағарту, милиция органдарында лауазымды қызметтер атқарады. 1928 жылы Алматыда шығатын «Тілші» газетіне редактор болғанда бұл кездегі тап күресіне өткір қаламымен белсене араласып мақала жазды. «Халық қараңғы, хат танымайды. Латын әрпімен оқытып сауатын ашу керек» деп саяси үгіт жүргізді.
1930 жылдан Қазақ драма театрының директоры болады. Мұхтар Әуезовпен бірігіп «Қазақ мемлекеттік театрының жеті жылдығы» мақаласын жазды. Орынбек М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» дайындап жарыққа шығарды. Еңліктің ролін Орынбектің әйелі, Қазақ ССР-нің халық әртісі Рәбиға Есімжанова ойнады.
О.Бековтің «Совет бике», «Ұлы жолға бір қасық қан» повестері бар. Оны Қазақстан Орталық партия комитеті 1934 жылы Семей театрына директор етіп жібереді, режиссерлік қызметін қоса атқарады. Халық арасында беделі өсіп, қадірі артты.
Сүттей ұйып отырған отбасы 1937 жылғы қуғын-сүргінге тап болады. Түрмеге қамалады. Үйді тінтіп, Орынбектің кітаптарын, жазған әңгімелерін, суреттерін тартып алып кетеді. Әйелін, баласын «Халық жауының отбасы» деп күн көрсетпейді. Оның «Алашорда» қозғалысына тілектес болғанын атақты жазушымыз Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» атты романында былай түсіндіреді: «Спасск, Нілді, Қарағанды заводтарының жұмыскерлер Совдепінен біздің уездік Совдепке өкілдер келді. Іштерінде жолдас Нейман мен Орынбек Бекұлы бар. Заводтың жайы туралы бұлар Совдепке баяндама жасады. Совдептен ақша сұрады. Мылтық сұрады. Заводтардағы жұмыскерлердің мылтық алып, жарақтанғанын бірауыздан мақұл тауып, жұмыскерлер өкілдеріне ақша берілді. Қолда бар мылтықтан мылтық берілді. Совдептен ақша мен мылтықтарын алып болған соң, қызметтен кейін, Орынбек Бекұлы менің пәтеріме келді. Сөйлестік. Бұрын маған Бекұлын «зерек, шешен жұмыскер…» деп Прудов мақтаушы еді. Бекұлының шешендігін Совдепте баяндама жасағанда көріп едім. Қазақ жұмыскерлері, Совет үкіметі, большевик партиясы туралы сөйлестік. «Алашорда» туралы пікірі айқын емес. Біраз түсіндіріп сөйледім… Біраздан соң пікіріміз үйлесті. «Алашорда» туралы пікірі айқындалды. Революцияның жолында енді екпіндірек кірісу керектігін айтып, менімен қош айтысты…».
Шағын үзіндіден оның бойында елім дейтін ер азаматқа тән тұлғалық қасиеттер бар екенін көруге болады.
1937 жылдың мамыр айында ұсталып, көптің бірі болып кете барды.
Л.ТҰРСЫНОВА,
Х.Сәрінжіпұлы атындағы
ЖОББМ-ның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.