АймақПриозерск

Азаттық үшін алаңға шыққан

Приозерск қаласының тұр­ғыны, №2 жалпы білім беретін мектептің директоры Панар Жұмаханова – желтоқсанда жү­регі қазақ деп соққан жастармен бірге алаңнан табылған қайсар қыз. Намысшыл ұстаз бүгінгі күнге дейін оқиға жайлы ешкімге жақ ашпаған. Оны өзінен сұрап білдік.

Сурет П.Жұмаханованың жеке мұрағатынан

– Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында математика-информатика мамандығы бойынша екінші курста оқып жүрген кезім. Жатақханада бірге жататын қыздардың арасында Гүлназ екеуіміздің ас дайындайтын кезегіміз келіп, 15 желтоқсан күні азық-түлік алуға бардық. Сол жерде Дінмұхамед Қонаевтың Қазақ ССР-і бірінші хатшысы қызметінен босатылғаны, ол кісінің орнына басқа басшы келетіндігі туралы естідік. Кезекте тұрған орыстар мен қазақтар сөзге келіп, бір-біріне ауыр сөздер айтып тәжікелесіп жатты. Ақыры ол жерден ештеңе сатып ала алмай, жатақханаға жылап қайттық. Ертеңінде дене шынықтыру сабағына барғанда жастардың алаңға жиналып жатқанын естіп тобымыздағы 25 бала сол жаққа бет алдық. Автобустар алаңға жетпей тоқтады. Автобустан түскен жастар топ-топ болып алаңға қарай жылжыды. Алаңға негізінен жастар шығыпты. Қыздар жағы өте  көп екен. Топтың ортасына сұғына алмайсың. Шетіне  келіп олармен қолтықтаса тұрдық. Мен өзімнің  магинит тартқан шегедей топпен тұтасып кеткенімді байқадым. Шеттегілерді жұлқылаған милиция қызметкерлерінің ешкімді топтан бөліп әкетуге шамалары келмеді. Олар сыналай кіріп тұтасып тұрған халықты ұсақ-ұсақ топ­қа ыдыратпақ болып әрекеттеніп жатыр. Бір уақытта жастарға өрт сөндіру машиналарымен суық сумен атқылап, жәбір көрсете бастады. Бас киіміме шашқан судан мұз қатты. Сол жерде бір қызығы өзімнің немере сіңілім Гүлнар Жұмаханова екеуіміз маңдайымызбен соғыстық. Оның да басына мұз қатып қалған. Ол да жастардан қалмай теңдік сұрап келген екен. Малмандай су болған соң жатақханаға жылынуға қайтып келдік, – дейді Панар Айдарханқызы.

Қайсар жан 16-17-18 желтоқсанда алаңға барған. 17 желтоқсанда мұздай қаруланған әскердің ортасына түседі. Олар жастарға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойған. Сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойылдармен, қарулар көмегімен басшылық демонстрацияны тоқтатуға әрекет етеді. Қоғамдық тәртіп сақшылары өте үлкен өрескел қатыгездікке барған.

– Менің көз алдымнан шәлі жамылған апаның бейнесі әлі күнге дейін кетпейді. Бір азамат әлгі ананы иығына көтеріп алып шықты. Сонда кейуана дауыс зорайтқыш арқылы кеңестік жүйе қысым көрсетіп, қазақты ашаршылыққа, қырғынға ұшыратып, 1937 жылы арыстарымызды зорлықпен атып өлтіргенін ащы ақиқатты жария етті. Бұған дейін арыстарымыз туралы мұндай мәліметті естімеген менің жаным түршігіп сала берді. Жастар сол жерде «Елім-ай», «Атамекен», «Менің елім» әндерін ерекше рухпен шырқады. Бізді қоршап, соққының астына алғанда қашуға қазақтың милиционер жігіттері көмек жасады. Бір орыс жағамнан тартып құлатқанда, жағам жыртылып кетті. Бір қазақ милиционер қолтығыман демеп көтеріп, қашуыма мүмкіндік жасады. Үшінші күн алаңға барғанда бізді жетекші мұғалім ауылдарымызға билет сатып беріп, қайтарды. Ауылым Ақшағылға келгенде анам ұрысты, әкем ештеңе демеді. Сабаққа барғанымыз да жиналыс болды. Тәртібімізді қарап, қатаң сөгіс жариялады. Тіпті, комсомол билетіме «Строгий выговор комсомольца не сознает. Неискренности.» деп қол қойып, мөр басып берді. Желтоқсан оқиғасында жоғалып кетен Хадиша есімді қыз 4 күннен кейін ортамызға оралды. Денесінде сау жері жоқ. Беті жырылған, басы жарылған. Естуімізше, қала сыртына қақаған аязда ұрып-соғып апарып тастаған. Бізді жазалады. Қаңтар айынан бастап Алматының тігін фабрикасына барып 4 ай бойы сабақтан кейін сағат алтыдан онға дейін жұмыс жасадық. Сол уақытта чернобыль апатына көмек үшін деген жай желеу сөз болды. Орыстар бізді сонда кінәлап ауыр сөздерді айтты. Еңбекақы ретінде 450 сомға қол қойып жүрдім. Біздің ауылдың өзінде Оралхан, Абай, Мейрамкүл деген ауылдастарым оқудан шығарылды. Автобус жүргізушісі орыс болса бізді аялдамаға жеткізбей айдалаға тастап кететін. Жалғыз жүргендерді соққыға жығып түрлі қылмыстар жасалды, – дейді кейіпкер.

Панар Айдарханқызы 1988 жылы ақталып, Талғарда, Есік қаласында мұғалім болып жұмыс істепті. Бүгін де №2 жалпы білім беретін мектептің директоры қызметінде.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button