Азаматтық қоғам алғышарты – ортақ диалог
Азаматтық қоғамды дамыту мен қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі. Әрі демократиялық, зайырлы, құқықтық-әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Бүгінде бұл сектордың рөлін арттыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән беріп отыр. Себебі, азаматтық қоғам – бұл қарапайым халық. Сондықтан да, қазақстандық қоғамды құруда әр қазақстандықтың үлесі болуы керек. Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдардың орны орасан. Олардың жұмысы, билік арасындағы диалогты нығайту мәселелері XI Азаматтық форумы алаңында талқыланды.
Қарағанды облысында 900-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Азаматтық сектор аймақтың дамуы мен қоғамның өзекті мәселелерін шешуге белсенді араласады, әлеуметтік жобаларды іске асырады.
Шараның пленарлық отырысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет қатысып, сөз сөйледі.
– Үкіметтік емес сектордың дамуы мен қалыптасуы – демократиялық мемлекеттің негізгі және маңызды құрамдас бөліктерінің бірі, – деді Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан бастап, Қазақстан азаматтық қоғам маңызды рөл атқаратын мемлекет құру бағытын ұстанып келеді. Бүгінде ел бойынша 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 918-і біздің облыста. Олар қоғамдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2,3 млрд. теңге болатын 202 жоба жүзеге асырылуда. Бұл көрсеткіштің өсе беретіні анық. Әділетті Қазақстан құрудағы облыстың алға қойған міндеттерін орындауда үкіметтік емес сектор қомақты үлесін қосады деп сенемін. Біз өз тарапымыздан қашан да жан-жақты қолдауға әзірміз.
Бану Нұрғазиева Қазақстанның XI Азаматтық форумы «Әділетті Қазақстан: барлығы және әрқайсымыз үшін – азаматтық қоғам дамуының басты бағыты» тақырыбымен келер айда өтетінін мәлімдеді.
– Биыл осындай форумдарды әр өңірде өткіздік. Алғашқысы мамырда Жетісу облысында өткен болатын. Ол жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне арналды. Батыс Қазақстанда инклюзия туралы айтылды. Шымкентте жастар саясаты мәселесі қозғалды. Тақырып көп. Енді келесі аптадан бастап, министрлік алаңдарында шағын форумдар өтеді. Осы кездесулерде айтылған ұсыныстар талқыланады. Олардың негізінде мемлекеттік органдармен бірлесіп, Жол картасын әзірлейміз, – деді Бану Нұрғазиева.
Өңірде өткен форум «Әділ Қазақстан құру үшін азаматтық қоғам институттарын шоғырландыру» тақырыбымен ұйымдастырылды. Аймақтағы үкіметтік емес секторды дамыту мәселелерінде өзіндік ерекше дәстүрлері бар. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық салалары қоғамдық ұйымдардың жұмысымен қамтылған. Біздің азаматтық сектор ұйымдары үкіметтік емес ұйымдар, кәсіптік одақтар, этно-мәдени және жергілікті діни бірлестіктер атынан заң шығару жұмысына белсенді қатысады, маңызды әлеуметтік жобаларға бастамашылық жасайды, облыс халқына түрлі қызметтер көрсетеді, мемлекеттік ұйымдармен белсенді ынтымақтасады. Содан болар, шараға отандық және шетелдік сарапшылар, республикалық Кәсіподақ федерациясы өкілдері, діни ұйымдардың, саяси партиялардың өкілдері, Қазақстан халық Ассамблеясының мүшелері, жастар, мемлекеттік органдар қызметкерлері, республикалық және өңірлік үкіметтік емес ұйымдардан келген қонақтар жиналды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында азаматтық қоғаммен өзара әрекеттестікке үлкен мән берілген. Бүгінгі таңда облыста «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, мемлекеттік сатып алу ісіне, жерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға, ұлттық жобалардың орындалуына мониторинг жүргізуді көздейді. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер мен білім беруді жүргізу жұмыстарымен айналысады. Оған кез келген адам қатыса алады. Бұл ретте үкіметтік емес ұйым өкілдері ерекше белсенді болуы керек деп ойлаймын. Жоба биыл тамыздан 2024 жылғы желтоқсанға дейін жүргізіледі, – деді департамент басшысы.
Бүгінде кәсіподақтар қоғамда үлкен рөл атқарады. Ол – азаматтардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында олардың еңбек және өндірістік-кәсіби мүдделеріне сәйкес келетін оның мүшелерінің бекітілген құрамы бар қоғамдық бірлестік. Сондықтан биыл осындай жиынға алғаш рет кәсіподақтар бірлестігі де шақырылыпты. Шара спикерлерінің бірі Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев кәсіподақтың – ең үлкен қоғамдық ұйым екенін айтты.
– Мықты азаматтық қоғам Қазақстанды әр қарай демократияландыру ісіне әсер ете алады. Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында айтқан бастамалары кәсіподақ федерациясының алға қойған мақсаттарымен үндес. Құрамында 2 миллион мүшесі бар кәсіподақ Үкімекте қарапайым адамдар айтатын мәселені жеткізеді. Бұл, біріншіден, еңбекақы мөлшеріне наразылық. Ең төменгі еңбекақы мөлшері төмен. Елді орташа еңбекақы мөлшері 350 мың дегенде бәріміз таңқаламыз. Келер жылдан бастап, ең төменгі еңбекақы мөлшері 85 мың теңгеге жетпек. Одан басқа, қауіпті және зиянды жұмыс орындарында істейтіндерді әлеуметтік қолдауды жетілдіру, зейнетке шығу жасын 55 жасқа төмендету сияқты мәселелер бар. Мемлекет басшысы айтқан бастаманы бұл мәселені шешудегі ілгерілеу деп білеміз. Жұмыс істейтін әр адам үшін әділетті еңбек жағдайы жасалуы керек, – деді Мұхтар Бәкірұлы.
Пленарлық отырыстан кейін форум жұмысы секциялармен жалғасын тапты. Мәселен, азаматтық қоғам институттарын Әділ Қазақстан құруда шоғырландыру өзара іс-қимыл тетігін әзірлемей мүмкін емес. Азаматтық қоғамның ең қуатты құралдарының бірі – саяси партиялар. Олар биліктің өкілді және заңнамалық құрылымдарында көпшіліктің мүддесін білдіре алады. Саяси партиялардың азаматтық қоғамның басқа институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері мен перспективалар тақырыбындағы секцияны Шахмарал Кабулова жүргізді. Кәсіподақтарға қатысты секция жұмысына Татьяна Шатохина модератор болды. Үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес-сектордың өзара әлеуметтік әріптестік қажеттілігі артып келеді. Бұл тақырыпты Қарағанды облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов арнайы секцияда қозғады. Бұл жерде діни ұйымдар діндарлардың ерікті бірлестігі екенін ұмытпаған жөн. Яғни, олар институт ретінде азаматтық қоғамға кіреді. Бұл тақырыпқа қатысты секция жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский жауапты болды. Бұдан бөлек, жастар қоғамдық ұйымдарының басқа азаматтық қоғам институттарымен әрекеттесу мәселелері бесінші секцияда талқыланды. Оны «AMANAT» партиясының орталық аппараты саяси жұмыстар департаментінің бас кеңесшісі Бекарыстан Аманжолов жүргізді.
Шара барысында азаматтық белсенді көзқарасы бар бірқатар қатысушылар облыс әкімінің Алғыс хатымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мысалы, «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігі бес жыл бойы медиация институтын дамытып келеді. Оның президенті Света Шандарбекованың айтуынша, ұйымда құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беретін 40 қызметкер бар. Кәсіби медиаторлар соттармен өзара байланыста, отбасылық жанжалдар мен басқа да дауларды шешуге көмектеседі. Осы және өзге де әлеуметтік бағыттағы жобалар үкіметтік емес ұйымдардың күшімен жүзеге асырылып жатыр. Аймақ басшысы айтқандай, мұндай жобалауға қолдау болады.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО