Қазақ
(ХV-ХХI ғасыр)
Қу басты – қой!
Жұрттың қамын жегенмін,
Көргеннен соң күйкі түрін мен елдің:
«Малым – жанымның садақасы!
Жаным – арымның садақасы!» –
Дегенмін!
Осы күнге бізді Тәңірі жеткізді,
Жеткізді де, өзіне тәу еткізді.
Мына Дүние сүйген…
Сүйе береді –
Тоныкөктің бір тұяғы деп бізді!
Адамзаттың баласына туа бәйік болғам-ды,
Көздерімнің шарасына,
Түңіліп, –
Қан толған-ды;
Өксігенмін өзіме-өзім тең таппай,
Қорғанды да көріп,
Қалың орманды!
Кемел!
Шоң! –
Уытты бір ұрпақ келді менен соң,
Жан-дүнием бекзат нұрға бөленіп:
«Малым – жанымның садақасы!
Жаным – арымның садақасы!» –
Деген соң!
Шығарды да төріне ылғи тексізді,
Ескі ғасыр есіркеген жоқ бізді…
Арқамызға қонды-дағы аруақ,
Қыл көпірден Алашты Алла өткізді!
Аттан түсіп, сары жұртқа қонғанда,
Тігерге бір тұяқ қалмас сол маңда:
«Жаны – малының садақасы,
Ары – жанының садақасы!» –
Болғанда…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ