Қазақ хандарының түп атасы
Биыл елімізде мерейтой көп. Соның бірі де бірегейі – Қазақ мемлекеттілігінің бастауында болған Жошы ұлысының құрылуының 800 жылдығы. Бұл туралы осы жыл басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Сонымен қатар тарихшыларымыздың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады» деген еді. Сондықтан, осы алып елдің басында тұрған Жошы хан өзіміздің қазақ хандарының түп атасы болғандықтан да бұл мерейтой біздің де төл мерекеміз деуге болады.
Жошы – жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның бәйбішесі, Қоңырат Дай шешеннің қызы Бөртеден туған төрт ұлының үлкені. Ол 1182 жылы өмірге келіп, 1227 жылы небәрі 45 жасында қаза болған. Оның тууы мен өлімі әлі күнге сан-саққа жүгіртіледі. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, атасы Есугей баһадүр кездейсоқ кезігіп қалып, меркіт Шиледудің ұзатып әкетіп бара жатқан қалыңдығы Оэлунді тартып алады. Соған өшіккен меркіт тайпасының жігіттері кейіннен әкесі Темучиннің (болашақ Шыңғыс хан) жары Бөртені барымталап әкетіп, Шиледудің інісі Чилегир балуанға күштеп қосады. Сонда жүргенде Бөрте жүкті болып, оны Шыңғыс тұтқыннан босатып алып келгенде, осы Жошы туып, есімі деген соған сай «Жолшы, Жошы» қойылған дейді. Бәлкім, ол Жолшыбай көш жолында туған шығар… Ел аузына қақпақ қоюға бола ма?!
Шыңғыс хан сөйтсе де, оны өзге балаларынан артық көріп, тақ мұрагерлігіне әуелі Жошыны таңдайды. Сол әңгіме үстінде екінші ұлы Шағатай әлгі жағдайды қозғап, шартпа-шұрт болған Жошы екеуін екі інісі әрең айырып, ақыры таңдау үшінші баласы Үкітайға тоқтайды. Бірақ каһарлы әмірші мұны сүйіп қосылған Бөртесінің бетіне мін етіп, бірде-бір рет баспай өтіпті ғой.
Бұл Жошы қолбасылық дарынымен жасынан көзге түсіп, әкесінің барлық жорықтарына қатысады. 1207-1212 жылдары әскерімен Сібір, Алтай, Шығыс Түркістан аймақтарын түгел жаулап алып, 1212-1215 жылдары Солтүстік Қытайды бағындырады. Хорезмді басып алғаннан кейін 1223 жылы әкесінің шақыртуымен құрылтайға келеді. Онда Шыңғыс хан жаулап алған жерінің бәрін Бөртеден туған төрт ұлы – Жошы, Шағатай, Үкітай, Төлеге бөліп береді. Жошының үлесіне Ертістен Орал тауына дейінгі және одан әрі батысқа қарайғы жерлер тиеді. Ол өзінің Ордасын Ертіс өзенінің жағасына тігіп, құрылтайдан кейін әкесімен бірге империя астанасы Қарақорымға қайтқан інілеріне ілеспей, қалып қояды. Тумысынан өжет, батыл, қайпас қайсар ол ешкіммен санаспай, өзінің дербес саясатын жүргізе бастайды. Оның бұл әрекетінен қаһарлы Шыңғыс ханның өзі де қатты қауіптенеді.
Жошы әкесінен алты ай бұрын қаза болады. Ол туралы да алыпқашпа сөздер көп. Бірінде аң аулап жүргенде оны құланның айғыры шайнап өлтіреді. Оған айғақ, облысымыздың Ұлытау ауданындағы Кеңгір өзенінің сол жағалауында тұрғызылған Жошы хан кесенесін археологтар қазғанда, одан табылған ер адам сүйегінің бір қолы жоқ болып шыққан. Негізі, шындыққа осы келіңкірейтін сияқты. Өйткені сүйікті ұлының қазасына аза тұтқан Ұлы Әмірші «Оны естірткен адамның көмейіне қорғасын құямын» деп бұйырады. Бұған ешкімнің батылы жетпей, тек заманының саңлақ күйшісі, атақты қолбасшы Найман Кетбұға жырау қазақтың қара домбырасымен «Ақсақ құлан» күйін тартып, амалы құрыған Шыңғыс оның шанағына еріткен қорғасын құйып, тесігі содан және ел арасында:
«Ақсақ құлан, Жошы хан,
Баласы өлген осы хан», – деген сөз қалған екен.
Енді бір мәлімет бойынша, ол жау жағына шығып кетеді деп үрейленген әкесі Шыңғыс ханның жарлығымен өлтірілген көрінеді. Ол Еуропаны жаулауға үлгере алмай, кейін оны баласы Бату хан жүзеге асырады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Ертістен Дунайға дейінгі алқапты алып жатқан ұланғайыр Жошы ұлысы өз балалары ішінде бөліске түсіп, ел басқарудың ұлыстық жүйесі құрылып, екі қанатқа бөлінеді. Бірінші оң қанатты Бату басқарып, оған өзі мен Жошының бесінші ұлы Шайбанның еншісіне тиген жерлер еніп, ол Алтын Орда аталады. Ал Орда Ежен үлесіндегі Қазіргі Қазақстанның кең байтақ аумағын қамтыған сол қанат Орда Еженге тиесілі болып, Ақ Орда атын алады.
Өтеміс қажы өзінің «Шыңғыс наме» атты еңбегінде бұл туралы былай деп жазады: «Ежен хан (Орда-Ежен) мен Сайын хан (Бату) Тұралы ханның қызынан туған. Жошының қалған 17 ұлы – басқа әйелдерінің балалары.
Бұл Ежен хан мен Сайын хан хандыққа таласпай, бір-біріне жол берген. Сонда жасы кіші Сайын хан ағасына: «Сен менен үлкен ағам болғандықтан әке орнына әке бол. Яғни, сен менің әкемсің. Біз басқа елге бара жатырмыз. Сен хан бол!» дегенде, Ежен: «Рас, менің сенен жасым үлкен. Бірақ әкеміз сені өте жақсы көріп, еркелетіп өсірді. Осы күнге дейін мен де сені әлпештеп, саған бағынып келдім. Егер мен хан болсам, өз хандығымды өзім жоямын да, ал сен хан болсаң, менің хандығымды жоймайсың» дейді.
Сөйтіп, Алтын Орда тағына Бату отырды да, оның әулеті қашан өз әкесі Әз Жәнібекті өлтіретін «Нар мойыны кесілген Бердібек ханға» (1357-1359 ж.ж.) дейін 6 ата бойы билік құрып мүлдем үзіледі. Бату (1227-1255 ж.ж.), Берке (1257-1266 ж.ж.), Мөңке Темір (1266- 1280 ж.ж.), Туда Мөңке (1280-1287 ж.ж.), Төле бұғы (1287-1291 ж.ж.), Тоқты (1291-1312 ж.ж.), Өзбек (1312-1342 ж.ж.), Әз Жәнібек (1342-1357 ж.ж.). Алайда Бату мен Берке хандар тұсында Алтын Орда әлі де Қарақорымға бағынып, тек 1269 жылы ғана Батудың Тоқтайдан туған немересі Мөңке Темірдің хандық дәуірінде империядан ірге ажыратып, өз алдына мемлекет болып бөлінеді. Себебі, бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, сол 1269 жылдың көктемінде қазіргі Тараз қаласының маңында Талас құрылтайы өтеді. Бұл бір кезде Шыңғыс хан құрған алып державаның соңғы жиыны болып, оған қатысқан Шағатай ұрпағынан Барақ, Үкітайдан Хайду, Жошыдан Мөңке Темір хандар өткендегі өкпе-араздықтарын тастап (әрине, уақытша) өздеріне қараған жерлерінің бәрін үш бөлісіп, қыстау-жайлауларын белгілейді. Соның нәтижесінде Мауераннахр жерінде Моғолстан мемлекеті тарих сахнасына шығады. Міне, сол жыл тәуелсіз, дербес Алтын Орда мемлекетінің шын мәнінде құрылған мерзімі деп есептелініп, биыл оның 755 жылдығын тойлауға тиіспіз.
Жоғарыда алғаш сөз болған Алтын Орданың тізгінін інісі Батуға ұстатқан Орда Еженнің өз аймағында Шығыс Дешті Қыпшақта осыған бағынышты Ақ Орда хандығын құрғанын айтқанбыз. Бұл мемлекеттің құрамына оның еншісіне тиген және кіші інілері Шайбан, Шингкур, Тоқа Темір үлесіндегі жерлер еніп, астанасы басында Шығыс Қазақстандағы Алакөл маңында орналасып, кейін оңтүстіктегі Сығанақ қаласына көшіріледі. Оны құрып, тұңғыш ханы болған Орда Еженнің беделінің күштілігі сондай, тек Бату ғана емес, Қарақорымдағы империя тағына Күйікті де, сосын Мөңкені де отырғызады. Оның осы шешімі мен жаңа хан, Төленің ұлы Мөңкеге қарсы шыққан Шағатай, Үкітай әулеті ханзадаларын өлім жазасына кескен де бір өзі. Тарихшы Рашид ад-Диннің жазуынша, Мөңке қаған (1251-1259 ж.ж.) өз жарлықтарында оның есімін қашанда Батудың алдына қойған.
Тіпті, қаһарымен жер-дүниені қалтыратқан Шыңғыс ханның өзі Жошыдан туған немерелерінің арасынан осы Орда Ежен мен Батуды, бесінші ұлы ержүрек Шайбанды ерекше жақсы көрген екен. Бірде аталары шақыртқан құрылтайға Жошының 19 ұлы тегіс барыпты. Сонда ол Батуға арнап, алтын босағалы ақ үй, Орда Еженге күміс босағалы көк үй, Шайбанға болат босағалы боз үй тіктіреді. «Ата – балаға сыншы» демекші, сол болжамы айнақатесіз дәл келеді. Айтқандай-ақ, осы үш немересі мен олардың үрім-бұтақтары Жошы ұлысын неше ғасыр билеп-төстеді. Соның Бату ұрпағы Алтын Орданы 130 жылдан аса (1227-1359) билесе, Орда Ежен әулеті Ақ Орданы 200 жылдан артық (1226-1428 ж.ж.), кейін құрылған қазақ хандығын ең ақырғы Кенесары хан өлгенге дейін 383 жыл (1465-1848 ж.ж.) басқарды. Ал Шайбан әулетінен Сібір хандары Көшім, Ибақ, Өзбек ұлысының хандары Әбілқайыр, Мұхаммед Шайбани, Әбілқайыр, Абдолла хандар шыққан. Ал ұлы Әмірші атасынан еш босаға бұйырмаған Тоқа Темірден Алтын Орданы соңғы рет қайта біріктірген атақты Тоқтамыс хан мен Дәулет Қажыгерей бастаған (1443-1468 ж.ж.) Қырым және Астрахань хандары, Шайбанидтерден соң Бұхара хандығының билеушілері, Астрахань хандарының тұқымы Аштарханидтер тарайды.
Бұған дейін Ақ Орданың ханы Барақ болған дегенбіз. Оны 1428 жылы Ноғайлының мырзалары, Ер Едіге бидің немерелері Қазы мен Наурызбай билер өлтіріп, орнына Сібірден шайбанид Дәулет-шейх сұлтанның ұлы 17 жастағы Әбілқайырды отырғызып, Орда Ежен ұрпақтары 40 жылдай биліктен шеттеледі. Тек Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлініп, 1465 жылы Моғолстан жерінде тұңғыш қазақ хандығын құрған сәттен қайта жалғасады. Басын ашып айту керек, екеуі де алдындағы Ақ Орда ханы Орыстың шөберелері, біреуі Орыстан Тоқтақия, одан Әнике-Болат, одан Керей, екіншісі Орыстан Құйыршақ одан Барақ, одан Жәнібек болып тарайды. Бұл екеуі де кешегі бабалары Орда-Ежен мен Бату ұстанған тәртіпті бұзбай, тақ мұрагері Жәнібек өзінен жасы үлкен ағасы Керейге жолын береді. Міне, содан бастап, Қазақ хандығының дәуірі басталады. Бұдан кейін Орда Ежен әулетін басқа чингизидтер алмастырмаған.
Осыған байланысты Санкт-Петербургтік ғалым, тарих ғылымдарының докторы Т.Сұлтановтың 1982 жылы жарық көрген «XV-XVIII қазақ хандарының хронологиясы мен генеологиясының материалдары» атты еңбегінде (111-121 б.б.) жасаған алғашқы қазақ мемлекетінің хандарының тізімі мен ел басқарған жылдарын келтіргенді жөн көріп отырмыз:
1. Керей – 1465-1470 ж.ж.
2. Жәнібек – 1470 -1474 ж.ж.
3. Бұрындық – 1474-1511 ж.ж.
4. Қасым – 1511-1518 ж.ж.
5. Мамаш – 1518-1522 ж.ж.
6. Тахир – 1523-1532 ж.ж.
7. Бұйдаш – 1532-1549 ж.ж.
8. Хақназар – 1549-1580 ж.ж.
9. Шығай – 1580-1582 ж.ж.
10. Тәуекел – 1582-1598 ж.ж.
11. Есім – 1598-1614 ж.ж.
12. Тұрсын – 1614-1627 ж.ж.
13. Есім (екінші рет) – 1627-1628 ж.ж.
14. Жәнібек – 1628-1644 ж.ж.
15. Жәңгір – 1644-1652 ж.ж.
16. Тәуке – 1680-1718 ж.ж.
Ендеше, біздің қазақ хандарының түп атасы Жошы болады да, оның ұлдары Бату мен Орда Ежен құрған Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекеттерінің заңды мирасқоры Қазақ хандығы, Жошы ұлысының – 800, Алтын Орданың 755 жылдық мерейтойлары біздің де тойымыз деп айтуға толық хақымыз бар.
Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz