АймақБұқар жырау

«Қаныш жолы» жобасы қанат қақты

Бұқар жырау ауданында мектеп оқушыларына ғылыми білім беруді және олардың зерттеушілік қабілетін арттыруға бағытталған «Қаныш жолы» бағдарламасы іске қосылып, жүзеге асырыла бастады.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бұл жоба бағдарламасының бастамашысы болған да түбі бұқаржыраулық ғалым, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанындағы «Akylbaev research center» технопаркінің директоры, PhD, профессор Асылбек Зейниденов еді. Ол осыдан екі жыл бұрын осындағы аудандық Мәдениет үйінде жерлес ғалым, Қаныш Сәтбаевтың шәкірті, академик Арықтай Қайыповтың туғанына 110 жыл толуына арналған салтанатта жасаған баяндамасында осы мәселені көтеріп, келешекте аудан оқушылары арасынан Қанағаң мен Арықтай ағасының жолын қуатын жас ғалымдарды тәрбиелеп, көптеп шығару туралы ойларын ортаға салған болатын. Мұны сол жиынға қатысып отырған Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын да бірден қолдаған.

Міне, осыдан кейін Асылбектің идеясын жақтаушылардың қатарына осы аудандағы Ақжар ауылының тумасы ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы стероидті қосылыстар химиясы зертханасының меңгерушісі Бораш Төлеуов, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті «STU-ENGEERING» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Оюм Балабаев және тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жамбыл Жұмабеков қосылып, осы жобаны бірлесе қолға алған.

Бұл жобаның бағдарламалық мақсаты – аудан мектептері оқушыларын жетекші ғалымдармен кездестіру арқылы олардың ғылымға ықыласын, Қаныш Сәтбаев сынды ұлы тұлғаның ғылыми мұрасын насихаттап, патриоттық сезімдерін ояту, инновациялық технологиялармен таныстыру, білім мен ғылымдағы трендтерді ауыл жастарына жеткізу, функционалдық сауаттылықты дамыту, оқушылардың сыни ойлауын, жобалық және зерттеу қабілеттерін жетілдіру, тең мүмкіндік беру, ауылдық жерде тұратын балалардың да қалалық оқушылар сияқты ғылыми ортамен араласуына жағдай жасау.

Қарағандылық ғалымдардың бастамасын бірден қолдаған Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын олардың аудандық білім бөлімінің жыл соңындағы қорытынды жиындарына қатысып, мектеп басшыларымен жүздесіп, өз ойларын айтуына бірнеше рет мүмкіндік беріп, оларды өзі де арнайы қабылдады. Соның барысында дарынды оқушыларды қолдау, олардың зерттеушілік дағдыларын дамыту және ғылымға ерте жастан баулу үшін бірыңғай алаң құрудың қажеттігі атап өтіліп, оның қорытындысы негізінде ауданның жазғы мектептегі оқушыларына арналған «Қаныш жолы» ғылыми білім беру бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ, ауданнан шыққан ғалымдар қауымдастығын құру және «Бұқар жырау ауданының ғалымдары» энциклопедиясын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын қалыптастыру туралы шешім қабылданған.

Осыдан кейін аталған ғалымдар тобы Керней тірек мектебінің жазғы демалыс аймағына барып, аудандық білім бөлімінің басшысы Абылай Жәлелов «Қаныш жолы» жас зерттеушілер Академиясының ашылуымен құттықтап, оның мақсат, міндеттерін түсіндірді.

Жазғы мектеп шәкірттері алдында PhD, профессор Асылбек Зейниденов заманауи білім беру трендтері мен инновациялар туралы айтса, профессор, техника ғылымдарының кандидаты Оюм Балабаев жас зерттеушілерге техникалық шығармашылықтың қыр-сырын ашып көрсетіп, ал, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жамбыл Жұмабеков қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы және ұлттық ойдың дамуы жайында құнды дәріс өткізді.

– Айта кету керек, бұл Бұқар жырау ауданында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ғылыми бағыттағы жазғы мектеп болса, болашақта мұндай шаралар дәстүрге айналып, ауыл жастарының ғылыми әлеуеті артуына негіз қаланатын болады, – дейді Асылбек Зейниденов.

Енді «Бұқар жырау ауданының ғалымдары» энциклопедиясын әзірлеуге байланысты құрылған жұмыс тобы осы өңірден шыққан ғалымдардың өмірі мен қызметі, ғылыми еңбектері мен алған атақ-дәрежелері, марапаттары жөн­­­інде мәліметтер жинастырып, ол кітапты осы биылдан қалдырмай жарыққа шығару қамында.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button