Балқаш

Аялдамалар ажарланып келеді

Бүгінде Балқаш қаласының әкімдігі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Отыз жылдыққа – отыз аялдама» акциясы аясында аялдамаларды қайта жаңғыртуды қолға алып отыр. Қазіргі кезде қала аялдамаларында белгілі тұлғалардың суреті мен өмірбаяны, шығармашылығы орналастырылып, ұлттық нақыштағы оюлармен безендіріліп, шаһардың сәнін келтіруде.

Жуырда тағы бір аялдамасы Ұлы даланың билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналып безендірілді. Автобус аялдамасынан қала тұрғындары қазақ халқының XVII – XVIII ғасырдағы мемлекет және қоғам қайраткерлері, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан ұлы үш бидің өмірімен, кемеңгерлікке толы әділ де ғибратты кеңестерімен таныса алады.

Айта кетейік, аталмыш аялдаманың сыртқы келбетін өзгертуде демеушілік көрсеткен – Балқаш қаласының кіріс басқармасының мекемесі. Аялдамаларды безендіру шығындарын жергілікті мекемелер, ұйымдар, кәсіпкерлер көтеріп отыр. Бұған бюджеттен бір тиын да қаржы қарастырылмаған. Жақын арада тағы да бірқатар аялдамалар тақырыптық безендіріледі.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button