Жаңалықтар

Ауыл – азаматымен ажарлы

    «Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, еңбегімен құрметке бөленген азаматтың бірі – Сейітжаппар НЫҒМЕТОВ. Ол – Нұра ауданындағы «Қайнар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, аудандық мәслихат депутаты.

Қорғалжын өңірінде дүниеге келген Сейітжаппар Алшынбекұлы орта мектепті үздік бітіріп, бірден Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскен. Жоғары білімді жас маман жолдамамен Нұра ауданының «Трудовик» кеңшарына келіп, еңбек жолын бас зоотехник болып бастады. 10 жыл еңбек етті, тәжірибе жинады, білімін толықтырды. Өзінің таңдап алған мамандығына берілген жас маманның еңбекке қабілеті бірден байқалды. Жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттерімен еңбек ұжымына тез сіңіп, абыройға ие болды. 1994 жылы жас маманның кәсіби, басқару қабілетін ескере отырып, аудан басшылары оны Нұра мал бордақылау бірлестігіне директор етіп тағайындады. Бұл кез өмірге нарық түсінігі еніп, жаппай жекешелендірудің басталған кезеңі болатын. Заман талабын ескере отырып, бәрін ой елегінен өткізген Сейітжаппар Алшынбекұлы шаруашылықты қайта құруға кірісті. Еңбек ұжымымен бұл мәселені жан-жақты талқылап, бірігуге бел буды. Ауыл ақсақалдары, әріптестері оған сенім артты. Сөйтіп, дүниеге «Қайнар» ЖШС келді.

Бүгінде шаруашылық 30 мың гектар жерге дән сіңіріп қана қоймай, мал шаруашылығын дамытумен, мал тұқымын асылдандырумен де жүйелі түрде айналысуда. Шаруашылықтың экономикалық жағдайы мығым, машина тракторлық парк жыл сайын отандық және шетелдік техникамен жаңартылуда, мал тұқымын асылдандыру мақсатында қазақтың Әулиекөл тұқымды ірі қарасы өсірілуде. Сонымен қатар, Сейітжаппар Алшынбекұлы ауылдың әлеуметтік жағдайына ерекше мән берді. Нәтижесінде, ауылдың бүгінгі келбеті көзтартарлық. Ауылдық дәрігерлік амбулатория, кірсе шыққысыз Мәдениет үйі, үлкен қалалардыкінен кем түспейтін «Қайнар» мейрамханасы, 50 орындық монша, наубайхана – осының бәрі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында шаруашылық қаржысына жасалған игі істер. Ауылдастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытуда Сейітжаппар Алшынбекұлының орны тіптен ерекше. Ауылда үлкен спорттық зал мен спорт алаңы, фитнес залы бар. Шаруашылық қаражатынан мешіт те тұрғызылды. Биылғы жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы балабақша іске қосылды. Бұл дегеніміз, әсіресе, жас отбасыларға көрсетіліп отырған қамқорлық.

– Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.

Елбасы тарапынан ауыл шаруашылығына, ауылға деген қолдау үнемі көрсетілуде. Соның нәтижесінде, біз бүгін табысты еңбек етіп, дамып келеміз. Біз өз Отанымыз – Қазақстан Республикасының дамуы мен өркендеуіне өз үлесімізді қоса отырып, Елбасы бастамаларын әрдайым қолдап келдік және қолдай береміз. Біздің соңымыздан ерген ұрпақтарымыздың арасынан елім деп еңбек ететін азаматтар көбейе берсін. Әрбір саналы азамат үшін өз халқына қызмет етуден үлкен бақыт жоқ. Еліміздің абырой-беделі  әрі қарай өрлей берсін, – дейді Сейітжаппар Нығметов.

Ауылдастары Сейітжаппар Алшынбекұлының Атымтай-жомарттығы жайлы да аузының суы құрып айтады. Ол мектепке, ауруханаға қайырымдылық жасап тұрады.

– Баршамыз Елбасы қойып отырған жаңаша міндеттер, нақтыланған тапсырмалар төңірегінде ұмтылыс пен құлшыныс танытуға тиіспіз. Сонда ғана қол жеткізген жеңістеріміз жалғасын табады. Әрбір адамды істің көзін табуға, еселі, ерен еңбекке жұмылдырайық! Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Ауыл – біздің қастерлі ата қонысымыз, тіршілік-тынысымыз, киелі алтын тамырымыз. Ауыл шаруашылығы қашанда ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі болған, солай бола береді де», деген еді. Расында, ауыл – қазақтың негізгі күретамыры, алтын бесігі. Сондықтан, ауыл шаруашылығын дамыту – елді мекендердің еңсесін тіктеу, ауылдардың ажарын кіргізу – біздің басты міндетіміз, – деп қорытты өз ойын еңбек озаты Сейітжаппар Нығметов.

Бикен АХМЕТОВА,

ҚР Журналистер

одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button