Жаңалықтар

Ауылға инвестиция келе жатыр

Өңірде ауыл шаруашылығы саласының қазіргі қарқыны бәсеңсімейді. Оған мемлекет тарапынан қолға алынған түрлі инвестициялық жобалар тиісінше себін тигізуде. Тек қана жерді ұтымды игеріп, дұрыс саясат ұстана білу керек. Мәселен, инвестициялық жобалардың Жол картасына сәйкес, 2022-2026 жылдар аралығындағы кезеңде облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында 141 млрд. теңге сомасына 72 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл – 3 123 су жаңа жұмыс орны. Бұл турасында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов кеңірек тоқталып өтті.

Аталған жобаларды жүзеге асыру, экспортқа бағдарланған сапалы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін ұлғайту есебінен ішкі нарықты жергілікті өніммен толықтыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуда.

– Заманына қарай тәсілі. Биыл еліміз бойынша агроөнеркәсіп кешені саласында – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қаржыландыру есебінен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру әдісі қолға алынды. Бұл тәжірибе, екі жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысында оң нәтижесін беріп, 2 жылда 7 бағытта 31 жоба жүзеге асырылды, – деп мәлімдеді спикер.

Тұтас республика бойынша тың тәжірибені жаппай қолдану үшін 400 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Қаражат құс еті, сүт өндіру бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сонымен қоса, көкөніс өсіруге суармалы жерлерді қалпына келтіру жобаларын және көкөніс сақтау инфрақұрылымдарын іске қосуға бағытталатын болады. Осы арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру әрі жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауыл тұрғындарының табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік бермек.

Жоғарыда аталған тәжірибені жаппай қолдану мақсатында 2024-2026 жылдар аралығында облыста іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне жалпы сомасы 59,7 млрд. теңгені құрайтын 41 жоба ұсынылды. Ал, келер жылға жалпы сомасы 33,7 млрд. теңгені құрайтын 31 жобаны іске асыру көзделуде. Облыста сәтімен жүргізіліп жатқан бірнешеуіне тоқталып өтсек.

Мәселен, Қарқаралы ауданында «Атамұра Табыс» ЖШС «Абердин ангус» тұқымды ірі қара малдың аналық басын 345 млн. теңге сомасына 500 басқа дейін ұлғайтуды жоспарлауда. Бұл – Шотландияның ежелден абердин және ангус графтықтарында пайда болып «кір тартатын», мүйізсіз ерекше тұқым. Әдетте, фермерлер ірі қараның бұл түрін етінің молдығына қызығып өсіреді. Ендігі меже – мал санын көбейтіп, игілікке жарату.

Ал, Бұқар жырау ауданына қарасты «Лайф актив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлескен құны 1 млрд. теңгені құрайтын 7 600 тонна картоп сақтауға арналған қойма салу инвестициялық жобасы сәтті іске асты.

Бұдан өзге биыл республикада шағын несиелеу есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту жолымен ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны іске асыру басталды.

Алдағы 7 жыл ішінде республика бойынша 1 млн-нан астам ауыл тұрғындарын қамтып, 350 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке жұмылдыру көзделіп отыр. 2023 жылы жобаны іске асыруға 11 мың шағын несие беру жоспарымен 52,4 млрд. теңге қарастырылды. Оның ішінде Қарағанды облысы үшін биыл 3,4 млрд. теңге бөлінді.

Жобаның мақсаты – ауыл халқының өмір сүру деңгейі мен экономикасын көтеру. Негізгі міндеті – ауыл халқының табысын арттыру. Сәйкесінше облыстың барлық аудандарында жұмыс топтары құрылды. Елді мекендерде несие берудің негізгі талаптары мен ережелерін түсіндіру бойынша тұрғындардың жиындары өткізіледі.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрінісін анықтау үшін барлық ауылдық округтерге скрининг жүргізілді. Скрининг нәтижелері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесіне келісу үшін жолданды. Сенімді агентті айқындау жөніндегі ашық конкурстың қорытындысы шығарылды.

Сондай-ақ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында аудан әкімдері орынбасарларының, ауылдық округ әкімдерінің және «Сарыарқа ӘКК» АҚ кредиттік бөлімі өкілдерінің қатысуымен «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесінің тренерімен арнайы семинар кеңес өткізілді. Бүгінгі күні әлеуетті қарыз алушылардың микрокредиттер алуға өтінімдерін қабылдау бойынша жұмыс басталып та кеткен.

Микрокредиттер беру мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығын қайта өңдеу саласына, техника мен аспалы жабдықты сатып алу сынды маңызды бағыттарға арналады.

Редакция тілшісінің «қазіргі кезде агроном мамандығына сұраныс бар ма?» деген сауалына Сырым Бейсебайұлы былайша жауап берді:

– Агроном – қашанда сұранысы жоғары мамандық. Бұрынғыдай әр кеңшар мен бөлімшеде бір-бір агроном болмағанымен, ірі шаруашылықта кәнігі мамандар кезігеді. Облыста егіншілікпен айналысатын Осакаров, Нұра, Бұқар жырау, Абай аудандарында республика деңгейіндегі білікті мамандарды қабылдап жатады.

Бүгінде оң нәтиже көрсетіп жатқан инвест бастамалар жалпылай алғанда, өңір экономикасы, ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды. Жоспардағы бар істер кәдеге жарап, оң шешімін тапса, ауыл жұртының ғана емес, барша ел халқының ертеңгі хал-ахуалы жақсарары кәдік.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button