Руханият

Атажұртқа оралған аманат

«Ең соңғы солдат жерленбей соғыс бітпейді» деген сөз бар. Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Қарағанды облысының тумасы, жауынгер Қалхай Сармантаевтың туған-туыстарына «Ерлігі үшін» медалі, жеке заттары мен бейітінің бір уыс топырағы тапсырылды.

Қалхай Сармантаев 1943 жылы майданға аттанған. Екінші Балтық майданының 288-ші Днов атқыштар дивизиясының 1014-ші атқыштар полкінің қатарында соғысқан. Жеңіске үш ай қалғанда қайтыс болған.

Ерлікпен қаза болған жерлес жауынгер сүйегі 2023 жылы Латвияда Сeļš іздеу отрядының далалық сапары кезінде қабірстаннан табылған. Жауынгер мүрдесін «Ерлігі үшін» медалінің нөмірі бойынша анықтаған. Қарағандылық жауынгердің қолданған жеке заттарынан темір қасық пен қайрақ табылған.

– Тек Қарағанды облысынан 45 мың адам сол сұм соғысқа аттанды. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз батырлықтың өшпес үлгісін көрсетіп, есімдерін адамзат тарихына алтын әріптермен жазды. Atamnyn Аmanaty қоғамдық бірлестігінің өкілдері осындай қаһармандарымызды ұмытпау үшін, ұлықтау үшін қыруар жұмыс атқаруда, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын Достық үйінде сарбаздың туыстарымен болған кездесуде.

– Ұйымның негізгі миссиясы – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан аумағынан майдан даласына шақырылып, хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу. Орта Азия бойынша жүйелі мұрағаттық іздестіру әрі далалық зерттеумен айналысатын жалғыз бірлестікпіз деп айтсақ болады. Майданнан қайтпаған жақын-жуығын іздер жан болса, form.ata-amanaty.kz web-сайтына көз жүгіртіп, иә болмаса, +7-771-287-21- 11 жедел желісіне қоңырау шала алады. Қосымша іздеу салу мақсатында Instagram: ata.amanaty, Telegram: t.me/ata_amanaty_2023 парақшаларына әркім тиісті өтінішін қалдыра алады. Бүгінде біз 7,5 мыңнан астам өтінім алдық. Оның 2000-ы сәтімен орындалды. Орта есеппен ай сайын біз 50-ге жуық жауынгер һақында дерек пен дәйек тауып жатамыз. Тек соңғы екі жылда ғана із-түзсіз кеткен 19 жауынгердің сүйегі атамекенге жеткізілді. Өкінішке қарай, Қалхай Сармантаевтың сүйегін атажұртқа әкелу мүмкін болмады. Сәйкестендіру медаль бойынша болды, – деді Atamnyn Аmanaty қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Atamnyn Amanaty бірлестігінің өкілдері Қалхай Сармантаевтың ұрпақтарын – туған немерелері Бірлік пен Серік Қалқаевты іздеп тапты. Олар аталарының Қарағанды облысындағы Ленин колхозында басшылық қызмет атқарғанын баяндады. Жауынгер жоғары білімді болған, тіпті, өлең де жазған көрінеді. 1943 жылы майданға кеткенде оның соңында әйелі мен үш баласы қалған. 1945 жылы қаралы хабар келген. Қарағандылықтың Латвия үшін шайқаста қаза тапқаны туралы хабарланды. Бірақ қай жерде жерленгені көрсетілмеген.

– Біздің атамыз Қалхай Сармантаев 1943-1944 жылдары үш рет жараланып, 1945 жылы 28 қаңтарда қайтыс болды. Өткен жылы оның қай жерге жерленгенін білдік. Atamnyn Amanaty бірлестігіне риясыз ризашылығымызды жеткіземіз. Біз атамыздың қабірінен жеткен топырақты Ақтоғайдағы зиратқа апарамыз. Амал қанша, атамыз һақындағы мағлұмат аз. Бірақ, үлкендердің айтуынша, ол 13 жыл колхозда жұмыс істеген, 43 жасында өз еркімен соғысқа аттанған. Артында екі қызы мен ұлы қалған, – деп бөлісті сарбаздың немересі Серік Қалқаев.

Мұрат Молдағалиевтың айтуынша, бүгінде Мәскеуде сараптамадан өтіп жатқан тағы үш қазақстандық сарбаздың сүйегі бар.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button