Жырмен өрілген рухани кездесу
«Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы жанындағы TAMYR оқырмандар клубының кезекті отырысы өтті. Кездесу Мұхтар Әуезов атындағы Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесімен бірлесіп ұйымдастырылды. Мағжан айлығы аясында өткен «Жыр болып жүректе қалған Мағжан» атты поэзия сағатында қатысушылар ақынның мол әдеби мұрасын кеңінен зерделеп, шығармаларындағы ұлттық рух, адамгершілік құндылықтар мен азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Мағжан поэзиясының бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен рухани құндылықтарды дәріптеудегі орнына назар аударды.

Кездесуге ақын, тіл жанашыры, Қарағанды қаласындағы «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Эльмира Сайлауқызы қатысып, Мағжан поэзиясының тәрбиелік мәні мен жас ұрпақтың рухани қалыптасуындағы маңызына тоқталды. Жыр сағатында Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның оқушылары Тоқтар Кәрібаев пен Бекнұр Сыздықов ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, поэзиясынан нәр алды. Кездесуді бірлестіктің жас жанашыры Нұрайым Жұмабек жүргізді.
Басқосуға бірлестік жанашырларымен қатар жас ұстаздар мен кәсіпкерлер де қатысты. Бірлестіктің белсенді мүшелері Дулат Омаров пен Замзагүл Мамалинова Мағжан мұрасының тағылымдық мәні туралы ой бөлісіп, ақын шығармашылығының бүгінгі қоғамдағы рухани маңызына тоқталды.
Айта кетейік, TAMYR оқырмандар клубы – кітап оқумен ғана шектелмей, оқыған дүниесін ой елегінен өткізуге, өзін-өзі тануға және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге ұмтылатын орта. Бұл тұрғыдан алғанда, Мағжан мұрасын зерделеу – өткеннің өнегесін тану ғана емес, жас ұрпақтың азаматтық санасын қалыптастырып, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірудің де маңызды жолы.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



