Приозерск

«Ата-ана – адамзаттың бағбаны»

    Жуыра Приозерск қаласында «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңін ұйымдастырушылар көп балалы, еңбекқор, салауатты, өнерлі, табысты, өнегелі отбасыларды іріктеді.

Ақтық кезеңде Омарбаевтар, Жұманиязовтар, Бердібековтер, Нұрлыбаевтар және Омаровтар сахна төріне көтерілді. Бұл отбасылардың тұрмыс-тіршілігін бейнебаяннан пайымдап, өздерімен сахнада танысқан жұртшылық әр шаңырақтың шапағатын сезіне қошемет көрсетті.

Приозерск, негізі, әскерилер қаласы. Сондықтан болар, алғашқы болып әскери полиция автомобиль бөлімінің басшысы, «Мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері Қанат Тиыштықұлы мен «Балақай» балабақшасының тәрбиешісі Сайрангүл Алтынбайқызы бес жасар Хадианы жетектеп алдарына шыққанда елдің ықыласы ерекше болды. Сәні мен сыйы жарасқан Омарбаевтар отбасы «Ынтымақты отбасы» аталымын иеленіп, лайықты марапаттарын алды.

«Әке – асқар тау, ана – аққан бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Дәл осы нақыл он бала өсірген Жұманиязовтар отбасына арналғандай. Ұл-қызын ұлттық салт-дәстүр мен қазақи тәрбиенің уызына қандырған шаңырақ иелері – Асқар Қалдыбайұлы мен Сәрсенгүл Төрткүлқызы ұлағатты ұстаздар қауымынан. Ата-ана жолын қыздары Роза жалғастыруда. Тағы екі үлкен баласы еңбекке араласқан. Екеуі – студент, бесеуі – мектеп қабырғасында. «Алтын алқа» тағынған Батыр ана мен Ұстаз әке шаңырағы «Өнегелі отбасы» аталымына лайық құрметтелді.

Ана – өмір мерекесі, әр үйдің берекесі. Қиындыққа қайыспай, тағдырдың тауқыметін жеңе білген Күнзада Махамедиқызы – бір әулеттің көшбасшысы. Жастай жесір қалса да, бес ботасын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жеткізді. Өмірден ерте озған ұлы Ерланының екі баласына өзі қамқоршы. Қалалық аурухананың шаруашылық бөлімін тап- тұйнақтай тиянақты басқарып келеді. Үлкендері оқып, мамандық игеріп, отбасыларын құрып, үш-төрттен сәби өсіріп, ана үмітін ақтады. Тек, ең кішісі Жандос қана мектеп оқушысы. Міне, «Шапағатты отбасы» атанған Бердібековтер отбасы Әйел-ана мен саналы ұрпақ құдіретін паш етті.

Балаларына жақсы тәрбие беріп қана қоймай, тұнып тұрған табиғи таланттардың көзін ашу – Нұрлыбаевтар әулетіне әуелден дарыған деседі. «ПЧ-47» кәсіпорнында аға шебер болып жұмыс істейтін Марат Файзоллаұлы – шығармашыл жан. Өлең жазады, қыл қаламын қолға алса, ғажап суреттер салады. Жары Гүлшан Ердосқызы жеке кәсіппен айналысады.

«Бесігі түзу елдің болашағы жарқын» деген мәтелді отағасы жиі айтып жүреді. Жұмыс барысында талай адамды тілсіз жаудан – өрттен арашалап қалған ол – алғыс арқалаған, қайырымды жан. Қарт аналарын аялап, алақандарына салып, бағып күтуі де – шаңырақтың шаттығын еселей түсуде. Өздерінің төрт баласымен қоса, тағы бір бүлдіршінді қамқорлыққа алған. «Өнерлі отбасы» аталымы – Нұрлыбаевтар әулетінде.

Байқауды Омаровтар отбасы қорытындылады. Тамырын тереңге жайған шаңырақта бедел де, атақ-абырой да жетерлік. Екінші топтағы мүгедек болса да, үй иесі Шадыбай Серікбайұлы жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Ал, оның 41 жыл отасқан сүйікті жары Приозерск қалалық Ардагерлер кеңесін басқарып келеді. «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің иегері, облыс, қала әкімдерінің Құрмет грамоталарын алған Ярашық Кармысова әлі де еңбектен қалған жоқ. 5 бала, 12 немере сүйіп, бақытты ата-әже атанған Омаровтар қалалық комиссияның шешімімен «Мерейлі отбасы» атанды.

Бұл отбасының үлкен ұлы Нұрлан да – көп балалы әке. Басқа балалары – әр саланың білікті мамандары, елге сыйлы, өз ісіне мығым, еңбеқор азаматтар.

«Ата-ана – адамзаттың бағбаны» деген тәмсіл бар. Әр ата-ана, әр шаңырақ, әр отбасы бесігін түзу ұстап, ұрпаққа ұлағатты тәрбие берсе, өмірлерін өнеге етсе, сайып келгенде, жалпы адамзаттың адамгершілік қасиеті артар еді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы осы құндылықтарды құнарландыра түсуде.

Серікгүл АЛТАЙБАЕВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button