Ғасырды жалғаған ән кеші
Кеншілер мәдениет сарайында ақын, композитор, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Төребек Құтжанұлының «Көңіл сырлары» атты ән кеші өтті. Сахнада атақты әншілер сазгердің музыка әлеміндегі ерекше әндерін шырқады.
Кешке халық көп жиналды. Сонымен қатар, сазгердің ауылдастары, сыныптастары да алыстан ат терлетіп келген екен.
– Төкеңмен осы уақытқа дейін тек онлайн таныс едім. Осыдан екі ай бұрын сазгерлер отыратын топтан арнайы шақырту алдым. Бұл кісі халықтың үнімен, халықтың жүрегімен ән салатын адам екенін әнінен сезіндім. Сондықтан, бүгін арнайы екі әнді дайындап, шығармашылық кешіне келіп отырмыз. Төкең жас кезінен өнерге құмар болған. Әрдайым халыққа жақын болып, тек сол халықтың үнімен ән жазатын адам болғандықтан біз бір-бірімізді өте жақсы түсіндік. Бүгін біріншіден – 70-ке толған мерейтойы. Екіншіден – есеп беру кеші. Құтты болсын!– деді атақты әнші, күйші, сазгер, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Құдайбергенов.
Құдайбергеновтер отбасы өздерімен әкелген сый ретінде «Жолың болсын, жолаушы!» әнін де шырқап, көңілді бір сергітті.
– Бұл кешке ұзақ дайындалдық. Концертті өткізуге ұсыныс былтыр түссе де, өткізу бүгінге бұйырып тұр екен. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді ғой. Бүгін арнайы екі әнімді таңдап алып, шашбауымды көтеріп келген Құдайбергеновтер отбасы бар. Бұл төртінші ән кешім. Келесі кеш Астанада,– дейді Төребек Құтжанұлы.
– Ең алдымен, Төкеңді мерейтойымен құттықтаймын. Бұрынғылар «Ән шығарғыш» деп атағандай, бұл кісі де жанынан ән шығарады. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ағамыз өнерге ғашық, өмірін өнермен қатар өрген, – дейді Ержан Базарбеков.
Кеш соңында облыс әкімдігінен Алғыс хат, облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының Құрмет грамотасы мен гүл шоқтары табысталды.
Аяулым ЕРЛАН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің IV курс студенті.