Мәслихат сайлауы: дауыс беру бюллетеньдері қандай болады?
Мәслихат депутаттарын сайлау кезінде қолданылатын бюллетеньдердің түсі сайлау деңгейі мен дауыс беру тәртібіне қарай ерекшеленеді. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов 2 қарашада өткен брифингте бюллетеньдердің рәсімделу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Ortalyq.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, барлық бюллетень А5 форматында дайындалады. Ал түсі сайланатын мәслихат деңгейі мен дауыс беру тәсіліне байланысты болады.
Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалаларда партиялық тізім бойынша дауыс беруге арналған бюллетень көгілдір түсті болады. Бірмандатты аумақтық округтер бойынша дауыс беретіндерге жасыл түсті бюллетень беріледі.
Ал облыстық маңызы бар қалалар мәслихаты депутаттарын бірмандатты округтер бойынша сайлауға арналған бюллетень күлгін түсті болады. Аудан мәслихаттарының депутаттарын сайлауға арналған бюллетень қызғылт сары түспен басылады.
Бюллетеньнің бір бетінде Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасы мен атауы көрсетіледі. Екінші бетінде партиялардың атауы немесе тіркелген кандидаттардың тегі, аты және әкесінің аты жазылады. Партиялар жеребе арқылы анықталған ретпен орналасса, кандидаттар мемлекеттік тілдегі әліпби тәртібімен беріледі.
Барлық бюллетеньде «Барлығына қарсы» деген жол және белгі қоюға арналған арнайы орын болады. Олар мемлекеттік және орыс тілдерінде басып шығарылады.
Бюллетень саны сайлау округіндегі сайлаушылар санына тең болады. Бұған қоса, жалпы санның 1 пайызы көлемінде резерв қарастырылады. Дауыс беру құжаттары учаскелік сайлау комиссияларына сайлауға дейін үш күннен ерте емес және бір күннен кешіктірілмей жеткізіледі.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



