Жаңалықтар

Мәслихат депутаттарын сайлау алдындағы үгіт науқаны басталды

2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлау науқаны аясында бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының екінші отырысы өтті. Отырысқа саяси партиялардың, Бас прокуратураның, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Қазақстан Ұлттық Банкі, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, онлайн форматта аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың округтік сайлау комиссияларының басшылығы, сондай-ақ облыс әкімдері аппараттарының басшылары қатысты. ОСК отырысы дәстүрлі түрде ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында және YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Суреттер Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтынан

Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды: 

1. «2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы»;

2. «2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауда сайлау алдындағы үгітті ұйымдастыру және өткізу туралы»;

3. «2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауда дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері туралы»;

4. «2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлаудағы онлайн-сервистердің жұмысы туралы».

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров елдегі сайлау науқаны Күнтізбелік жоспарға сәйкес уақытылы әрі жүйелі түрде өткізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңдері аяқталды. Бұл – сайлау науқанының маңызды кезеңдері. Осы кезеңде саяси партиялардың партиялық тізімдері, бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидаттар ұсынылды және тіркелді. Сайлау науқаны барысында сайлау органдары қабылдайтын барлық шешімдер ең алдымен өңірлерде, жұртшылықтың назарына жеткізіліп, тиісті ақпараттық ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұл жұмысты сайлау науқанының барлық кезеңінде уақытылы, әрі жүйелі түрде жүргізу қажет», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселені талқылау барысында Астана қаласында, облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін жиырма аумақтық сайлау комиссиясының төрағалары баяндама жасады. Олар өз өңірлері бойынша партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы ақпарат берді. Еліміз бойынша жинақталған ақпаратты ОСК мүшесі Азамат Айманакумов баяндады.

Осылайша, барлығы 10 971 кандидат тіркелді. Еліміздің 20 өңіріндегі түрлі деңгейдегі мәслихаттарға саяси партиялар құрамында 1 219 адам бар 99 партиялық тізім ұсынды. Партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі 43,2%-ды құрайды. Түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 3 113 бірмандатты сайлау округі бойынша 9 752 кандидат тіркелді. Бір мандатқа бәсекелестік 3 адамды құрайды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында орналастырылады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау науқанының келесі кезеңі – сайлау алдындағы үгіттің басталғанын еске салды. Бұл – кандидаттар мен саяси партияларға өздерінің сайлау алдындағы бағдарламаларын сайлаушыларға таныстыруға мүмкіндік берілетін кезең.

«Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде сайлау заңнамасының талаптарын сақтау, барлық кандидаттар мен саяси партиялар үшін тең жағдайды қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлау науқанын өткізуге байланысты шығыстарының бірыңғай мөлшерін белгіледі. Бұл шешім сайлау алдындағы үгіт жүргізу барысында барлық кандидаттар үшін тең қаржылық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені қарау барысында ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік сайлау науқаны кезеңінде үгіт жүргізуге қатысты заңнама нормалары туралы баяндады. Ол осы сайлау науқаны аясында сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталатынын атап өтті. Дауыс беру алдындағы күн, яғни 28 қараша – тыныштық күні болып белгіленген. Бұл күні сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ ол дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото және (немесе) бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынатынын еске салды. Өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға үгіт материалдарын шарт негізінде орналастыру туралы талап қолданылмайтынын түсіндірді. Сонымен қатар, Ләззат Сүйіндік Қазақстаннан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға, анонимді үгіт материалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін әзірленбеген материалдарды пайдалануға тыйым салынатындығына тоқталды.

«Дауыс беру күні және оның алдындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынатынын еске салғым келеді. Бұған дейін орналастырылған үгіттік баспа материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Интернет желісінде орналастырылған үгіт материалдары да бұрынғы орындарында қала береді. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Дауыс беру күнінің алдындағы бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау қорытындыларының болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, сондай-ақ саяси партияларды қолдау мақсатындағы дауыс беру нәтижелерін жариялауға жол берілмейді», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.

Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау процесінің барлық қатысушыларына үндеу жасады. Ол заңдылық, ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтау, барлық кандидаттар мен саяси партиялар үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлау алдындағы үгіт жүргізу кезінде адал бәсекелестік қағидаттарын басшылыққа алудың маңыздылығын атап өтті. 

«Сайлау процесінің барлық қатысушылары заңнама талаптарын сақтап, өз құқықтары мен міндеттерін белгіленген тәртіппен жүзеге асыруы тиіс. Сайлау науқанының ауқымы мен мәслихат депутаттығына кандидаттар санының көптігін ескере отырып, үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған орындардың жеткілікті санын қамтамасыз ету қажет. Аумақтық сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бұл мәселені пысықтауы тиіс. Барлық кандидаттар мен саяси партияларға заңнама талаптарын сақтай отырып, үгіт материалдарын орналастыру үшін тең мүмкіндіктер берілуі қажет. Осы жұмысты бақылауға алып, қажетті шаралардың уақытылы қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді ОСК Төрағасы.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 12-бабы 6) тармақшасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы өз құзыреті шегінде мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін, сондай-ақ қорғалу дәрежесін белгілейді.

Осыған байланысты бүгін ОСК отырысында сайлау бюллетеньдерінің үлгісін таныстырды. Барлық бюллетеньдер А5 форматында дайындалады. Түрлі деңгейдегі мәслихаттарға арналған бюллетеньдер түрлі түсті болады.

Астана қаласы, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау кезінде партиялық тізімдер бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдер көгілдір түсті, ал бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдер жасыл түсті болады. Бюллетеньнің бір жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы және сайлау бюллетенінің атауы орналастырылады. Екінші жағында бірінші бюллетень бойынша жеребе тарту арқылы айқындалған тәртіппен саяси партиялардың атаулары, ал екінші бюллетеньде тіркелген барлық кандидаттардың тегі, аты және әкесінің аты мемлекеттік тілде әліпбилік тәртіппен көрсетіледі. Екі бюллетеньде де «Бәріне қарсымын» деген жол және белгі қоюға арналған орындар болады.

Облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлауға арналған екіжақты сайлау бюллетеньдерінің бланкілері күлгін түсті болады.

Аудандық мәслихаттардың бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлауға арналған бюллетеньдер қызғылт сары түсті болады.

Сайлау бюллетеньдерінің бір жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы және бюллетеньнің атауы орналастырылады. Екінші жағында мемлекеттік тілде әліпбилік тәртіппен тегі, аты және әкесінің аты көрсетіле отырып, тіркелген барлық кандидаттар, «Бәріне қарсымын» деген жол, сондай-ақ белгі қоюға арналған орындар орналастырылады.

«Сайлау бюллетеньдері мемлекеттік және орыс тілдерінде сайлау округіндегі сайлаушылардың 1 пайызы резервімен сайлау округіндегі сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады. Олар учаскелік сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде 3 күн бұрын және сайлаудан 1 күн бұрын сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы мөлшерінде резервпен жеткізіледі», – деп хабарлады Азамат Айманакумов.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізу тәртібі де айқындалды.

Жеребе тарту рәсімін ОСК мүшесі Азамат Айманакумов өткізді. Саяси партиялардың өкілдері партия атауларының мемлекеттік тілдегі әліпбилік тәртібімен үстел басына шақырылды. Партия өкілдері өз қолдарымен партияның сайлау бюллетенінде көрсетілетін реттік нөмірі жазылған мөрленген конверттерді алды.

«Орталық сайлау комиссиясының отырысында өткізілген жеребе қорытындысы бойынша 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған мәслихат депутаттарын сайлау кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньде саяси партиялардың атаулары мынадай тәртіппен орналастырылады: 1. «Ауыл» партиясы, 2. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия», 3. «Қазақстанның Халық партиясы», 4. «Respublica» партиясы, 5. «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, 6. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, 7. «Әділет» партиясы. Жеребе қорытындылары Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тарапынан тиісті хаттамамен бекітіледі», – деп атап өтті Азамат Айманакумов.

Бүгінгі отырысқа қатысушылар азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік беретін онлайн-сервистердің жұмысын да талқылады. ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман атап өткендей, осы сервистердің көмегімен учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері азаматтың тіркелген мекенжайын тексере алады. Бұл азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін қажет. Ол үшін азамат тиісті өтінішпен міндетті түрде жүгінуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясының отырысында таныстырылған екінші сервис тіркелген мекенжайы жоқ азаматтарға сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша уақытша тіркеуден өтуге мүмкіндік береді. Аталған екі онлайн-сервис те қазақстандықтардың өздерінің сайлау құқықтарын іске асыруына жәрдемдесуге бағытталған.

«eGov порталы арқылы тиісті қызметке қол жеткізе алатын учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері азаматтың жазбаша өтініші негізінде сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның тұрақты тіркелген жері туралы мәліметтерді ала алады. Бұл қызмет 5 121 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. Сонымен қатар, тұрақты тіркеуі жоқ және бұрын сайлаушылар тізіміне енгізілмеген азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру мақсатында оларға дауыс беру күнінде ғана сайлау учаскесі орналасқан үй-жайда уақытша тіркелу мүмкіндігі беріледі. Мұндай мүмкіндік бүкіл ел бойынша 218 сайлау учаскесінде қарастырылған», – деп хабарлады Мұхтар Ерман.

Аталған жобалар Орталық сайлау комиссиясы тарапынан Жасанды интеллект және цифрлық даму, ішкі істер министрліктерімен бірлесіп іске асырылуда. Сервистердің жұмысы, оның ішінде азаматтардың қайталама тіркелуінің алдын алу және оны бақылау тетіктері туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин ақпарат берді.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады. Сондай-ақ ОСК мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button