Қасым Орынбетов: «Өмірдегі ұстазым – газет»

Арқа баспасөзінің ардагері, Нарманбет сынды асылдың сынығы Қасым ОРЫНБЕТОВТІ 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтай барып, бірер сауал жолдаудың сәті түскен еді. Жалпы, Қаскең жайында толғай тербеп, толғана жазуыма да болар еді. Бұрын да жазғанмын. Қасым қарияға нағашымдай еркелеп, жездемдей желкелеп жіберетінімді осыдан 3 жыл бұрын өзіміздің «Орталықта» жарияланған «Қаскеңнің қадірі» атты дүниемде ағымнан жарылыппын. Сол қадірі кеміген жоқ. Қадірін жоғалтпай қартаюдың өзі бақыт екен ғой деп сүйсінеміз Қаскеңе қарап. Көркем мінезді ақсақалдың көкірек көмбесінен оқшау ой, астарлы пікірмен көмкеріліп түскен әңгімесі сұхбатқа сұранып­-ақ шыға келді. Оның үстіне, көшелі көсемсөзшінің мерейлі сәтіне бағышталған осы бетке Абзал көкемнің жазбасы баратын болды да, мен ат ауыстыра қойдым. Абзекемнен асырып не айтып, не жаза қоймақпын? Сөйттім де, қарияның өзін сөйлетуді жөн көрдім.

Әлқисса…

– Қасым аға, мерейтой құтты болсын! Сексеннің сеңгіріне сергек көтерілуіңіздің сыры неде?

– Рахмет, айналайын! Қартаң шақ тағы сергектіктің сыры – жан дүниеңнің тазалығында. Көңілге көлеңке түсірмей, арды кірлетпей, барды бағалап, қанағатты қазық етудің өзі келте ғұмырды кемелдендіріп, қарт тығыңа бой бере қоймайды. Пен денің тал бесіктен жер бесікке дей інгі ғұмырының өзі қас­қағым сәт екен. Сонау сәби шақ, балалық шақ, бозбала шақ, жігіттік кезең деп бас талатын өміріңіздің мен жетіп отырған қарттыққа дейінгі шағының әрқайсының өзінің жүгі, жауапкершілігі, сынағы, міндеті бар. Мәселе –  осы кезеңдердің өз сыбағасын өзіне бұйыртып, сынағынан сүрінбей өту іңде. Сонда ғана сергектігің жаныңды жадыратып, қанағатқа бөлейді.

– Бәрекелді! Осы тұрғыдан ал ғанда, біз «әдемі қартаю» деген әлеуметтік проблемамен жиі ұшырасып жүрміз. Замандас тарыңызға көңіліңіз тола ма?

– Өкінішке орай, өзге тұрмақ, өзіме көңілім толмайтын жағдайлар бар. Мәселен, бұрынғының қарттары тұтас ұлтты, ең кемі бір руды тәрбиелеуге қауқарлы еді. Сөзімен де, ісімен де өз дәуірінде ықпалды бол ған қарттарымыз көп еді. Жасыратыны жоқ, бүгінгінің қарттары ұлтты былай қойыңыз, ұлынан туған немерені тәрбиелеуге шамасы келмей жүр. Әрине, жаппай көпті күстаналап, бар замандастарымның парасатын жоққа шығарудан аулақпын. Дегенмен, қарттың қасиеті кеміп, ақсақалдың айбыны төмендеп кет кені жасырын емес.

– Ауыл ақсақалдарын айтып қалдыңыз… Өзіңіз айтқандай, бүгінгі ауылдың ақсақалынан айбын, ауылдың өзінен ажар тайып тұр ғаны рас. Ал, бұл мәселеге кім кінәлі? Тағы да Сіздер ме?

– Қазіргі урбанизация деген мәселеге мен – түбегейлі қарсы адаммын. «Келешегі жоқ ауылдар» дегенді айтып жүр. Ағатайау, ол ауылдың келешегінен бұрын өткеніне зер салуымыз керек қой. Әр ауылдың өзінің тарихы, жергілікті халқы бар. Сол ауыл төңірегіндегі жер атауларының өзінен қазақтай ұлы халықтың мәлім, беймәлім тарихын тануға болады. Оны қалай құрбандыққа шалмақпыз?

Мен айтар едім, қазіргі заманауи технологияны ауылға жеткізу керек. Мысалы, тері илеудің көне технологиясын қазақтан артық білген халық жоқ. Ал, біздер қазақтан арзанға сатып алған теріні илеп берген қытай мен түріктің тонына зәруміз. Аяқ киімің де – сол.

Туризмді дамыту деп ұрандап жүрміз. Нағыз туризм орталықтары – қазақтың ауылдары. Бір ғана киіз үйдің өзі неге тұрады?! Енді ғана әр өңірден этноауылдар ашып, түс ауғанда оянып жатырмыз. Шетелдің туристерін күтіп отырмай­ақ, малды түстей алмайтын, киіз үйді Нау рыз мейрамында ғана көретін қала қазағын апару керек сол этноауылдарға. Өткенде телевизордан бір журналист «ақ ат», «ақ бие» деп соғып жатыр. Ағатай­-ау, қазақтың ақбоз ат, боз бие деген түстеулерін білмейтін журналист эфирді былғап жатқанда, басқаға қалай өкпелейміз? Ауылдан алыстау – ұлттық рухтан жеріну. Ертеде әр өңірде «Қарауылтөбе» деп аталатын дөңдер болды. Әлі де бар. Қазір де солай аталады. Кешегі бабаларымыз сол қарауылтөбе арқылы хабар алысып, жаудың бетін аңдап отырды. Ал, біз технология өркендеген заманда сол ауылдарға интернет жеткізе алмай, жеткізейік десек, шығынды көпсініп, оларды «келешегі жоқ» деген тізімге енгізіп жіберіп жатырмыз. Ауыл керек! Ауылдан ажырамау керек!

– Журналистикаға қалай келдіңіз?

– Нарманбет бабамен жуысатын жекжаттығымды білесің. Яғни, қазақтың асыл сөзі қанымда бар. Бес жасымнан әкем Ыхметтің оң тізесінде отырып, ескі әңгіме тыңдадым. Яғни, бабаның асыл сөзі сүйегіме сіңді. Сөзден алыс кете алмайтындығымды аңғарған шағымда осы мамандықты таңдадым. Журналист болу бала күнгі арманым десем де болады.

– Негізгі мамандығыңыз филолог екен…

– Иә, әуелгіде қарашаңырақ ҚазМУ­дің журналистка факультетіне құжат тапсырғанмын. Емтиханға да йындалып жатырмын. Мектепте жүргенде жазған­сызғандарым біраз баспа құралдарында жарық көрген. Жатқан үйімдегі кісілердің әңгімесінен «ҚазПИ­дің ректоры – Мәлік Ғабдуллин» дегенді естіген бетте ойым өзгерді. Мектепте Мәлік Ғабдуллиннің батырлығы жайлы оқығанымыз бар, ол кісінің қазақтың ауыз әдебиетін зерттеудегі еңбегін білеміз, аңсарым бірден ҚазПИ­ге ауды. Сөйтіп, ертесіне құжаттарымды алып, ҚазПИ­ге тапсырдым. Әйтеуір, тіл маманы болсам, журналистикаға келермін деген оймен осылай жасадым.

Студент кезімізде Мәлік аға ауыз әдебиетінен, Қажым Жұмалиев «Әде биеттануға кіріспеден» дәріс оқы ды. Әсіресе, Мәлік ағаның қарапайымдылығына қайран қалатынбыз. Ол кісі мені өте жақсы көрді. Топтың старостасы болдым. Мені Мәлік аға «ауылнай» дейтін. Аяқасты қа былдаған бұл шешімім үшін еш өкін беймін.

– Алаштың абызы Ақселеу аға Сізге жазған бір хатын да «Қамытың шешіліп, қолың босаған екен. Енді Нарманбет бабаңның бай мұрасын жинақтап, рухани энциклопедия жасауың керек» деген емеурінді аңғартады. Нарекең бабаңыздың мұрасын ұрпақ кәдесіне жаратуда мақсатыңызға жеттіңіз бе? Ақселеу досыңыздың «тапсырысы» орын далды ма?

– Нарекең – ұлт әдебиетінің көрнекті тұлғасы. Тарихи тұлғаның мұрасына, тағдырына «менің бабам» деп қараудың өзі – қателік. Алашқа ортақ тұл ға бола тұрып, Ақселеу жарықтық Нарекеңді «бабасы ғой, жаны ашып зерттейді» деп маған аманаттады. Сол кезеңде көп жыл өздеріңнің «Орталықтарыңның» тізгінін ұстаған ағадосым Рамазан Сағымбеков те маған бірнеше мәрте хат жолдады. Тіпті, менің «жалқаулығымды» сынға алған бір хатында «…Ал, өзіңнің уәдең тапжылмастан, орындалмастан, сол күйі тұр» дейтін жері бар. Мен Нарекең мұрасына жалқаулықпен немесе немқұрайлылықпен зер салмадым демеймін. Шамам келгенше зерттеп, зерделедім. Үлкендердің аузынан еш жерде жарияланбаған өлеңдерін, ба бамның айтқан биліктерін аудио таспаға жазып, Ақселеуге бердім. Рас, оны хатқа түсіруге денсаулығым – көз жанарымның әлсіреуі себеп болды. Әйтпесе, кім бабасын дәріптегісі кел мейді дейсің?! Профессор Серік Негимов пен белгілі нарманбеттанушы Амангелді Туғанбаевқа рахмет! Бабамның мол мұрасын зерттеп, зерделеп, ұрпақ кәдесіне жаратты. Әсіресе, Амангелді бауырымның еңбегі – орасан.

– Өмірдегі ұстазыңыз кім?

– Өмірдегі ұстазым – газет. Газет – өзім. Көзімнен айырылсам да, өзімнен айырылмадым. Әлі күнге дейін лупамен болса да, газет оқимын. Бірақ, жазудан ерте қалып қойдым.

– Ал, журналистикадағы ұстаздарыңыз…

– Қарашаңырақ ҚазМУ­дің журналистикасында оқымасам да, Темірбек Қожекеевті ұстаз тұттым. Сол кі сінің кітаптарын басыма жастанып жатып оқыдым. Ұзақбай Төлеуов, Сабыр Сауытбаев, Рымқұл Сүлейменов, Ра мазан Сағымбеков секілді бірі – аға, бірі – замандас, әріптестерімнен көп үйрендім. Тіпті, кеше ғана өмірден озған бауырым, талантты публицист Мағауия Сембайдың өзі – маған ұстаз. Ол аз десең, өздеріңнің Жәнібек Әлимандарыңнан да қазір көп нәрсе үйреніп жүрмін. Аяқ алысы, тың тіркес, оралымды ойлары сүйсіндіреді.

– Рахмет, Аға! Туған жеріңіз Ақтоғай ауданында ұзақ жыл басылым тізгінін ұстадыңыз, аудандық өлкетану мұражайының ашылуына, қалыптасуына көп еңбек сіңірдіңіз. Алайда, әлі күнге дейін туған ауданыңыздың «Құрметті азаматы» атанбадыңыз. Еңбегіңіз елен бей жүр ме, әлде, өзіңіз ұмтылмадыңыз ба?

– Біріншіден, мен осы атақтың атауын қабылдай алмай жүрмін. Атам қазақ тобырдан оқшау, топтан озық жанның сыртынан «Азамат екен!» деп сүйсініп отыратын. Жалпы, «Азамат» атауы тектінің тектісіне, мықтының мықтысына тән. Біз оған «Құрметті» деген анықтауыш қо сып алдық.  Сонда, ел сүйсінген аза маттың құрметсізі болғаны ма? Сондай­-ақ, елдің алдына шықсақ «Ханымдар мен мырзалар» деп көсілетінді шығардық. Қазақ «мырза» атауын да кім көрінгенге телімеген. Мысалы, бүгінгінің мырзасы деп меценат Бекзат Алтынбеков бауырымды атаса – жарасады. Ол мырзалық жасап жүр. Әйел затына «азаматша» деп аңырауды шығардық. Осының да қисынын түсінбеймін.

– Бұл пікіріңіз сол атаққа қолы жетпеген адамның өкпесі емес пе?

– Жоқ, туған жеріне өкпелеген азамат емес. Аллаға шүкір, Ақтоғайға қашан барсам, елдің назарында, халықтың алақанындамын. Әр үйдің төрінде орным бар. Халықтың құрметінен артық атақ та, даңқ та болмайды.

– Тағдырыңызға ризасыз ба?

– Ризамын. Асыл жарым Бикеш тің, қызым Ардақ пен немерем Заңғардың мезгілсіз қазасы қабырғамды қақыратып кетті. Ол да – тағдыр. Жаратқан ием жіберген тағдырдың сынағынан сырт айналып, айласын асырған пенде баласы жоқ. Алла өзі жылатса, өзі жұбатады екен. Заңғар немерем Мұхтар баламның жал ғыз ұлы еді. Жалғыз ұлдың қай ғысы қайраттымын деген жанның өзіне өмірден баз кештіреді ғой. Төрт жылдан кейін 50­ден асқан келінімнің құрсағына шарана беріп, шарасыз ұлымды шаттандырды. Алланың жұбатуы осы емес пе? Алла тіл­көзден сақтасын!

– Көп рахмет, Аға! Қалған ғұмырда Жаратқан жаныңызды жабырқатпасын!

Сұхбаттасқан Ерсін МұСАБЕК.