Жаңалықтар

Асылдың сынығы

    Әлдеқандай таныстық дәнекер болып, ардагер ұстаз Мейрам әже АСҚАРҚЫЗЫН 80 жылдық мерейтойымен құттықтап барып, санамызда «Алашорда» үкіметін қайта жаңғыртып қайттық. Әңгіме арасында әзиз жанның туған өлкесі, ата-тегін сұрастыра келе, Жаңаарқа жеріндегі Алаш арыстары санатында ұсталып кеткен арыстар тарихынан бір-ақ шықтық. Ғаламаттың бәрі әріде, ата-тек, түп-тұқиянда. Елбасы айтқан «Ұлттық кодтың» шыққан жері де осы – текте жатса керек-ті…

Біз таныған Мейрам әже – Кене ханның батырларының бірі Мыңжасар бабаның шөбересі. Мыңжасардан – Әділ, одан біздің кейіпкердің әкелері – атақты Дінмұхаммед (Дінше, Мұқыш), Байсейіт, Асқар Әділұлдары туады. Осындағы Асқар Әділұлы Мыңжасаровтан – Мейрам әже, «туған жерім – Жамбыл облысы, Бауыржан (бұрынғы Жуалы) ауданы, Бурный бекеті, бірақ, негізгі атамекеніміз – Жаңаарқа», – дейді. «Қалай?» деймін ғой мен. «Кезінде Әкемнің ағасы Байсейіт алғашқы құрылған Совдептің мүшесі болған. Сәкен Сейфуллинмен, Бәкен Серікбаевпен бірге Ақмоладағы Советтің орнауына атсалысқан. Дінше 17 жасынан қызыл партизандармен бірге Владивостокқа барып ақтармен соғысқан. Кейін олар қудалауға түскенде, менің әкем де солардың сонында жүріп, ұсталған. Әкем түрмеден қашып шыққанда Ташкент, Жамбыл жақтарда жүріп елге келмеген. Мен 1937 жылы Жамбыл облысының Бурный деген жерінде дүниеге келгенмін. 1949 жылы Жаңаарқа ауданы, Қызылжар станциясына көшіп келдік. Сол жерде 7 класты бітіріп, 8-9 класты Қарағанды қаласында оқыдым. 10 класты Түгіскен орта мектебінен бітірдім» дейді.

Бұрындары Дінше Әділевтің Алаш азаматы болғанын білетін мен қазбалап одан әрі сұрамақшы боламын да, үлкен кісіні сөйлету мақсатымен сөзін бөлмеймін. Сөйтсем, жеті атасынан тектілік үзілмеген бұл кісі Саран педучилищесін бітірісімен 1956 жылы Шарлатбай Бекішевпен тұрмыс құрып, 57 жылдан бастап екеуі зейнет жасына дейін Жаңаарқадағы бұрынғы В.И.Ленин, қазіргі О.Жұмабеков атындағы мектепте ұстаздық қызмет атқарады.

Ұстаз үшін өмірдегі ең құрметті де, өнегелі іс – алдына келген ақ қағаздай таза көңілді шәкіртке алғашқы білім нұрын құю. Баласының болашағын ойлаған әр ата-ана баланы мектепке берерде бастауыш сыныптағы ұстазы кім болар екен, қалай оқытады, қалай үйретеді, білімді санасына сіңіріп, арқа сүйер сенімді азамат етіп тәрбиелей ала ма деп алаңдайды. Сәби кезінде тамағын тоқ, киімін көк еткенге қуанатын ата-ана алдында енді жетіге толған жеткіншегінің болашағы, зор жауапкершілігі тұрады. Міне, осы кезде ата-анаға көмекке келер ұлы адам. Ол – алғашқы ұстаз.

Бар мақсатын бастауыш сынып оқушыларына білім беруге арнаған сондай аяулы жан – Мейрам Асқарова.  Білім негізі – бастауышта. Сол жоғарыда айтылған мектепте тарыдай болып кірген балаусаларға таудай білім беруден жалықпады. Ұстаз ұлағатын үйренген балапандар  бүгінде қыранша қалықтауда.Өзі әріп үйретіп, әліппені танытқан шәкірттері  мектепті бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққан сайын ұстаз жүрегін өткен күндерге деген сағыныш пен қимастық сезім баурап, болашаққа деген сезім үміттендіріп, түлектеріне сәт сапар тілейтін.

Мектептің бас методисі Шәкең болғандықтан, Мекең әр сабаққа ұқыпты дайындалатын, еңбегі ақталып, аудандық методикалық кабинет, сабақ беру тәжерибесін арнайы кітапшалар шығарып, аудан  мектептеріне таратты.  Бір жанұяда екі озат мұғалім болды,  ел оларға құрметпен қарады, үлгілі отбасылардың бірі болды.

Мұғалімдер отбасында 6 бала өсіп-жетіліп, олардан 17 немере мен 9 шөбере өсіп келеді. Жұрт аман болса, мұғалімдер отбасынан тараған ұлы әулет рулы елге айналар күн де алыс емес шығар.

Текті – тектіден туады қашанда. Мейрам әженің батыр бабасы Мыңжасардың соңынан аңыз аз ермеген. «Кенесары, Наурызбай бірде Сарысу бойын жайлаған Кіші жүз елдеріне келіп, билерімен ақылдасып, батырларын жиып, Қоқанға елші жібереді. Мақсат – Қоқан хандығын орыс патшалығына қарсы көтеру. Саржан төре бастаған он екі адамнан құралған елшінің бірі – Мыңжасар батыр екен.

Саржан төре бастаған елшілерді ерекше күтіп қарсы алады Қоқан ханы. Ертең келіссөз болады деген түні бір себептермен Наурызбай төре мен Мыңжасар бөлек бір үйге түнейді. Қоқанның арамза бектері сол түні Саржан төрені жігіттерімен қырып салады. Содан келіп, Наурызбай мен Мыңжасарға тап береді. Тұлғасы зор Мыңжасар Қоқанның жігіттерін түгел жайпап, жеті түнде Наурызбайды аман алып шығады.

Кенесары бұл сұмдық қайғыға қатты күйзеледі. Келер жылы Саржан төреге ас береді. Сол аста Кенесары Мыңжасар батырға тебірене сөйлеп: – Мына Наурызбай әрі інім, әрі балам еді. Осыны аман жеткіздің маған. Осы сөздің мәнісін білдің бе? Әкеміз Қасымның бәйбішесі Наурызбайдың шешесін өзі әперді ғой. Наурызбай туа сала шешесі қайтыс болып кетті. Шырылдаған шақалақ Наурызбайды біздің үйдегі бәйбіше Күнімжан бауырына басып еді. Иіп, сүті шығып, емін-еркін емізіп, уызына жарытты. Наурызбай керек еді маған. Сүйенер найзам, қарыма ілер семсерім, алдымдағы айбарым емес пе бұл? Сен маған Наурызбайымды сыйладың. Бұл сыйға дүние тең келе ме? Батыр, көңіл үшін үш айғырдың үйірін бердім, – дейді.

– Жоқ – дейді Мыңжасар батыр, – хан ием, мен әлі отау құрмап едім. Қыз таңдап жүрмін. Таңдаған қызымды әпересің!

Бір күндері Кенесары, Наурызбай Нұра, Құланөтпес бойындағы Тінәлі, Темеш елдерінен қол жинап, Ұлытауға қарай өтетін болады. Осы елдің ықпалдысы Кейкіл би орыспен күреспекке өз жігіттерінен жасақ жіберем деп уәде береді. Кейін Кейкіл жасағы келмей қалады. Бұл істен секем алған Кене Мыңжасар батырды 200 сарбазбен Кейкілге аттандырады. Барғандарға Кейкіл сарбаздары Ақмола дуанын қорғауға кеткенін айтады. Бұл опасыздыққа төзбеген Мыңжасар елге тимей, Кейкілдің көп жылқысын айдап кетеді. Арада екі күн өткен соң бұларды бір топ жігіт қуып жетеді. Ақбоз атты бәденді бір бозбала Мыңжасар алдына келіп: – Мен Кейкілдің 11 ұлының бірімін. Міне, төрт көзіміз түгел тұрмыз. Малымызды қайтар, өліспей беріспейміз – дейді. Мыңжасар батыр: – Әкең сатқын, түп-тұқияныңмен құртамын – деп ақырады. Бозбала болса: – Жекпе-жек! – дейді. Мыңжасар батырдың бір жігіті шығып, найзаласа кетеді. Бір уақта Кейкіл баласының дулығасы ұшып түседі. Қараса, қос бұрымы білектей қыз екен. Шайқас тоқтайды. Мыңжасар батыр қимылсыз қатып қалады.

– Мен жеңілдім, батыр, – деп қыз Мыңжасарға иіліп ізет көрсетеді. Батыр Кейкіл ауылына жылқыны қайта айдап келеді. Батырдың сұсынан қорыққан ол: – Енді малым да, жаным да сенікі. Тінәлі, Темештің жасағын түгел бердім – дейді.

Мыңжасар Ұлытауға Кененің алдына үлкен олжамен оралады. Бірде Мыңжасар батыр:

– Хан ием, қыз іздеп жүрмін деп ем, таптым – дейді.

– Кімнің қызы, аты кім екен?

– Кейкіл бидің қызы, аты Мөлдір!

Кенесары, Наурызбай Кейкілге құда түсіп, Мыңжасарға Мөлдір сұлуды әпереді. Осы Мөлдірден Әділ мен Ақкүшік туады.

Әділ атасының бір ұлы – Асқардан туатын Мейрам әжеміз: «Ол кезде бала оқытып, адам тәрбиелегеннен артық байлық жоқ еді. Қазіргідей алданатын дүние-мүлік те жоққа тән. Біздің бар байлығымыз сол, балаларымызға жоғары білім әперуге мүмкіндік жасадық», – деп еске алады жастығы мен ұстаздық өмірін. Мұғалімдер отбасында өскен алты баланың бәрі – Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосып отырған жоғары лауазым иелері. Мұғалімдер емес, бұл кезіндегі – оқыған зиялылар отбасы ғой! Ол кезде екінің бірі мұғалім, математик, мектеп директоры бола бермейтін. Мұғалім деген сөздің өзі – дардай атақ еді онда. Сөйткен Шарлатбай әкеміз бен Мейрам анамыздың шаңырағы!

«Қаракөктің тұқымы» Әділ атасы да балаларының бәрін жоғары санатты мектептерде оқытып, білім әперуге тырысқан көзі ашық адам болған. Себебі, Мейрам әжеміздің әкесімен бір туған Алаш арысы Дінше Әділевтің Омбы гимназиясына барған жылы оқуға түсе алмай, келесі жылға жолдама алғанын Міржақып Дулатов «Қазақ» газетіне «Балаларға жұққаны» мақаласында жазады. Бала сол кездің өзінде-ақ Алаш арысының көзіне түсіп тұр! Алланың ғаламаты, «Құдайсыз қурай да сынбайды». «4 августа Ақмоладан Омбыға гимназияға кіруге Шу бойындағы тамадан Дінмұхаммед Әділов деген 11 жасар бала келді. Ақмоладағы городской школада 2-3 жылдан бері оқып жүр екен. Оқуға ыждиһатты һәм зерек болған соң, көрген, Омбыға баруға кеңес беріп жібертіп еді» дейді Міржақып баланың оқуға әділетсіздікпен түспей қалғанын көрген соң оның оқуға кіруіне көмектескен. Кейін Дінше Әділев Дулатовтың өзімен мүдделес, қызметтес болатынын Міржақып бабамыз білмегені анық.

«Менің барар жер, басар тауым жоқ. Енді өлімнен қорықпаймын. Өлімнен қорыққан адам мұндай көрсетінді бермес еді. Мен қолымда қару тұрғанда өз еркіммен берілген адаммын. Егер мені өлім жазасына кессе, өлімді қасқайып тұрып қарсы аламын. Қандай азап күтіп тұрса да, маған бәрібір, мен нағыз азаматтар сияқты қайыспай көтеремін» деп Мыңжасар атасындай Алаш жұртының азаттығы мен теңдігі жолында күресіп өткен Дінмұхаммед Әділұлының өмірлік серті мен мұраты осы жолдарда жатыр. Белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш» кітабының «Дала қашқыны» атты тұтас бір тарауын осы кісіге арнаған. Алаш қайраткері 1916 жылғы көтеріліс кезінде «Қазақ» газеті үндеуін қолдаған зиялылар жағында болған. Минскіге аттанып, Земство одағының Әлихан Бөкейхан басқарған бұратаналар бөлімі жұмысына ат салысады. Ақпан төңкерісінен кейін 1917 жылғы сәуірде Омбыда өткен Ақмола облысы қазақтарының жиналысы сайлаған қазақ облыстық комитетінің комиссары ретінде Қошке Кемеңгеров екеуі Ақмолаға барып, уездік Қазақ комитетін ашады. Мұнда Д.Әділев Сәкен Сейфуллин, Рақымжан Дүйсенбаев, Бәкен Серікбаевтармен қызметтес болады. «Жас қазақ» ұйымының бағдарламаларын жасасып, жастар арасында жұмыстар жүргізеді. Осы жылы қазан айында Том қаласында өткен Сібір автономистерінің сьезінен оралған Әлихан Бөкейханның Омбыдағы қазақ оқығандарымен кездесуіне қатысады. 1917 жылы 31 қазанда Алаш партиясының қатарына еніп, оның облыстық комитетінің мүшесі болып сайланды. 1922-1926 жылдары Д.Әділев Орынбор, ташкент, Қызылорда, Семей, Омбы қалаларында КазЦИК-тің тапсырмасы бойынша төтенше шаралар бойынша елшілік қызметтер атқарған. Ал, 1926-1927 жылдары сол кездегі астанамыз Қызылордада Қазақ Ұлттық драма театрының іргетасын қалап, директоры қызметін атқарды. Онда алғаш рет серігі Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақинасын» сахналауға басшылық етті. 1928 жылы Дінше атамыз театр директорлығында жүріп, тұтқындалып, түрлі тергеу амалдарынан соң 30 жылы 21 көкекте Мәскеуде ату жазасына кесіліп, Ваганьков зиратына құпия жерленгені туралы дерек бар. Небары 30 жасында!..

Міне, осындай Алаш арысы Дінмұхаммед Әділевтің туған інісі Асқар әкемізден туатын Мейрам әжеміз бүгінде кенже ұлының қолында, сау-саламатта сексенін қарсы алып отыр. Батыр бабалары, арыс әкелері көрмеген азаттық пен бейбіт заман ол кісілердің ұрпағына жазылыпты. «Қазіргінің балалары бәрін біліп барады мектепке. Бұрын балалардың сауатын ашып, қалам ұстату оңай болмайтын. Бірақ, білімге құштар келетін ол кездің балалары» дейді шөберелеріне қарап отырып. Қашқылықты-қуғылықты заманды есіне алып, «Тәңірге тәубе, Аллаға шүкір!» дейді апамыз. «Асылды тот баспайды деген» рас. Еңсесі тік, дидары нұрлы анамыздың жанарынан өнегелі өмір оты ұшқындайды. Педагогтік пайымның салмағы мен аналық мейірімі әжімдерінің тереңіне бұғып жатқандай. Ғаламды ұстап тұрған сол мейірімге зар қылмасын алла. Аналарымыз аман болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button