Жаңалықтар

Асылдың сынығы

Толағай тауының қос қапталында қалың жылқы жусап жатыр. Ортаның жылқысын көп жылдан бері бағатын аға жылқышы Исатай Бимендин қара көк атты желдіртіп, жылқы шетіне ілікті. Құрығы құтты байырғы жылқышы ғой, қалың жылқыны үркітпей-ақ, көзбен түгендеп шықты да, қалта сағатына үңілген. Қазіргінің қалтафонға телмірген ақсақалы дейсіз бе, баяғының шалдарында күмістелген қалта сағаты болушы еді ғой. Ұлы бесін ауып барады екен. Жады сергек Исекең тура осы уақытта қазақ радиосынан «Дала сазы» хабары күмбірлейтінін жақсы біледі. Ширақ қимылдап аттан түсті де, қанжығасындағы транзисторды ағытты. Тақымы да терлеп кеткен екен, қара көктің ауыздығын шешіп, айыл-тартпасын босатып, отқа қойды да, өзі көк шалғынға жайғасты. Радиосын қосты. Дер уағында қосқанын қараңыз. Сауық Жақанова саңқылдап қоя берді. «Әуе толқынында – «Дала сазы» хабары. Бүгінгі хабарымызда қазақ радиосының «Алтын қорыннан» күйші Сүгір Әлиевтің өте сирек орындалатын күйлерін тыңдайтын боласыздар. Қазіргі тыңдайтындарыңыз – Сүгірдің күйі «Ана». Орындайтын Бүкілодақтық жастар байқауының лауреаты, әуесқой күйші Өзбек Бимендин» – деген диктордың үнін естігенде жантайып жатқан Исекең орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де аңғармай қалды. Күй бебеулеп қоя берді. Өзінің Өзбегі! Радионың даусын күшейтіп, өзі еңкейіп, құлағын транзисторға жақындатты. Өзі үйреткен күй. Өзі қайдан үйреніп еді? Сонау жігіт-желең шағында Арқадан Шуға мал айдап, Қаратау, Созақ өңіріне талай сапарлаған. Сүгірдің көзін көріп, күйін таңдаған. Ол кезде Исекеңнің қанжығасында транзистор емес, домбыра жүретін. Арманы жоқ. Сүгір мен Ықыластай қос ұлы күйшінің көзін көріп, сергек санасына сазын сіңірген. Өзі де шебер күйші еді. Ақыры, көнеден көшкен күй керуенге алтын көпір болды. Ықыластың сарыны үлкен қызы Рымкүлге, Сүгірдің сазы кенже ұлы Өзбекке қонды.

Жүйрік қиялы алыс жылдарға сапарлап кетіп, ой жетегінде отырғанда, алғашқы күйдің аяқталғанын да аңғармай қалыпты.

Даланы керемет сазға бөлеп жіберді. Селеулі дала күй құшағында тербеліп сала берді. Анау жылқы. Мынау көк шалғын. Болмашы желмен тербелген селеу басы… Бәрі қосылып тұр Өзбек орындаған күйге. Бейнебір оркестр ойнап тұрғандай. Таудың өзі тербеліп тұрған секілді.

Екінші күйді быр ынтасымен ұйып тыңдаған Исатай жылқышы «Айналайын!» деп күбір етті де, атқа қонды. Тұлпары да, өзі де қанаттанып кеткендей… Қара қосты бетке алып шаба жөнелді.

***

Өзбек Бимендин – кәсіби күйші емес, кәсіби ұстаз. 1971 жылы Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, еңбек жолын туған ауылындағы орта мектепте бастады. Бойындағы білімі мен өнерін қатар ұштастыра білген жас маман өз ортасына жаңа леп әкелгенін ауылдастары аңыздай қылып айтып жүр. Шиыршық атқан жігерлі жастың бойындағы ерекше қабілеттері шаруашылық басшыларының да назарын аудартты. Жаңаарқа ауданының бұрынғы К.Маркс атындағы (қазіргі Ералиев ауылы) совхозының партком хатшысы, ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы, марқұм Нұрғали Кенжетаев Өзағаңның соңынан қалмай жүріп, жұмысшылар кәсіподағы комитетінің төрағалығына алып келді. Ауылдың рухани-мәдени өмірі ажарланып, жұмысшылар бос уақытының мазмұны артты. Өзі арқалана ән орындап, күмбірлете күй шертетін жігіттің соңына кімдер ермесін?!

Әке үміті ақталды. Кешегі алдына алып домбыра үйреткен Өзбегі елдің аузында, қатарының алдында жүр. Араға жылдар салып, Өзағаң мектепке оралды. Ұлы мұрат жолындағы еңбегі жемісті болып, 1982 жылы Жаңаарқа ауданы, XXV партсъезд атындағы (қазіргі Ақтүбек) орта мектеп директорлығына тағайындалды. Жалпы, Өзбек Исатайұлы Жаңаарқа ауданында екі мектеп, Қарағанды қаласында төрт мектепке басшылық етті. Басқарған мектептерінде өнер, ұлттық құндылық мәселелеріне ерекше мән берді. Қарағанды қаласында басқарған мектептерінің дені – аралас мектептер. Соған қарамастан, ұжымдағы ауызбірлік, ынтымақ, көшелі көрсеткіштердің түп тамыры қазақ ұлтының төл өнері мен мәдениеті деген құрметтен бастау алатынын баршаға түсіндіре жүріп, ұлттық мүддені бірінші орынға қоя білді.

Өзағаңның алдын көрген шәкірттерінің бірімін. Менің де директорым болды. Директордың кабинетін көрмей кеткен замандастарым қаншама. Ал, мектеп директорының кабинетіне ең көп кірген оқушының бірі – мен. Күніне екі рет бұзықтық жасағаным, екі рет мектеп өміріндегі мәдени іс-шаралардың жоспарын талқылауға кіретінмін. Түске дейінгі тентектігім үшін жасалған қатаң ескертуден түстен кейін сызат та қалмайтын. Өз қатарласындай қабылдап, кең отырып, кемел әңгіме қозғауға бейіл тұратын-ды. Сөйтсем, мұның барлығы табиғи ұстаз, шынайы педагогтің екінің-біріне бұйыра бермес қасиеті екен ғой.

  • Сен – бұзақы емес, тентексің. Түбі тентектен бірдеңе шығады, – дейтін де, қоятын. Осы сөзінің өзінде тәрбиенің ғажап тәсілі жатқанын кейін түйсіндік.

Жасыратыны жоқ, Өзбек ағаймен сырлас, дос болдым. Сапарлас та болдым. Өнерді меңгеру мен алып жүрудің ауырлығы туралы ақыл-кеңесін, қазақтың Қайратымен (Байбосынов) он жыл бірге оқығанын, әкесі Исатай ақсалдың зерде-парасаты жайлы Өзағамның өз аузынан талай естігенмін. Сапалы білім мен саналы тәрбие ұштаспаған жерде мектеп көрсеткіші қалай тартсаң да, көш соңында қалатынын да жиі әңгімелейтін. Ал, саналы тәрбиенің тал бесігі отбасы құндылығы мен ұлт мәдениетінің мәйегінде жатқанын да санама сіңірген – Өзбек мұғалім.

Пешенеме жазылған бағым шығар, Өзбек мұғалім біздің мектепті мен оқыған жылдары басқарды. Айтыс өнерінің үлкен сахнасына мені алып шыққан да – Өзбек мұғалім. Мені елге танытты. Бағыт берді, ақыл-кеңесін аямады. Арманымды аялады. Сөз өнерінің киесі болатынын санамнан саңылау тауып, сіңіріп бақты.

Дәл қазір, бойымда, ойымда жүрген өтелмеген парыз, қайтпаған қарыз болса, соның дені – Өзбек ағайға.

Қазір қоғамдық мән беріліп, мінберлерден жиі айтылып жүрген отбасылық құндылық мәселесінде мен Өзбек ағай мен Сәруар мұғалімнің шаңырағын зертхана ретінде зерделеуге ұсынар едім. Ұстаздар отбасы. Сәруар мұғалім – алтын құрсағынан жеті бала өрбіген аяулы ана. Өзағаңмен қатар 40 жылдай ұстаздық етті. Ұл-қыздарының барлығы – жоғары білімді, әр саланың майталман мамандары. Өнегенің өрісіне, ұлағаттың ұясына айналған шаттықты шаңырақты отбасылық ансамбль деуге де болады. Шетінен – ән дарып, күй қонған өнерпаздар. Бір Әлібегінің өзі неге тұрады?! Қасиетті қыл қобызбен құйқылжыта ән салып, Ықыластың «Шыңырауын» боздатқанын тыңдаңыз. Өндіріс саласында еңбек ете жүріп, бірнеше мәрте республикалық, халықаралық өнер бәйгелерінде топ жарып үлгерді.

Өзағаң шаңырағы – тектілікке тұғыр болған алтын ұя. Бұл әулеттегі тектілік сонау көнеден тамыр тартады. Сеңгірбай бек, Итеген би, Қылыш әулие… Тікелей осы ұлылардың ұрпағы саналатын Исатай ақсақалдан қобыз ұстап Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымкүл, тақымы мықты, құрығы құтты жылқышы Қосар, жауырыны жер иіскемеген, аты аңызға айналып, «Балуан Шолақ» атанған жалғыз қолды Өзаман, ән төгілтіп, күй күмбірлетіп Өзбек неге тумасқа?!

Ендеше, Өзағамның асылдың сынығындай жарқырауы – заңдылық. Сөз жоқ, ол – тектінің тұяғы, асылдың сынығы.

Ғибратты ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Өзбек Бимендиннің өнері тасада қалды деп айта алмаймыз. Студент шағында Мәскеу сахнасында ән салып, Бүкілодақтық жастар байқауында топ жарды. Балтық жағалауы елдерінде күй төгілдіріп, қасиетті қара домбыраның құдіретін паш етті. Сүгірдің сирек орындалатын күйлерін қазақ радиосының «Алтын қорына» жазып, ұлы күйшіні насихаттаушылардың көшін бастады. Туған ауылындағы қазіргі О.Әлібаев атындағы мектепте (бұрынғы К.Маркс) «Толағай» фольклорлық-этнографиялық ансамбль құрып, бұл ұжым республикалық байқауларда үздік танылғаны тағы бар.

…Өзбек ұстазымның бойындағы адами қасиеттері мен өрелі өнері, азаматтық ұстанымы мен ұстаздық жолы туралы толғай беруге болады. Оған бір мақала аздық етері даусыз. Толағайда томағасы сыпырылып, Арқа атырабына аты мәлім болған Өзбек Исатайұлының өнегелі өмірі мен өрісті өнерінен сыр шертер мерейтойлық жазбамызды осымен доғара тұралық.

Иә, бүгінде жетпістің желкенін керіп, ата-ана бақытына кенелген ерлі-зайыпты ұстаздар шаңырағында бүгін – мерейлі мерейтой. Исатай ақсақал ғасыр жасап, сөзінен жаңылып, ісінен береке қашпаған абыз еді. Әкеңіздің биік парасатына мұрагер болып жүрсіз ғой, жасын берсін Аға!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button