Жаңалықтар

АСЫЛ ДІНІМІЗГЕ ҚАРАП ТҮЗЕЛЕЙІК

     Дін істері басқармасы облысымыздың қала және аудан әкімдіктеріндегі дін саласында жұмыс істейтін мамандарға арналған радикалды идеологияның ықпалына ұшыраған адамдармен жұмысты ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша 3-5 шілде аралығында кеншілер қаласындағы О.Есенұлы атындағы оқыту-оңалту орталығында үш күндік семинар өткізді.

Семинар жұмысын облыстық дін істері басқармасы басшысы Нұрлан Бикенов жүргізіп отырды.

дін1

Жиналғандарды дін мәселелері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері: Павлодар қаласының конфессия аралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлнар Раздықова, Оңтүстік Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Фазыл Тайтелиев, Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Индира Беркімбаева және басқалары құттықтап,  семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Бүгінде мешітке қашып жатыр деген әңгіменің тоны өзгергені байқалады. Мешіттен қашып жатыр деген байбалам салушылар бар. Оның түп астары белгілі. Қалың жұрт содырлардың әйтеуір мешітпен бір байланысы бар деп түсінеді. Ал содырлардың ол жақта жетісіп жүрмегені белгілі. Олардың туған елге оралу мүмкіндігі де қалмаған. Өйткені, олардың өздері қылмыскерлер санатына енеді. Олар кісі өлтірмесе де соған үндеу алаңында тұрғандар. Олардың есебінше сол жақта олар жазасын алғандар есебінде. Соған орай бір қылмысқа екі жаза жоқ деп бопсалайды. Шын мәнінде, қылмыс болған соң жаза бар. Дін мемлекеттен бөлінген, олай болса, дінмен байланысты қылмыскерлерді шариғат жолымен жазалайық деп өзеуреушілер де бар.

Осындай жолмен тар қапаста отырған нәзік жандарымыздың да саны өсе түсуде. Діни негізде балалардың да қылмыстық ортаға тартылатыны жасырын емес.

Осыдан бір бес жыл бұрын олармен қалай күресу тұрсын, олармен не істеу керектігі жөнінде  түсінігіміз жоқ болатын. Оның түп тамыры тәрбиеде жатқанын кеш те болса бағамдай алдық. Бүгінде халықтық педагогикамыз содырлармен күресудің басты құралына айналды. Дін майданындағы күрес мешіттен шығып, оқу орындарына, мектептерге, балабақшаларға барған. Бүгінде әрбір отбасына жетіп отыр. Жетіп отыр дегеніміз артықтау болар, ал жеткіземіз деп отырғанымыз анық.

Семинар жұмысының барысында Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы жақында бекітілген концепциясына басты назар аударылды. Радикалды идеологияның ықпалына ұшыраған адамдармен жұмыстың тиімді тәсілдері түсіндірілді, мамандар оңалту жұмысын ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне жинақталған іс тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар жұмысының соңында тыңдаушыларға  сертификаттар, сонымен қатар мамандардың жұмысына қажетті материалдар тартатылды.

Дін мәселлері бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері (РАТТ) Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерімен, білім, спорт және денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлерімен де семинар өткізді.

Аталған семинардың мақсаты – зайырлылық принциптерін қоғамдық құндылық ретіндегі, мемлекет тұрақтылығының маңызды факторы ретіндегі ұғым екендігін тыңдаушыларға түсіндіру болатын. Зайырлылық тұрғысынан дінді түсінуге және зерделеуге үйрету, ар-ождан бостандығы туралы, әлемдік және дәстүрлі діндердің, жаңа діни ағымдардың тарихы мен заманауи жағдайы туралы жан-жақты білім беру. Деструктивті діни ағымдардың және тыйым салынған діни ұйымдардың пайда болу себептерін ашу, олардың мемлекет үшін және тұлғаның дамуы үшін қауіпті екендігін ескерту, көрсету.

Сонымен қатар РАТТ мүшелері мен семинарға қатысушылар түзету мекемелеріндегі жағдаймен танысу бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлерімен де семинар өткізді.

 

Маман пікірі

 

Фазыл Тайтелиев,

Оңтүстік Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы:

– Мен Оңтүстік Қазақстаннан келіп отырмын. Басқасын айтпағанның өзінде 500-ге тарта адаммен жұмыс істедім. Бәрін бірдей болмаса да біразын басқы райларынан қайтардым. Әрине, сөздің құдыретімен. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген. Біздің мақсатымыз оларды дінінен, ұстанған нанымынан ажырату емес, қоғамнан оқшаулау емес. Керісінше сол қоғамға кіріктіру, өз орнын табуға ықпал ету.

Гүлнар Раздықова,

Павлодар қаласының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры:

– Қазір сенесіздер ме, еліміз бойынша осы діни негіздегі қылмыстарға байланысты 600 адам отыр. Олардың бәрі бірдей түзеліп келеді дегенге шәгіміз бар. Олай болса, біздің жұмысымыз сол түрмелерде де жүруі керек. Сөз жоқ, оларды қылмысқа итермелеушілер болды. Олар адасты. Алды жөн болды. Арты соқпақ болды. Соларды қоғамға, қалыпты өмірге қайтаруымыз керек.

Төрехан МАЙБАС.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button