Басты тақырып

Қашанда – сапта

        IMG_5544Қоғамның ардагерлерге деген мүдделігі қай заманнан болсын маңыздылығын жоймай келеді. Ұрпақтардың ешқандай тосын  уақиғаларсыз ауысуы осы алтын көпір – ардагерлерімізге байланысты. Ардагерлер ұлттық қорымыздың мәйегі болып табылады. Ардагерлер ертеңіміздің Темірқазығы…

Кешегі Кеңес Одағы да өзінің шекті кезеңіне жетіп қалғанды. Сексен алтының желтоқсанында қазақ жерінде бұрынды-соңды болып көрмеген жастардың қуатты толқыны соғып өтті. Сол-ақ екен бүкіл Одақта еркіндік қозғалыстары басталды. Басшылық қатты ойлансын. Ортақ байланысты үзіп алмас үшін әлімсақтан келе жатқан ұйымдастырушы, біріктіруші күш – ардагерлер қозғалысын қайтып қолға алды.

Біздегі ардагерлер қозғалысы осы­дан тура отыз жыл бұрын бас­талған.

Ардагерлердің алғашқы құрылтай жиынына біздің өңірден жиырма бес делегат қатысқан екен. Олардың арасында  Мүташ Сүлейменов, Смағұл Тоқымтаев, Иван Карабанов, Қали Аманбаев сынды ағаларымыз болды. Бұлардың барлығы да өмір көрген, кешегі қан майданды бастан өткерген аға ұрпақ өкілдері еді. Олар соңдарынан мыңды ерте алатын тұлғалар-ды. Сондықтан да, олар облысымыздағы ардагерлер қозғалысының негізін құрады. Қали Әлібекұлы осы ұйымды 14 жыл бойы басқарды. Бұл ардагерлер ұйымының аяғынан қаз тұрып, қалыптасу кезеңдері еді.

Бүгінде облыстық ардагер ұйымы ең көп мүшелі қоғамдық ұйымдардың бірегейі. Бүгінгі ардагерлер кездесуіне кешегі жауынгерлер Қапас Түсіпов, Шермұхамбет Байбосынов сынды аға ұрпақтың қатысуы көп жайтты аңғартса керек.

Облыстық ардагерлер қозғалысы жылдан жылға сап түзеп, ұйымдық тұрғыда даму, жасамыс адамдар ахуалын зерделеп, олардың адамгершілік-материалдық, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту, нақты көмек көрсету ісін нығайту мәселелерінде биліктің барлық тармақтарымен тығыз қарым-қатынас орнатуға қол жеткізіп отыр.

Жиын жергілікті ақын Тұрсынхан Бердалинаның арнауымен ашылды. Оны еңбек ардагері Төлжұма Арыстанбаев орындады.

Салтанатты жиынға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев құттықтап, облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды. Олардың арасында нұралық апамыз Әдиша Есмағанбетова, Приозерск қалалық ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Ырыс Талмекеева болды. Облыс әкімінің Алғыс хатымен жаңаарқалық Қайролла Әбеуов, оскаровтық Марат Жұмабеков марапатталды.

Сондай-ақ, «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев құттықтап, бір топ ардагерге «Құрмет белгісі» құрметті төсбелгісін тапсырды. Мұндай құрметке Октябрь аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Аймағанбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Сағадат Дүйсебек, облыстық ұйымның жауапты хатшысы Тамара Еремеева ие болды.

Ағымдық жылдағы республикалық байқауда ақпараттық-насихат топтары арасында Теміртау қалалық, Нұра аудандық ұйымдары екінші және үшінші орындарды жеңіп алып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Ардагерлерді құттықтаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин Қали Әлібекұлының есімін Құрмет кітабына енгізгені жөніндегі сертификатты марқұмның ұлы Сайран Қалиұлына тапсырды. Мұндай құрмет Фаина Махановаға, Раиса Базановаға, Ш.Байбосыновқа, Нина Вахитоваға, Петр Ищенкоға да көрсетілді.

Ақпараттық топтар арасындағы облыстық байқауда Теміртау қалалық және Нұра аудандық ардагерлер кеңесі жеңімпаз деп танылды. Қалған екі жүлделі орынды Саран және Шахтинск қалалары иемденді.

Республикалық қоғамдық мұражайлар арасындағы байқауда Мартбек Мамыраев атындағы мұражай үздік шығып, оның басшысы Ю.Гурьяновқа бағалы сыйлық табыс етілді.

Кештің концерттік бағдарламасы да көпшілік көңілінен шықты.  Мәдениет қайраткері Орал Нүкетаев, белгілі әншілер Нәзипа Асқар, Хамит Көрікбаев, Шәрбан Шәйменова, Ырысбала Диқанбаева, Ермек Кәрібаев, Геннадий Чалов,Теміртау қаласының «Жауыртау» вокальдық тобы және басқалары өз өнерлерін ортаға салып, көпшілік құрметіне бөленді.

Төрехан МАЙБАС.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button