Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

Тоғыз минут, тұтас тағдыр

Рингте тоғыз минутта талай жеңістің тағдыры шешіледі. Бірі тұғырға қолы көтеріледі, енді бірі келесі жекпе-жекке дайындалуға кетеді. Көрермен үшін бәрі осы сәттен басталып, осы сәтпен аяқталғандай көрінуі мүмкін. Ал, бапкер үшін тоғыз минуттық жекпе-жек – жылдарға созылған еңбектің нәтижесі. Ол спортшының рингке қалай шыққанынан бастап, тактиканың орындалуына дейін әр сәтті бақылап отырады. Қарағандының әйелдер боксындағы бүгінгі жетістіктерде де осындай көрінбейтін еңбек бар. Сол еңбектің бір арнасында Қазақстанның ең жас Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері, Қарағанды облысындағы әйелдер боксының бас бапкері Ислам Абдраимовтың есімі тұр.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ислам Абдраимов үшін жекпе-жекке дайындықтың маңызды бөлігі – спортшының психологиялық тұрғыдан қалыптасуы. Оның шәкірті рингке шыққанда өзіне сенімді болуы керек. Қарсыластан бұрын өз қорқынышын жеңе алмаған адамға ең мықты тактиканың өзі көмектеспеуі мүмкін. Сол себепті бапкер спортшыларынан белгіленген жоспарды орындауды, қобалжуға берілмеуді және жекпе-жек басталмай тұрып-ақ жеңіліп қалмауды талап етеді.

– Бүгінгі деңгейге жету үшін бір жыл немесе бір ғана нәтиже жеткіліксіз. Онда 10-15 жылдық үздіксіз, күнделікті еңбек бар. Жаттығулар, оқу-жаттығу жиындары, жарыстар, жеңістер мен жеңілістер. Қарағанды әрқашан әлемдік деңгейдегі спортшыларымен танымал. Біздің қаламыз – чемпиондар ұстаханасы, – дейді Ислам Абдраимов.

Бапкердің жұмысы сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Спортшы жаттығады, бапкер бақылап отырады. Алайда, оның жауапкершілігі мұнымен шектелмейді. Ол спортшыға тек соққы жасауды немесе қорғануды үйретпейді. Рингке шыққан адамның бойындағы қорқынышпен жұмыс істейді, жеңілістен кейін қайта тұруға, қысымға төтеп беруге, қиын сәтте өзіне сенуді үйретеді.

Әйелдер боксымен жұмыс істеудің өзіндік ерекшелігі де бар. Ислам Абдраимов қыздардың тәртібін жоғары бағалайды. Дегенмен, тәртіппен қатар әр спортшының мінезін түсіну маңызды деп есептейді. Біріне қатаң талап қажет болса, екіншісіне жылы сөз бен қолдау керек. Бапкер үшін шәкіртін түсіну – жаттығу жоспарын құрудан кем емес міндет. Өйткені спортшының физикалық дайындығы қаншалықты жоғары болса да, оның ішкі жағдайы ескерілмесе, нәтиже де күткендей болмауы мүмкін.

Бұл ұстанымға оның өз өмір жолы да әсер еткен. Кәсіби жолының ең ауыр кезеңдерінің бірінде оның өмірінде үлкен жауапкершілік қатар келді. Барар жері болмай, спортзалда тұрған кездері де болды. Сол уақытта анасы мен әжесі де оның қамқорлығында еді. Мұндай қиындық адамды қажытып, арманынан бас тартуға мәжбүр етуі мүмкін. Бірақ, ол жаттықтыруды тоқтатпады. Керісінше, сол кезеңде өзіне үлкен мақсат қойып, қандай жағдай болса да, жетістікке жетуге, тарих жасауға және нәтижеге қол жеткізуге бел буды.

Бәлкім, сондықтан да, ол жеңілген спортшыға бірден қысым жасамайды. Жеңілістің қандай сезім екенін өзі де жақсы біледі. Жекпе-жектен ұтылған спортшының ішінде онсыз да ауыр салмақ болады. Мұндай сәтте оған қосымша қысым емес, алдымен қолдау қажет. Ислам Абдраимов шәкіртінің есін жиып, жеңілісті қабылдауына мүмкіндік береді. Бірнеше күн өткен соң ғана жекпе-жектегі қателіктерді талдап, оларды түзетуге кіріседі.

Жеңіске жеткен спортшыға да тоқмейілсуге жол жоқ. Бір медаль немесе бір жеңіс жұмыстың аяқталғанын білдірмейді. Керісінше, келесі белеске деген жауапкершілікті арттырады.

Әйелдер боксы осы жүйенің нәтижесін айқын көрсетіп отыр. Қарағандының бокс тарихында жаңа белес ашқан Аида Әбікеева әйелдер арасында әлем чемпионы атанған алғашқы жерлесіміз. Кейін ол бұл жетістігін тағы қайталап, екі дүркін әлем чемпионы атанды.

Бапкердің шәкірттері арасында ерекше із қалдырған спортшының бірі осы – Аида. Бапкер оның спорттағы жолын, мінезін және еңбекке деген көзқарасын ерекше атап өтеді. Аиданың жетістігі де чемпиондықтың тек талантпен немесе физикалық дайындықпен келмейтінін көрсетеді. Оның артында күнделікті еңбек, тәртіп және өзіңді жеңе білу қабілеті тұр.

Әлем чемпионатындағы екі жеңіс – үлкен нәтиже. Бірақ бапкер үшін бұл межеге жеткен соң тоқтайтын уақыт емес. Әр жеңіс келесі мақсатқа деген жауапкершілікті арттыра түседі.

Бүгінде Ислам Абдраимовтың алдында тұрған басты міндет – Қарағандыдағы әйелдер бокс мектебінің мүмкіндігін жаңа деңгейге көтеру. Ол үшін халықаралық жарыстарға көбірек қатысу, мықты спаррингтер өткізу, оқу-жаттығу жиындарын көбейту және әлемнің үздік спортшыларымен тәжірибе алмасу қажет. Халықаралық деңгейдегі бәсеке спортшыдан үнемі ізденуді, жаңа әдістерді меңгеруді және дайындық деңгейін арттыруды талап етеді.

Қарағандының әлем чемпиондарын тәрбиелей алатыны дәлелденді. Ендігі үлкен мақсат – Азия ойындары мен Олимпиада. Бұл жарыстар спортшы үшін ғана емес, бапкер үшін де үлкен сын. Мұнда жеке спортшының дайындығымен бірге тұтас мектептің мүмкіндігі сыналады. Бүгінгі медальдар – келесі биіктерге бастайтын баспалдақ.

– Жаттықтырушы ретінде өзімнен кейін өзімнің бокс мектебімді және туған қалам – Қарағандының дамуына қосқан үлесімді қалдырғым келеді. Қаламыз бен еліміздің намысын қорғайтын мықты спортшыларды, чемпиондарды және нағыз азаматтарды тәрбиелегім келеді. Менен кейін тек медальдар ғана емес, мықты бокс мектебі, шәкірттерім және менің жолымды жалғастыратын жаттықтырушылар қалса деймін, – дейді бапкер.

Қарағандының әйелдер боксы бүгінде ел назарындағы спорт бағыттарының біріне айналып келеді. Оның әрбір жеңісінде спортшы қыздардың қайсарлығы ғана емес, сол қайсарлықты күн сайын шыңдап отырған бапкерлердің еңбегі бар. Сол еңбектің бір бөлігі Ислам Абдраимовтың есімімен тығыз байланысты.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button