Садақтан серпілген рух
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлеріне, соның ішінде, дәстүрлі садақ ату өнеріне деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Бұған дейін бұл спорт түрі Ұлттық спорт қауымдастығының құрамында болған. Былтыр жеке аккредитациядан өтіп, дербес федерация ретінде жұмысын бастады. Бүгінде федерацияға Қуан Ақшолақов жетекшілік етіп, өңірде дәстүрлі садақ атуды кеңінен насихаттап келеді. Ұлттық өнердің тамырына қан жүгіртіп, жас ұрпақтың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында игі істерге мұрындық болып отыр.

– Дәстүрлі садақ атудан өтетін турнирлер көбейіп келеді. Ел кубогы, ел чемпионаты тұрақты өткізілуде. Одан бөлек, жыл сайын Шымкентте Азия чемпионаты тұрақты ұйымдастырылады. Биыл Атырауда Әлем кубогы өтпек. Өңірде садақ атумен кәсіби түрде айналысатындардың саны 200-ге жетті. Ал, қызығушылық танытып, әуестеніп жүргендердің саны мыңнан асады. Сонымен қатар, ересектер арасында өнер көрсетіп жүрген жерлесіміз Жанар Сархытхан мен жастар арасында бақ сынайтын Дәулет Насыр ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүр, – деді Қуан Қуатұлы.
Бұл спорттың да өзіндік қатаң талаптары, қалыптасқан ережелері бар. Қатысушылар жарысқа тек ұлттық киіммен шығуы тиіс. Ал, аяқ киімі ұлттық үлгіге сәйкес келмесе жалаң аяқ өнер көрсетеді.. Садақ пен жебе де табиғи материалдардан жасалуы шарт. Жарыстар дәстүрлі садақ атудың «Пута», «Қалқан», «Орта Азия» және «Жамбы ату» бағыты бойынша өткізіледі. Дегенмен салада жетістіктермен қатар, қордаланған мәселелер де бар. Федерация жетекшісі алты ай қар жамылып жататын Арқа өңірінде спортшылардың дайындығын үздіксіз жалғастыру үшін жабық садақ ату алаңы ауадай қажет екенін айтады. Мұндай нысан мергендердің қысқы маусымда да жаттығуын тоқтатпай, шеберлігін шыңдауына мүмкіндік беретінін баса айтты.
– Бүгінде 43 мемлекет меморандумға қол қойып, дәстүрлі садақ атуды дамытуға күш салып жатыр. Біздің өңірде де бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – «Жас сарбаз» жобасы. Спорт түріне қызығушылық танытқан оқушылар үшін мектептерде арнайы үйірме ашып жатырмыз. Қазір Қарағандыда кемінде үш мектепте аталған үйірме тұрақты жұмыс істеп тұр. Жоба аясында аталған мектеп үйірмесі жаттықтырушымен, арнайы ату алаңы және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Балқашта, Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы мен Ақадыр кенттерінде де үйірмелер өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Ал, Қарқаралы өңіріне демеушілердің көмегімен қажетті құрал-жабдықтар алынды. Саран қаласында жекеменшік клубтар ашылуда. Алдағы уақытта Теміртауда да осындай клуб ашу жоспарда бар. Ең басты мәселе – инфрақұрылым. Спортшыдан тұрақты нәтиже күту үшін оның жыл бойы үздіксіз жаттығуына жағдай жасалуы керек. Сондықтан, бізге ең алдымен заманауи талаптарға сай жабық ату алаңы қажет. Бұл мәселе оң шешімін тапса, дәстүрлі садақ атудан бұдан да биік белестерді бағындыруға дайынбыз, – деді Қуан Ақшолақов.
Шет ауданының Ақадыр кентіндегі Ю. Гагарин атындағы мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Нұрбол Жеңісов те ұлттық спортты насихаттап, жас ұрпаққа бабадан қалған мергендік өнерді үйрету жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың бірі. 2017 жылы жеке кәсіпкер Саят Әуесбаевтың бастамасымен мектеп қабырғасында алғаш рет садақ ату үйірмесін ашып, ұлттық спортты оқушылар арасында кеңінен насихаттауға кіріседі. Содан бері дәстүрлі садақ атуды мектепте тұрақты дамытып, оны білім беру үдерісіне енгізуге күш салған. Нәтижесінде, садақ ату оқу бағдарламасына вариативті курс ретінде енгізіпті.
– 2022 жылдан бастап дәстүрлі мергендік бағытына бет бұрдым. 2023 жылы Шымкентте өткен Азия чемпионатына қатысып, содан бері бұл спорт түрін өңірде кеңінен насихаттап келемін. Кейін төрт жылда бір келетін республикалық «Ақбидай» ойындарында жамбы ату сайысынан І орын иеленіп, облыс көлемінде ерлер арасында спорт шебері нормативін орындаған алғашқы мерген атандым. Бүгінде Ақадыр кентінде 20-ға жуық шәкірт тәрбиелеп отырмын. Солардың қатарында Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген оқушым да бар, – деді Нұрбол Жеңісұлы.
Мерген «Балаға үйретпес бұрын, өзің үйренуің керек» деген ұстанымды берік ұстаған жанның бірі. Дәстүрлі садақ атуды қолға алған алғашқы жылдары бұл өнерді үйрететін маман да, бағыт-бағдар беретін орта да болмаған. Әлеуметтік желіден де қажетті ақпаратты табу оңай емес еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жан-жақты ізденіп, 2018 жылдан дәстүрлі садақ атуға арналған авторлық бағдарламасын әзірлеуге кіріскен. Көп жылғы еңбектің нәтижесінде былтыр Қарағанды қаласының оқу-әдістемелік орталығымен бекітілген, 167 беттен тұратын дәстүрлі садақ атудан авторлық әдістемелік құрал жарық көрді. Еңбекте садақ атудың терең тарихынан бастап, ұлттық киім үлгілерінің ерекшелігі, нысана түрлері, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар мен жұмыс дәптерлеріне дейінгі қажетті материалдың барлығы қамтылған. Бағдарлама 34 оқу сағатына негізделген. Бүгінде аталған әдістемелік құралдың игілігін Ұлытау, Павлодар, Алматы облыстары мен Астана қаласындағы бірқатар мектеп көріп отыр.

Мергендік өнердің тағы бір маңызды қыры – құрал-сайманында. Қазіргі таңда дәстүрлі садақ атуға қажетті сапалы жебе мен өзге де жабдықтардың бағасы арзан емес. Сондықтан, олардың құнын кез келген спортшының қалтасы көтере бермейді. Осы мәселенің шешімін оңтайландыру үшін өзі жебе жасаудың қыр-сырын меңгеріп, үйінің іргесінен шағын шеберхана ашады. Бүгінде оның қолынан шыққан жебелерді өңірде дәстүрлі садақ атумен айналысатын спортшылардың шамамен 80 пайызы пайдалануда. Өзі наурыз айынан бері шеберханадан екі мыңға жуық жебе дайындап, спортшыларға жөнелтіпті.
– 2024 жылы өзіме қарағайдан жасалған түрік жебесін 600 мың теңгеге сатып алдым. Бір жылдан кейін ұлым екеумізге тағы да осындай жебелерді бір миллион теңгеге алуға тура келді. Бұған дейін де жебе жасауды үйренсем деген ойым болған. Құрал-жабдықтың қымбаттығы мен тапшылығы осы істі өз қолыма алуыма түрткі болды. Сөйтіп, жебе жасаудың қыр-сырын өз бетімше меңгердім. Негізгі ағаш материалын Түркиядан, ал, қауырсынын Қытайдан алдырамын. Оның өзінде жебе бізге ұзындығы 80 сантиметр болып, тек кесілген күйінде келеді. Көпшілік жебе жасауды оңай деп ойлауы мүмкін. Алайда, шын мәнінде әр жебе спортшының бойына, қолының созымына және садақтың тарту күшіне қарай жеке-жеке әзірленеді. Оның салмағы мен иілгіштігіне, грамына дейін дәл есептелуі қажет. Осы өлшемдердің бірі дұрыс болмаса, жебе нысанаға дәл тимеуі мүмкін. Жебелерді алдымен бір күн кептіремін. Екінші күні өлшемдерін нақтылап, содан кейін ғана толық дайындап шығамын. Өзім садақтың кірісін әр үш ай сайын ауыстырамын. Оның да өзіндік жасау технологиясы бар. Кермесін арнайы станоктың көмегімен дайындап, өзім өремін, – деді Нұрбол Жеңісов.
Бабадан мирас болған мергендік өнердің бүгінгі ұрпаққа жетіп, заман талабына сай жаңғыруы – ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын көрінісі. Осы жолда Қарағанды өңірінде дәстүрлі садақ атуды дамытуға аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі ерен. Олардың табанды ізденісі мен жүйелі жұмысының арқасында ұлттық спорттың тынысы кеңейіп, тамырына қайтадан қан жүгіріп келеді.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



