Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

«Қазақстан Барысы-2026» жеңімпазы белгілі болды

Астанада қазақ күресінен дәстүрлі «Қазақстан Барысы-2026» республикалық турнирінің жеңімпазы анықталды.

Сурет Қазақстан Барысы турнирының ресми парақшасынан

Биылғы додада еліміздің әр өңірінен келген мықты балуандар бақ сынады. Қарағанды облысының атынан Марлен Жаңғабыл («Жетіру») мен Жаңабек Жақсыжол («Керей») қатысты. Алайда қос балуан да жарыс барысында қарсыластарына жол беріп, жүлделі орындардан көріне алмады.

Жартылай финалда Жамбыл облысының өкілі Ғалымжан Қырықбай Шымкент қаласының балуаны Нұрсұлтан Қожагелдіұлынан басым түсті. Ал Маңғыстау облысының намысын қорғаған Жантілек Нұртілепұлы Қостанай облысының өкілі Алмас Жұмағалиды жеңіп, финалға жолдама алды.

Бас жүлде үшін өткен шешуші белдесуде Жантілек Нұртілепұлы мен Ғалымжан Қырықбай кездесті. Нәтижесінде Маңғыстау облысының балуаны қарсыласынан басым түсіп, «Қазақстан Барысы-2026» атанды.

Үшінші орын үшін болған тартыста Нұрсұлтан Қожагелдіұлы Алмас Жұмағалиден басым түсіп, қола жүлдеге ие болды. Осылайша, Ғалымжан Қырықбай – күміс, Нұрсұлтан Қожагелдіұлы – қола жүлдені еншіледі.

Турнир жеңімпазына «Қазақстан Барысы» атағымен бірге алтын белбеу, ауыспалы «Тайтұяқ» кубогі және 15 млн теңге ақшалай сыйлық табысталды. Күміс жүлдегер 3,5 млн теңге, ал қола жүлдегер 1,5 млн теңге көлемінде сыйақы алды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button