Қарағандының қос балуаны – «Қазақстан Барысы-2026» төрінде облыс намысын қорғайды
Биылғы «Қазақстан Барысы – 2026» республикалық турнирі 15 тамызда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Қарағанды облысының қос мықты балуаны – Марлен Жаңғабыл («Жетіру») мен Жаңабек Жақсыжол («Керей») биылғы «Қазақстан Барысы – 2026» республикалық турнирінде өңір намысын қорғайды. Қазақ күресінен өтетін дүбірлі додада елдің әр өңірінен келген үздік балуандар бас қосып, «Қазақстан Барысы» атағы үшін боз кілемде белдеседі.

Марлен Жаңғабыл («Жетіру») 1992 жылғы 3 мамырда дүниеге келген. Қазақ күресінен спорт шебері. Тәжірибелі балуан үшін республикалық деңгейдегі бұл бәсеке өзінің шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік.
Ал, Жаңабек Жақсыжол жанкүйерлерге «Керей» лақап атымен танымал. Балуан 2001 жылғы 24 шілдеде дүниеге келген. Жас спортшы да елдің ең мықты балуандарымен боз кілемде күш сынасып, Қарағанды облысының намысын қорғайды.
«Қазақстан Барысы» – қазақ күресінен аса ауыр салмақтағы балуандар арасында өтетін республикалық жарыс. Турнир барысында спортшылар жекпе-жек өткізіп, жарыс нәтижесі бойынша үздіктер анықталады.
Қарағандының қос барысына сәттілік!
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



