Бүгін – Спорт күні
Аймақта қалыптасқан спорттық дәстүр бүгінде жаңа мазмұнмен толығып, тұтас жүйеге айналды. Кезінде қарапайым спорт алаңдарынан басталған талай баланың асқақ арманы заманауи спорт сарайларында шыңдалып, республикалық және халықаралық додаларға ұласуда. Кезінде жекелеген саңлақтардың жеңісі өңір мерейін үстем етсе, ал, бүгінде Қарағандыда бұқаралық спорттан бастап, жоғары жетістіктерге дейінгі сабақтастық бар. Спортпен шұғылдануға мүмкіндік артты. Жас таланттарды тәрбиелеудің тетіктері жетілдіріліп, қарағандылық спортшылардың ел ішіндегі және халықаралық аренадағы бәсі бекемдей түсті. Осылайша кеншілер өлкесінің спорттық шежіресі жаңа дәуірге қадам басты.

Бүгінде спорт өңір өмірінің барлық саласына дендеп енген. Жыл басынан бері облыста 1 027 бұқаралық спорттық іс-шара өткізілсе, оның 498-і ауылдық жерлерде ұйымдастырылған. Оған жалпы 85 458 адам қатысса, соның 42 349-ы – ауыл тұрғындары.
Ауыл спорты – өңір спортының берік тамыры. Өйткені, ел намысын қорғаған талай чемпионның алғашқы қадамы да, үлкен спортқа деген арманы да ауылдағы қарапайым алаңнан басталған. Сондықтан, ауыл спортына жасалған жағдай – бүгінгі жетістікке, ертеңгі чемпиондарға салынған инвестиция. Ал, ең бастысы сол арманға жол ашып, талапты жастың талантын дер кезінде тани білу.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов қазіргі таңда облыста 1 607 спорт ұйымы жұмыс істейтінін атап өтті.
– Биыл жыл басынан бері өңір намысын қорғап, әлемдік додаларда ел мерейін үстем еткен спортшыларымыздың жетістігі аз емес. Азия чемпионаттарында боксшыларымыздың мерейі үстем болды. Балуандарымыз да белдесулерде жоғары нәтижелер көрсетті. Халықаралық жарыстарда жеңіл атлеттеріміз топ жарса, Азия чемпионаттарында велошабандоздарымыз да жүлдеден кенде қалған жоқ.
Артистикалық жүзуден Азия чемпионатында спортшыларымыз рекордтық деңгейде медаль еншіледі. Қарағандының үстел теннисі мектебінің өкілдері де республикалық және халықаралық турнирлерде тұрақты түрде жеңіске жетіп келеді. Жалпы, жыл басынан бері өңіріміздің 19 877 спортшысы 645 жарысқа қатысып, 5 900 медаль жеңіп алды. Алдымызда үлкен міндет – Азия ойындары. Қазіргі таңда Қарағанды облысынан 40 спортшы осы маңызды додаға қатысуға дайындалып жатыр, – деді Нұркен Қанатұлы.
Өңір спортының бүгінгі тынысын өткен кезеңнен ерекшелендіретін маңызды бағыттың бірі – инклюзивті спорт. Осы мақсатта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында елімізде теңдесі жоқ жоба жүзеге асуда. Жоба аясында аутизм спектрі бұзылыстары, Даун синдромы және психикалық даму тежелуі бар балалар жүзу мен жеңіл атлетикаға қатысуына мүмкіндік жасалған. Сал ауруы бар балалар шахмат пен таэквондоны меңгеріп, өз мүмкіндіктерін жаңа қырынан танытуда.

– Қарағандының жас спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі шын мәнінде шексіз екенін дәлелдеуде. Олардың әрбір жеңісі – қоғамдағы инклюзияның, табандылықтың және адам мүмкіндігінің жаңа шекарасын көрсететін маңызды нәтиже, – деді Нұркен Нұратов.
Басқарма басшысы бүгінде өңірден шыққан 119 ерекше спортшы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсететінін атап өтті. Атап айтсақ, Қарағандының сурдо-футзалдан құрама командасы ел чемпиондары атанған. Ал, бочча, шахмат, пара-армрестлинг, жүзу, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика және пауэрлифтинг бағыттарында бақ сынаған спортшыларымыз ел біріншіліктерінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

Сонымен қатар, Қарағандының спорттық шежіресінде ұлттық спорттың да орны айрықша. Уақыттың шаңына көмілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық рухтың айнасы. Ат үстіндегі бабалардан қалған дәстүр, бозкілемдегі балуандардың белдесуі, садақ оғының нысанаға дәл тиюі, тоғызқұмалақ тақтасындағы терең ой мен зерде – бәрі халқымыздың болмысымен біте қайнасқан асыл мұра. Бүгінде осы дәстүрлер жаңа сипат алып, спорттық жарыстар арқылы қайта жаңғырып келеді.
– Қарағандылық 54 спортшы Қазақстан ұлттық құрамасының сапына енді. Олар қазақ күресі, құсбегілік, тоғызқұмалақ, жамбы ату, асық ату, дәстүрлі садақ ату сынды ұлттық спорт түрлерінен елдік және халықаралық додаларда өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Көкпаршыларымыз да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Өңірде ұлттық спортқа арналған ауқымды фестивальдер тұрақты өткізілуде. Осыған қарап-ақ дәстүрдің жаңғырып, ұлттық ойындардың жаңа буынның өміріне қайта еніп келе жатқанын аңғаруға болады. Ал спорттың даму деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштің бірі – оның инфрақұрылымы. Бүгінде облыста 1 384 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның 331-і ауылдық жерлерде орналасқан. Спорттың географиясы кеңейіп, бұқаралық спортпен айналысуға мүмкіндік біртіндеп шалғай елдімекендерге де жетті, – деп атап өтті Нұркен Қанатұлы.
Биыл Приозерск қаласында, Шет ауданындағы Кеншоқы ауылында және Ақтас кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ел игілігіне берілді. Қарқаралы ауданындағы Көктас ауылында салынып жатқан кешеннің құрылысы да аяқталуға жақын. Қазіргі таңда облыста тағы сегіз спорт нысанының құрылысы жалғасуда. Қарағайлы, Жарлы, Қушоқы, Успенка, Ақсу-Аюлы ауылында, Саран қаласы мен Күнгей шағын ауданында жабық бассейндер бой көтеріп жатыр. Бұған қоса, облыс орталығында ірі футбол академиясының құрылысы басталды. Қолданыстағы нысандарды жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Биыл тоғыз спорт нысанын жөндеуге 160,1 млн теңге бөлінген. Бүгінде оның жетеуінде жұмыстар толық аяқталыпты.

Қарағандының мінезі қашан да қайсарлықпен өлшенген. Кеше Қарағанды спортының даңқын жекелеген чемпиондар асқақтатса, бүгін сол чемпиондарды тәрбиелейтін тұтас жүйе қалыптасып келеді. Спортқа қадам басқан кешегі жас санаулы үйірмемен шектелсе, бүгінде жастар үшін түрлі спорт секциялары, мамандандырылған мектептердің есігі айқара ашық. Сонау жылдары ауыл баласының үлкен спортқа жол тартуы сирек кездесетін жағдай болатын. Ал, бүгінде ауылдық жерлерде тұрақты ұйымдастырылатын түрлі жарыстар жас спортшыларға мүмкіндік беріп отыр. Демек, Қарағанды спортының ең үлкен жеңісі – осында. Спорт өңір халқының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, ел тұрмысымен біте қайнасып келеді. Олай болса, кен қазған кеншілер астанасынан ел намысын қорғайтын чемпиондардың шығуы заңдылық!
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



