Дастан Сәтбаев – «Бернли» ойыншысы
Қазақ футболының жұлдызы Дастан Сәтбаев мансабын Англияның «Бернли» клубында жалғастырады. 18 жастағы шабуылшы «Челсиден» 2026/27 маусымының соңына дейін бір жылға жалға берілді. Бұл ақпаратты лондондық клуб ресми түрде растады.

Сәтбаев биыл жазда «Қайраттан» «Челсиге» ауысып, ағылшын клубымен ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойған еді. Қазақстандық футболшы жаңа командасының маусым алдындағы турниріне қатысып, бірнеше кездесуде алаңға шықты. Соның ішінде Австралиядағы «Уэстерн Сидней Уондерерс» клубына қарсы жолдастық кездесуде гол соғып, «Челсидің» 6:4 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.
Енді Сәтбаев Англия чемпионатының Чемпионшип дивизионында өнер көрсететін «Бернлидің» сапында тәжірибе жинайды. Клуб өткен маусым қорытындысы бойынша Премьер-лигадан түсіп қалған және жаңа маусымда қайтадан элиталық дивизионға оралуға таласады. Сондықтан жас футболшы үшін бұл ауысым тұрақты ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді.
«Бернли» футбол клубы 1882 жылы құрылған. Команда Англия чемпионы атанған және ел кубогын жеңіп алған тарихи клубтардың бірі.
Дастанның «Бернлидегі» алғашқы маусымы қазақстандық жанкүйерлердің де назарында болары анық.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



