Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Қаржы саласында оң көрсеткіш

Өткен қаржы жылының қорытындысы бойынша 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуының оң көрсеткіштері қалыптасты.

Облыстық бюджетке жалпы 547,3 млрд. теңге немесе жоспардан артық 101% қаржы түсті. Облыстық бюджеттің меншікті кірістерінің атқарылуы 104,6 млрд. теңгені немесе 105,3%-ды құрап, 5,2 млрд. теңгеге асыра орындалды. 2020 жылмен салыстырғанда кірістер түсімі 22,3 млрд. теңгеге немесе 27,1%-ға ұлғайды.

Кірістер бойынша жоспардың орындалуы өңірдегі бюджеттік тұрақтылықты және әлеуметтік міндеттемелердің толық көлемде орындалуын қамтамасыз етті.

2021 жылғы бюджет өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалды (бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 50%-ы). Шығындар негізінен ең маңызды бағыттарға шоғырланды.

Облыс бойынша білім беру саласында өткен жылы сапалы білім беру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру ұйымдарын техникалық жарақтандыру үшін жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Осылайша, білім беру ұйымдарының терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету үшін ТТО объектілерін дабыл түймелерімен, дауыстық күшейткішпен, турникеттермен және мамандандырылған күзетпен жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізілді. 2021 жылы 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ ұйымдастырылды.

Жыл сайын бюджетте білім беру объектілеріне кезең-кезеңімен жөндеу жүргізуге және олардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға қаражат көзделеді. Осы мақсаттарға 2021 жылы 9,8 млрд. теңге бағытталды. Денсаулық сақтау саласында жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша тегін медициналық көмектің қосымша кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге, оның ішінде орфандық (сирек кездесетін) аурулармен ауыратын науқастарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуге арналған шығыстар 1,3 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты күшейту мақсатында 2021 жылы Қарағанды облысы резервінен 7 млрд. теңге бөлінді. Жалпы облыс бойынша барлық денсаулық сақтау ұйымдары жөндеу жұмыстарымен және материалдық-техникалық жарақтандырумен қамтылды.

Мәдениет және спорт салаларында 2021 жылы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау үшін мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты іске асыру арқылы спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру тетігі енгізілді. Аталған іс-шараларды іске асыруға 526,6 млн. теңге бөлінді.

Бұдан басқа, 2021 жылы облыс өңірлерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру басталды. Осы жоба аясында Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Саран қалаларында және Осакаровка кентінде қолданыстағы бейнебақылау жүйесі кеңейтілді, сондай-ақ, жолдарда бұзушылықтарды тіркеу жүйелері орнатылды.

«Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру аясында бейнебақылау қызметінің енгізілуіне байланысты 2021 жылдың қазан айынан бастап, облыстық бюджеттің кіріс бөлігіне қосымша 718 млн. теңге сомасында әкімшілік айыппұлдар түсті, ал жалпы жыл бойынша 2,8 млрд. теңге көлемінде айыппұлдар түсті.

Есепті жылы экономиканың нақты секторын дамытуға республикалық және облыстық бюджет есебінен шамамен 81 млрд. теңге бөлінді.

Осылайша, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында Қарағанды қаласының 5 көппәтерлі тұрғын үйлерінде жылу жүйелерін орнату бойынша іс-шаралар басталды.

Көлік инфрақұрылымына келетін болсақ, есепті кезеңде бөлінген қаражат шеңберінде облыстың жол қорын сақтау және жақсарту үшін, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 500 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту саласында облыстық, сондай-ақ өңірлік деңгейлерде кәсіпкерлік бастамаларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыс жалғастырылды. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы саласында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті ұлғайту және импортқа тәуелділікті азайту бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді.

Облыстың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін инвестициялық саясатты іске асыру бойынша жұмыс жүргізіледі, оған жыл сайын әлеуметтік маңызы бар объектілерді салу және реконструкциялау саласында қаражат көзделеді. Бюджеттік инвестициялардың басымдықтары: тұрғын үй құрылысы, ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту, әлеуметтік сала және көлік инфрақұрылымы болып табылады.

Осы мақсаттарға 2021 жылы барлығы 94,6 млрд. теңге немесе облыстық бюджеттің жалпы көлемінің 17,3% бағытталды. Есепті кезеңде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын іске асыру жалғастырылды. Қарағанды облысына білім беру (1 жоба), денсаулық сақтау (4 жоба), ТКШ (4 жоба) салаларына 8,8 млрд. теңге және отандық тауарлар өндірісін, қызметтер көрсетуді дамыту және жұмыс орындарын құру үшін 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен шетелдік микрокредиттер беруге 1,8 млрд. теңге сомасында 9 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 10,6 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Басқарма мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару жөніндегі сенімді тұлға ретінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру үшін 3,9 млрд. теңге көлемінде бағалы қағаздар шығарды.

Есепті кезеңде денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, ауыл шаруашылығы саласындағы объектілердің құрылысы аяқталды.

Өткен жылдың қорытындыларын негізге ала отырып, сондай-ақ орта мерзімді кезеңнің бағамын және міндеттерін дәйекті іске асыруды ескере отырып, 2022 жылға арналған бюджет қалыптастырылды.

Жалпы, ағымдағы жылға арналған облыстық бюджет республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді ескере отырып, 541,6 млрд. теңгені құрайды.

Өткен жылдағыдай әлеуметтік проблемаларды әлеуметтік сала ұйымдарын бюджеттік қаржыландыруды жақсарту жолымен шешу мәселесі басым болып қала береді.

2022 жылға арналған облыстық бюджетте әлеуметтік салаға бағытталған шығыстардың үлесі бюджеттің жалпы көлемінің 52,7%-ын немесе 285,6 млрд. теңге көлемінде құрайды. Бюджет әлеуметтік бағытты сақтауды жалғастыруда.

Әлеуметтік саладағы бюджет шығыстарының басымдықтары халықтың өмір сүру сапасын, әл-ауқатын арттыруға және жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталатын болады. Бұл – халықтың табысы аз топтарын қолдау мен табыстарын арттыруды ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау; әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және жаңғырту; кедергісіз орта құру, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында кадрлармен қамтамасыз ету, инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде педагогтердің құзыреттілігін арттыру.

Сондай-ақ, әлеуметтік сала объектілерін: мектептерді, интернаттарды, ауруханаларды, мәдениет үйлерін, спорт мектептерін және басқаларды, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет саласының жас мамандарын, әртістерді, музыканттарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін ғимараттарды 13,5 млрд. теңге сомасына материалдық-техникалық жарақтандыру және кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстарын жүргізу басымдық болып қала береді. 2021 жылы 4-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді тегін үйірмелермен және спорт секцияларымен қамту бойынша басталған жұмыс жалғасатын болады.

2021 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, атап айтқанда архивариустар, кітапханашылар, музейтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және басқа жалақысы (тарифтік ставкалары) кезең-кезеңімен көтерілетін болады.

Облыс аумағындағы төтенше жағдайларға жедел ден қою және қауіпсіздік ті қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру 2022 жылы да жалғасады, сонымен қатар Қарағанды, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 2022 жылы қосымша бейнебақылау жүйелері орнатылады. Облыс жастарына қолдау көрсету мақсатында бюджет шығыстарында алғаш рет «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті тұрғын үй қарыздарын беру жөніндегі жобаны іске асыруға 500 млн. теңге сомасында шығыстар көзделген. Бұл жоба пилоттық болып табылады және алдағы уақытта бюджет қаражаты есебінен де, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ меншікті қаражаты есебінен де қаржыландыруды ұлғайту есебінен оған қатысушылардың тізбесін кеңейту жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасының Экологиялық және бюджеттік кодекстеріне енгізілген өзгерістерді ескере отырып, 49,5 млрд. теңге сомасына 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, оның шеңберінде ағымдағы жылдан бастап жыл сайын бүкіл облыс бойынша атмосфералық ауаны, су объектілерін, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау және жерді қорғау салаларында іс-шаралар іске асырылатын болады.

Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген іс-шаралар шеңберінде су шаруашылығы құрылыстарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман өсіруге тартылған ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылатын болады.

Ағымдағы жылы жол-көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіпті жақсарту, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бөлігінде экономиканың нақты секторын дамыту бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021- 2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру мақсатында 2022 жылы Ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі жұмыс жалғасады.

2022 жылы Саран қаласында шина шығаратын зауыт құрылысын аяқтау және «К.Маркс көшесі мен Магнитогорская көшесі» бойынша автомобиль жолдарын, сондай-ақ, Қарағанды қаласының «7-ші магистраль» жолын күрделі жөндеуді аяқтау жоспарлануда.

Тұрғын үй қатынастары саласында облыстың ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлеріне қолдау көрсету мақсатында облыстық бюджет есебінен облыстың 5 моноқаласында «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй қарыздарын беру жөніндегі жобаны іске асыруға 1 млрд. теңге сомасында шығыстар көзделген Инвестициялық саясатты іске асыру экономикалық өсудің жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және облыс экономикасының тиімділігін арттыруға бағытталған экономикалық реформалардың басты бағыттарының бірі болып табылады.

2022 жылға арналған даму бюджеті 71,3 млрд. теңгені немесе облыстық бюджеттің жалпы көлемінің 13%-ын құрайды.

Ағымдағы жылы Қарағанды облысы үшін 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасын, онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогын жапсарлас салу, Саран қаласында қазандық, Қарағанды қаласында ЖЭО-3 жылумен жабдықтаудың магистральдық желілерін салу, газ тарату желілерін салу сияқты маңызды жобаларды іске асыру жалғастырылады. Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауы шеңберінде Қарағанды облысында жыл сайын бес жыл ішінде жалпы білім беретін мектептердің құрылысы жүзеге асырылатын болады.

Биыл 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемінің қолданылуының соңғы жылы болып табылады.

Бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру және ашықтық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша, сондай-ақ, бюджет ресурстарын бөлу кезінде бюджеттің әрбір деңгейінің тәуелсіздігін нығайту бойынша жұмыс жалғастырылады.

Ағымдағы жылы облыста 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің жаңа көлемі бекітіледі.

Мемлекет басшысы қойған тапсырмалар мен міндеттерді іске асыру, сондай-ақ, бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс жалғасады.

Людмила БАШАРИНА, Қарағанды облысының қаржы басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button