АймақҚарағанды

«Қарызсыз қоғам» қанат қақты

Соңғы жылдары құмар ойынға тәуелділік белең алып, несие алатындар қатары артты. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Президент  жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға шектеуді күшейтуді тапсырған. 5 ақпанда республикалық «Қарызсыз қоғам» акциясы бастау алды. Акция аясында Қарағанды облысы бойынша 9000 адамды оқыту жоспарланған.

– Халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігінен несиеге ұрыну жиі кездесуде. Жобаға екіден астам несиесі бар және алған несиелерін өтеуде қиындықтарға тап болған жандар да қатысуда. Сондай-ақ, адам онлайн режимінде несиеге жүгініп, тіпті қай банктен алғанын да білмейді. Кейбір адамдар келісімшарттарды мұқият оқымайды. Ал онда, мысалы, несиені мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұл бар деп жазылған. Көптеген адамдар отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлауды білмегендіктен,  қарызға батады. Оқу курсы барысында жобаға қатысушылар несиелер бойынша артық төлем сомасы және жоғары пайыздық мөлшерлеме жайлы мәлімет алады.

Осылайша  біз  азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсетіп, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға көмектесеміз. Азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша қарыздарын шешудің дұрыс жолына бағыттаймыз, – дейді  Қарағанды ​​облысындағы «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Әсел Атабаева.

Әсел Атабаеваның айтуынша, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылып, еліміздің барлық жоғары оқу орындарына, колледждеріне және мектептеріне қаржылық сауат курсы енгізілмек. 450 мың оқушы мен 100 мың студентті қаржылық сауат негіздеріне үйрету де жоспарланған. Осылайша, келесі жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасында жалпы саны 750 мың адам қаржылық сауатты үйренеді деп жоспарлануда.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейтетін Жол картасын және қалаларда ашылатын жобалық кеңселердің жұмысы туралы Ережені дайындаған болатын. Жобалық кеңселер азаматтарға қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді.

– Жоба тұрғындарға қаржыны нәтижелі мақсатта қолдануға бағыттайды. Облыс бойынша 9000 адам қаржылық сауаттылығын арттырады. Осы орайда 5 сарапшы жұмыс істейді. Тыңдаушылар таңертең теориялық білім алып, түстен кейін нақты сұрақтарына жауап алады. Көптеген сауалдары бар жандар өздері тұратын жергілікті қала, аудандардағы  кәсіпкерлік қолдау орталықтары арқылы өтініш бере алады, –дейді «АМАNАТ» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.

«AMANAT» партиясының мұрындық болуымен өтетін «Қарыз қоғам» 5 күндік курсын оқу үшін партияның жергілікті филиалына, қалалар мен аудандардың жергілікті әкімдіктеріне хабарласып, жазылу керек. Жоба қазіргі таңда Қарағанды, Қарқаралы, Абайда жұмысын бастады.

12 ақпанда Теміртау мен Шет ауданында жалғасады. Демеушілер қатарында Қазақстанның екінші деңгейлі банктері Қазақстан Халық Банкі, Forte Bank, Хоум Кредит Банк, First Heartland Jusan Bank, RBK Bank, Freedom Finance Bank Kazakhstan, Еуразиялық банк, Altyn Bank, Нұрбанк бар.

Акция аясында сондай-ақ, 750 мың адамды, оның ішінде 100 мың студентті және 550 мың оқушыны оқыту жоспарланған. Жоғары оқу орындары үшін әдістемелер мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу, қаржылық сауаттылық бойынша білім беру IT платформасын іске қосу да басты назарда.

– Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру міндеттелді. Бағдарлама аясы кеңейіп, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Абай, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ұлытау облыстарында жүзеге асты, – дейді «Аманат» ҚОФ саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Шаменов.

Жобада азаматтарға қаржылық және құқықтық көмек көрсетіледі. Осылайша халықтың қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешілмек. Жоба аясында қаржылық сарапшыларды оқытумен қатар, қатысушылар үшін заңгерлер көмекке келеді.  Олар әрбір қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз ауыртпалығын жеңілдету бойынша кеңес береді деп күтілуде.

Аяулым СОВЕТ,

ortalyq.kz

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button