Балқаш қаласында Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған «Ардагерлер ән салады» облыстық фестивалі өтті. Дәстүрлі іс-шара барысында Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Шет аудандарынан және Қарағанды, Балқаш, Саран, Шахтинск қалаларынан 21 хор ұжымы өнер көрсетті. 450-ге жуық ардагер сахнада, әскери әндер мен патриоттық тақырыптағы туындыларды тамылжыта шырқады.
Әуелі өнер ұжымдары «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, ардагерлер ерлігін ұлықтап, оларға тағзым етті. Содан кейін игі шара М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында хор ұжымдарының театрландырылған гала-концертіне ұласты. Салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова, облыстық Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Аман Жанғожин фестивальдің еліміздің рухын асқақтату тұрғысында аса маңызды екенін атап өтті.
– 9 мамыр жұртшылық жадында біздің халқымыздың ерлік үлгісі, мұқалмас қажыры мен мызғымастығының символы болып келеді. Балқаш мысымен жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Отандастарымыз майдан даласында ерлікпен шайқасып, олардың жартысынан жуығы елге қайтып оралмады. Жауынгерлеріміздің батырлығы мен қайтпас қайсарлығы жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға мүмкіндік берді. Бүгінгі ерлік жайында шырқалған әндер, сол жылдарды еске түсірді. «Ардагерлер ән салады» фестиваліміз өзгелерге үлгі болып отыр, – деді облыстық Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Аман Жанғожин.
Байқағанымыздай, ансамбль құрамындағылар сан алуан мамандық иелері. Үлкенінің жасы сексенге жетсе, берісі алпыс бесте. Олар: «Кестелі орамал», «Жеңіс күні», «Майдандастар» әндерін орындап, көрерменге тамаша көңіл күй сыйлады.
27 ардагері қосылып ән салып, көпшіліктің қошеметіне бөленген Қарқаралының «Қайран жастық» ардагерлер хор ұжымы ерекше дайындықпен келіпті. Өнер ұжымы аға ұрпақтың Отанымызға деген шексіз сүйіспеншілігінің үлгісін көрсету басты парызы екенін жеткізді.
– Жыл сайын ұйымдастырылып отырған «Ардагерлер ән салады» фестивалі «көлге тамған тамшыдай» болса да бейбіт таңда ардагерлерімізге, осы соғыстан қайтпаған аталарымыздың рухына көрсеткен құрметіміз. Қарқаралы ауданының «Қайран жастық» ардагерлер хор ұжымы 1993 жылы құрылды. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына арналған өнер байқауында, сонымен қатар, «Қарттарым – асыл қазынам» облыстық байқауларда I орынды еншіледік. Бұдан бөлек, бірнеше өнер додасында топ жардық. Бүгін балқаштықтардың ардагерлерге деген құрметі ерекше болды, – дейді хор жетекшісі Темірбек Сыздықов.
«Ардагерлер ән салады» фестивалі Балқаш қаласының «Балқаш сазы» ардагерлер хорының орындауында «Бейбіт күн тілегі» әнімен өз мәресіне жетті. Сондай-ақ, барлық ұжымға Алғыс хаттар мен сыйлықтар тарту етілді.
Айта кетейік, аталған фестиваль алғаш рет 1990 жылы Шахтинск қаласында, мәдениет үйінің директоры Николай Перетятконың бастамасымен өткен. Содан бері хор ұжымдарының қатысушылары фестиваль аясында бүкіл Қарағанды облысын аралап, өнер көрсетіп келеді.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz