Бас тақырыпОблыс әкімі

Қарағандының дамуы – аймақ басшысының назарында

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек азаматтарды бірыңғай қабылдау күні кезінде қарағандылықтар атап өткен проблемалық жерлерді аралап шықты. Аймақ басшысына облыс орталығының мұнай базасы ауданының жекеменшік секторының тұрғындары шағымданған болатын. Олар көктемде қар ерігенде судың астында қалатындықтарына налыған. Сондықтан да, аймақ басшысының жұмыс сапары Құрманғазы көшесінен басталды.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің айтуынша, мұнда қарды тазалау және суды сорып шығару арқылы су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Бірақ, одан қайран аз. «Ең алдымен, су бұру жүйесінің құрылысы қажет» дейді қала басшысы.

Осы орайда, Жеңіс Қасымбек тұрғындарды бұл проблемадан арылту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды. Қала билігі келесі жылға тиісті құжаттарды дайындауға кірісетіндігі жөнінде уәде берді.

Сонымен қатар, облыс әкімі “Трилистник” тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында да болып қайтты. Мұнда үшінші қабатты салу барысында үйлердің бірінде жарық пайда болғантын. Құрылыс компаниясы аталмыш олқылықты жобалаушылар мен мердігердің қателіктерімен түсіндірді. Құрылыс қазірдің өзінде компанияның есебінен қайта бұзылуда. Осыдан кейін үй жаңартылған жоба бойынша салынады.

Бұл жерде облыс әкіміне салынып жатқан басқа да проблемалық үйлер жөнінде де баяндалды. Атап айтқанда, біраз жыл бойы құрылысы жалғасқан “Шапағат” ТК және “Панель орталығы” шағын ауданындағы үйлер жайы қозғалды.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рамазан Шалабековтің айтуынша, жаңа құрылыс компанияларын таңдау бойынша конкурстық рәсімдер басталған. Келесі жылы бұл үйлердің құрылысы аяқталуы тиіс және кезекте тұрғандар пәтерлеріне қол жеткізбек екен.

Сапар барысында, облыс әкіміне «Күнгей» шағын ауданының инженерлік желілерін дамыту бағдарламасын іске асыру туралы баяндалды. Бұл жеке секторда 83 шақырым су құбыры желілері салынды. Аталмыш жоба 10 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Желтоқсан айында электрмен жабдықтау желілерін жүргізу жұмыстарын бастау жоспарлануда.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, “Энергосистемы ЭЛТО” ЖШС зауытында жергілікті электротехникалық өнім өндірушілермен кездесті. Кәсіпорын жарықдиодты шамдар, жарықтандыру тіректері мен діңгектері, бағдаршам конструкциялары сынды тауарлар шығарады. Кешенде көшені жарықтандыруды автоматтандыру және басқарудың инновациялық жүйелері жүргізілуде.

Кездесу барысында отандық өндірісті қолдау мәселелері қарастырылды. Кәсіпкерлердің айтуынша, қалалық және облыстық жобаларға тапсырыс берген жағдайда өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бар.

– Заң мүмкіндік беретін салада біз жергілікті өндірушілердің өнімдерін қолданамыз. Кластер құрып, нақты жол картасын әзірлейік, – деді Жеңіс Қасымбек.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтарды бірыңғай қабылдау күні республика бойынша 21 қарашада өткен болатын. Қарағанды облысының әкіміне барлық өңірдің тұрғындарынан 100-ден астам сұрақ келіп түсті. Жеке сұрақтармен қатар, тұрғын үй құрылысы, аулаларды абаттандыру, қоғамдық көлік, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу тақырыптары қозғалды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button