Бас тақырыпОблыс әкімі

Екінші станция – ел игілігіне

Қазақстанның энергетикалық кешені жаңартылатын энергия көздерінің тағы бір нысанымен толықты. Қарағанды облысында екінші күн электр станциясы іске қосылды. Балқаш маңындағы Гүлшат кентінде күн станциясын салу шетелдік инвестициялар арқылы жүзеге асты.

– Бүгін облыс үшін маңызды күн. Біз екінші ірі күн электр станциясын іске қосамыз. Мақсатымыз – Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30%-ға жеткізу. Оған сенімді түрде қадам басып келеміз, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов нысанды іске қосу рәсімінде.

Сондай-ақ, аймақ басшысы биыл қаңтарда Саран қаласында қуаты 100 МВт болатын алғашқы күн электр станциясы іске қосылғанына тоқталды. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі күн станцияларының бірі. Ал, алдағы маусым айында дәл осындай күн станциясы Шет ауданында іске қосылады деп күтілуде.
Негізі, Гүлшатта күн станциясы бір жылдан аз уақытта бой көтергенін атап өткен жөн. Мұнда 104 гектар жерге 120 мыңнан астам күн панелі орналасқан. Қуаты 40 МВт құрайтын станция – Балқаш сияқты 5 қаланы энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жыл сайын ол 58 млн кВ/сағ астам электр энергиясын өндіреді деп күтілуде.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Қарағанды облысының бүгінде баламалы энергетиканы дамытуда еліміз бойынша көшбасшы екенін жеткізді. Еліміздегі күн электр энергиясы өндірісі көлемінің жартысы – Қарағанды аймағына тиесілі.
Станция құрылысы мен жабдықтарына 46 млн АҚШ доллары жұмсалды. Бұл – шетелдік инвестициялар. Құрылыс кезінде нысанға 300 адам жұмысқа алынды. Станцияда 20 маман қызмет көрсететін болады.
Жоба инвесторлары Қарағанды облысының басшылығына қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді. Компания өңірдегі басқа да инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Күн станциясының ашылу салтанатына Еуропалық Қайта Құру және «Даму банкінің», қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығының өкілдері, ардагерлер, Балқаш қаласының Құрметті азаматтары, «Жасыл экономика» байқауының жеңімпаздары қатысты.

Басқа материалдар

Back to top button