Қарағанды облысында 787 сайлау учаскесі жұмыс істейді

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына бес күн қалды. Облыстық сайлау комиссиясының мүшелері аймақ басшысы Ерлан Қошановқа сайлау учаскелерінің дайындық деңгейі мен жабдықталуы туралы айтып берді, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сайлау ұйымдастырушылары дауыс беру күні аймақта 787 учаске ашылатынын айтты. Олар өз міндеттерін атқаруға толығымен дайын. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға да ерекше көңіл бөлініп, кедергісіз дауыс берлеріне қажетті  барлық жағдай жасалған. 
Тізімде барлығы 930 мыңнан астам сайлаушы бар. 
Облыс әкімі сайлау күні форс-мажорлық жағдайларға жол бермеуді тапсырып, облыстың әрбір тұрғыны өзінің сайлау құқығын пайдалана алуы маңызды екенін атап өтті. 
Қазақстан Президентінің сайлауы 9 маусымда өтеді. Сайлау учаскелері таңғы сағат 7.00-ден кешкі 8.00-ге дейін жұмыс істейді. 
Бұл күні облыс қалаларында автобустарда жол жүру тегін болады.