Қара алтынға жазылған әулет шежіресі
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкеден ұл туса – игі, әкенің жолын қуса – игі» дейді қазақ. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен сөз ғана емес, талай әулеттің өмір жолынан тамыр тартқан тағылым. Өйткені бала әкенің айтқан ақылынан бұрын, атқарған ісіне қарайды. Оның маңдай терін, кәсіпке деген адалдығын, ел алдындағы абыройын көріп өседі. Көргенін көкейге түйіп, өнегелі жолды жалғауға ұмтылады. Әр әке баласының жақсы болғанын, дүниенің бір кетігін тауып, кірпіші болып қаланғанын қалайды. Ал перзенті өзінің еңбек жолын жалғастырып, ата кәсіптің абыройын асырса, әке көңілінің бір марқайып қалары сөзсіз. «Жолымды қуды, еңбегімді бағалады, менен өнеге алды» деген үнсіз мақтаныш та осындайда туады. Кеншілер күні қарсаңында ел игілігі үшін жер қойнауынан қара алтын өндіріп, адал еңбегімен айналасына үлгі болған Жұмағұловтар әулеті туралы айтпақпыз. Бір шаңырақтан тараған бірнеше буынның тағдыры кеншілік кәсіппен сабақтасып жатыр. Оларды бір арнаға тоғыстырған ортақ қасиет – еңбектен қашпау, мамандыққа адал болу және шахта тәртібіне деген темірдей жауапкершілік.

Жұмағұловтар әулетінің кеншілік шежіресі Жұмағұл Балқаштан бастау алады. Жұмағұл ақсақал саналы ғұмырының қырық жылын «Тентек» шахтасына арнады. Қырық жыл – бір адамның тұтас еңбек ғұмыры. Осы уақыт ішінде қаншама ауысым, қаншама шақырым жерасты жолы, маңдайдан төгілген қаншама тамшы тер жатыр десеңізші. Шахтадағы еңбек сырт көзге көріне бермейді. Кенші таңғы жарықты жер бетінде қалдырып, ел тіршілігі үшін жер қойнауына түседі. Оның жұмысы қол күшіне ғана емес, қайсар мінезге, төзім мен тәртіпке сүйенеді. Жер астында әр қадам есеппен басылып, әр әрекет жауапкершілікпен атқарылады. Осындай сындарлы кәсіпте табан аудармай қырық жыл еңбек ету – мамандыққа деген айрықша адалдықтың белгісі.
Жұмағұл Балқаштың туған інісі Жұмағұл Нәби де ағасының ізін басты. Ол осы кәсіпорында отыз жыл бойы маңдай терін төкті. Ағайынды екі азаматтың ғана жиынтық еңбек өтілі жетпіс жылға жетеді. Бұл жетпіс жылдың әр белесінде кенші еңбегінің табы, отбасы алдындағы жауапкершілік пен кәсіпке деген құрмет жатыр.
Әулеттің үлкендері кейінгі буынға шахтадағы жұмыстың қыр-сырын ғана үйреткен жоқ. Олар еңбектің қадірін, нанның оңайлықпен келмейтінін, қандай жағдайда да серігіңе сүйеніш болуды ұқтырды. Себебі шахтада «өзім ғана» деген түсінік жүрмейді. Жерастына бірге түскен азаматтар бір-бірінің амандығына жауапты. Сондықтан, кеншілер арасындағы жолдастықтың жөні бөлек, салмағы ауыр.
Бүгінде сол сара жолды әулеттің кейінгі буыны жалғастырып келеді. «Qarmet» акционерлік қоғамының «Қазақстан» шахтасында Еркебұлан мен Ерлан Жұмағұловтар, сондай-ақ Еркебұланның ұлы Диас еңбек етеді. Үшеуінің мамандығы мен еңбек өтілі әртүрлі болғанымен, бәрінің жүрегіндегі ортақ ұстаным біреу: атадан қалған кәсіпке кір келтірмей, міндетін адал атқару.
Еркебұлан Жұмағұлов «Қазақстан» шахтасында жиырма жылдан бері үңгуші болып еңбек етеді. Үңгушінің жұмысы – шахта өндірісіндегі ең ауыр әрі жауапты міндеттердің бірі. Ол жер қойнауында жаңа жол ашып, кен өндіруге қажетті қазбаларды дайындайды. Ал, қараңғы қатпардың әр сүйемін игеру үшін тәжірибе ғана емес, салқынқанды мінез де қажет.
Жиырма жыл ішінде Еркебұлан шахтаның талай белесін көріп, кәсіптің ыстығы мен суығына бірдей төселді. Оның түсінігінше, жерастында асығыстыққа да, өз күшіңе шектен тыс сенуге де орын жоқ. Мұнда тәжірибе тәртіппен, шеберлік сақтықпен ұштасқанда ғана жұмыс өнеді.
– Шахтада еңбек ету үшін мінезің берік болуы керек. Жас мамандарға әрдайым асықпай, тәжірибелі әріптестердің ақылын тыңдап, қауіпсіздікті бірінші орынға қоюға кеңес беремін, – деді Еркебұлан.
Бұл – жиырма жыл жер астында еңбек еткен азаматтың жай ғана ақылы емес, талай ауысымнан түйген өмірлік қағидасы. Шахта қателікті кешірмейді. Сондықтан мұндағы әр жұмысшы алдымен өзінің ғана емес, жанындағы жолдасының да қауіпсіздігін ойлауға тиіс.
Еркебұланның айтуынша, кәсіптің үзілмей жалғасуына аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастық үлкен ықпал етеді. Тәжірибелі кеншілер жас маманға құралды қалай қолдану немесе жұмысты неден бастау керектігін ғана көрсетпейді. Олар шахтадағы тәртіпті, еңбекке құрметті, қиындықта жолдасыңды жалғыз қалдырмауды да үйретеді.
Кеншілік кәсіптің жазылмаған заңдары көбіне осындай күнделікті аралас-құраластық арқылы беріледі. Жас маман үлкеннің қимылына қарап үйренеді, ақылын тыңдап ысылып, бірте-бірте өз ісінің шеберіне айналады. Еркебұлан да кезінде аға буынның тәлімін көрсе, бүгінде өзі кейінгі толқынға жөн сілтейтін тәжірибелі маман дәрежесіне жеткен.
Еркебұланның інісі Ерлан Жұмағұлов «Қазақстан» шахтасында он төрт жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт аралығында ол бірнеше мамандықты меңгеріп, өндірістегі талай өзгеріске куә болды. Қазір тау-кен қазу машиналарының машинисі қызметін атқарады.
Бұл – шахтадағы жоғары біліктілік пен асқан ұқыптылықты талап ететін мамандықтардың бірі. Жерасты комбайнын басқаратын машинист техниканың тілін ғана емес, кен қабатының ерекшелігін, өндіріс ырғағын және қауіпсіздік талаптарын да терең білуі керек. Алып машинаның әр қозғалысы оператордың шешіміне тәуелді. Сондықтан мұнда бір сәт босаңсуға болмайды.

Ерланның бірнеше кәсіпті меңгеруі де оның еңбекке ептілігін аңғартады. Өндіріс дамып, техника жаңарған сайын кенші де білімін толықтырып, жаңа талаптарға бейімделуге тиіс. Өйткені бүгінгі шахтер – тек қол күшіне сүйенетін жұмысшы емес.
Жер астындағы жауапты еңбекпен қатар Ерлан үшін отбасының орны бөлек. Жұбайы екеуі үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Күнделікті жұмыстың ауырлығына қарамастан, қолы қалт еткенде балаларының жанынан табылып, отбасына уақыт бөлуге тырысады.
– Жұмыс маңызды болғанымен, қолым босағанда үйде болып, балаларымның жанынан табылғанды жөн көремін. Жұбайыма көмектесіп, отбасыма уақыт бөлгенді жақсы көремін, – дейді ол.
Кеншінің жұмысы ауысыммен аяқталғанымен, әкенің міндеті ешқашан бітпейді. Шахтада ол күрделі техниканы тізгіндесе, шаңырағында төрт баланың қорғаны мен бағыт-бағдар берер әкесі. Балалары да әкесінің еңбекке күн сайын үлкен жауапкершілікпен аттанатынын көріп өсіп келеді.
Жұмағұловтар әулетінің ең жас кеншісі – Еркебұланның ұлы Диас. Ол Шахтинск технологиялық колледжін тәмамдағаннан кейін басқа жол іздеп алысқа кеткен жоқ. Атасы мен әкесінің, әулеттегі ағаларының кәсібін жалғап, шахтаға жұмысқа орналасты. Қазір жерасты электр слесарі болып еңбек етеді.
Диастың еңбек өтілі әзірге екі жылға жуық. Әйтсе де ол аз уақыттың ішінде өндірістегі тәртіпке төселіп, жаңа технологиялардың мүмкіндігін бағамдап үлгерген. Жерасты электр слесарінің міндеті де жеңіл емес. Шахтадағы техниканың қалыпты жұмыс істеуі, электр жабдықтарының ақаусыз болуы осындай мамандардың білімі мен шеберлігіне байланысты.
– Қазір шахтада жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Орналасқан орынды анықтайтын жүйе арқылы әр жұмысшының қай жерде жүргенін көруге болады. Бұл қауіпсіздікті бақылауға және еңбек жағдайын жақсартуға көмектеседі, – деді Диас.
Жас маманның сөзінен бүгінгі кен өндірісінің жаңарған келбеті аңғарылады. Бір кездері әулеттің үлкендері еңбек жолын бастаған шахта мен қазіргі өндірістің арасында елеулі айырмашылық бар. Техника жетілді, бақылау жүйелері жаңарды, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін цифрлық мүмкіндіктер көбейді. Бірақ қандай озық технология келсе де, оны басқаратын адамның білімі мен жауапкершілігі бірінші орында қала береді.
Диас мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашақта жоғары тау-кен білімін алып, кәсіби тұрғыдан өсе түсуді көздейді. Демек, әулеттен жеткен еңбек дәстүрі енді біліммен, жаңа технологияны меңгеруге деген талаппен толыға түспек.
Жұмағұловтар әулетінің кеншілік жолы тек осы үш азаматпен шектелмейді. Еркебұланның туған бауырлары Асхат пен Марат та «Qarmet» компаниясына қарасты Ленин атындағы және «Шахтинск» шахталарында еңбек етіп жүр. Бір әулеттің азаматтары бірнеше шахтада иық тірестіріп, Қарағанды көмір бассейнінің өркендеуіне өз үлесін қосуда.
Осылайша Жұмағұловтар әулетінің жалпы кеншілік еңбек өтілі көп ұзамай екі жүз жылға жуықтамақ.
«Әкеден ұл туса – игі, әкенің жолын қуса – игі» деген сөздің шын мағынасы да осында болса керек. Жұмағұловтар әулетінде әке жолы жалғасын тауып қана қойған жоқ, тұтас бір еңбек шежіресіне айналды.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



