Руханият

Қарағайлыдан Қап тауына жолсапар жыры (поэма)

Сайлаубек МАЯУЫЗОВ пен Жанат ОМАРБАЕВ ағаларға арнадым.

Бұл сапар жырдың басы, әннің басы…

Қарағайлы кен байыту комбинаты.

Он үш жасар ұл едім, ойынқұмар,

Маңдағы ой мен қырдың қаңғыбасы.

Бұл сапар бұлттай еді таудан да әрі,

Қарағайлы ол кезде Талды ауданы.

Өндірісте химия цехы ашылып,

Байытудың барынша толды аумағы.

Бұл сапар тілегім ед(і), талпынатын,

Карталардан ұзақ жол тартылатын.

Металлург мекені дүркіреп тұр,

Қалашықтың он бес мың халқы бар-тын.

Бұл сапар ұшқан кезім айға, көкке…

Сөзімді айтпаған шақ ойдан көпке.

Он үш жасар бала едім, алысты аңсар,

Әкем қосып жіберген Сайлаубекке.

Бұл сапар Сәкеңе де алғаш сапар,

Картадағы қара жол жалғап қосар.

Дала менен Еділді, Эльбрусты,

Қап тауын көзбен көріп тармақтасам.

Көз қуанып, көңілге күш те толды,

Елестей боп естелік іште қалды.

Химиялық құрылғы Ереваннан,

Мағынасын түсінсек іссапардың.

Бір арманға ағалар жеткіздің бе?

Босаған бір қап шөлмек өткіздім де.

Оған қоса жан әкем жүз сом берді,

Алыс сапар алдағы көп күн бізде.

Даламның өзгергенде жазда өмірі,

Балаңның байтақ елде мәз көңілі.

Отыздан аз-ақ асқан Сайлаубектің

Мінгені жүк таситын МАЗ көлігі.

Шілдеде жылы самал шарпып бетті,

Көңіл ғой көгершіндей шалқып көкті.

Ақ пейіл ата-ана, бауырлармен,

Қоштасып Қарағандыға тартып кеттік.

Ол кезде тақпақ басқа, өлең де өзге,

Мен әлі баламын ғой көрер көзге.

Сайлаубек қатты ойланды Қарағандыда,

«Аяғым ұйып қалды», – деген кезде…

Мүшелім мүмкіндікті жолдан тосар,

Шабыттың шын шаттығын ойдан шашар.

Көмірлі, кенді өлкені артқа тастап,

Сарыарқадан басталды қайран сапар.

Тыңға кеп түрен салған араласып,

Астана жоқ, астық қой, далаға шық.

Сол кезде «Целиноград» деген қала,

Қорабай әнге салған «бала ғашық».

Тақымым әлі берік, атқа салған,

Ақынның мұң-зарындай хатқа жазған.

Мәдидің әндерінен тыңдаушы едім,

Мінеки, бір-ақ шықтық Атбасардан.

Қараөткел сыртта қалды Есіл-Нұра…

Егінжай ерке ұлдың есін бұра.

Қостанай көз алдымда қалың шырақ,

Тобылдың толқынымен көшін құрап.

ІІ Шекарадан асқанда

Белгілі ғой білгенде, жол жүрудің шамасы,

Жанармайлы ошақпен әзірленіп дәм-асы.

Таңға жақын жатырмыз шекарада дем алып,

Екатеринбург – бұрынғы Свердлов қаласы.

Оқаланған орманмен алдымда Орал таулары…

Ес білгелі ЧТЗ оятты ауыл аумағын.

Челябинск-Селебе, сезімдер де өзгеше

Батыс-Сібір басқаша, бақшасы мен баулары.

Башқұрт жақын бауырлар Уфа атты қалада,

Айылдар мен ағаш үй орман-таулы далада.

Өзендер де өзгеше, ақ тиіндер секірген

Қайың-талдың арасы, Салауаттық санада.

Отты мұржа көрінген «Ах, Самара қаласы»,

«Куйбышев» деп аталған одақта оның бағасы.

Әннен білген қаланың сәнін көрген бір ғажап,

Өндірісі өрлеген Ұлы Еділдің жағасы.

Сталинград сұсты еді, Волгоград тіпті әсем,

Аталарым шайқасқан Ер Мамайдай күш-көкем…

Жигулевск-Тольятти, Волга бойы олжалы

Көпірінен өткенде, көкейімнен құт кешем.

Еділ бойы ен егін, күнбағыс та қаптаған,

Жарық қала – Светлоград, абаттанып, баптаған.

Қара жолдың үстінен қағып бізді бір көлік.

Аман қалып апаттан, егінжайға тоқтаған.

Қорқыныштан сескендім, енді қайда бармақпын?!

Тіл-ауызы байланды әңгімешіл «Заржақтың».

Ставрополь өлкесі, Саратов та сары дала,

Элистаға жеттік біз, бас қаласы қалмақтың.

Солтүстіктің жотасы, толған бұлақ, барқыт бел,

Он бес одақ ағылған, байқалмайды артық-кем.

Химиялық құбырдың бұрандасын тиедік,

Эльбрустың етегі, нәрлі қала Нальчиктен.

Кабардин мен Балқардың тілдеріне қызығып,

Сонау нұрлы Нальчикте бір-екі күн қыдырып.

Сым тартылған тау жолы,

Эльбруске шықтық біз,

Қатпар-қатпар жақпар тас, үрей менен бір үміт.

Владикавказ бұрынғы,

Ордженикидзе кешегі,

Осетиндер солтүстік, сонда ғұмыр кешеді.

Осы жерден басталды,

«Крестшілер кезеңі»,

Құз-жартасқа қарасаң, есің шығып кетеді.

Гүржістанның әскери жолы болған бұл асу,

Лермонтовқа жыр болып, Есенинге ұласу.

Асау Терек өзені, тек төменге қарама,

Бұлағының өзі де минералды тұма су.

Бұлттар қалды төменде Қазыбектің қыр-жолы,

Қатар келсе қос көлік ажалыңның біл жөнін.

Шашылықтың түтіні – шат-үміттің күтімі,

Туннельдерден өткенде, басталады мұңлы өмір…

Қатпар-қатпар Қап тауы, жөні солай жотаның,

Рухындай ырысты, Руставели Шотаның.

Тбилиси – Астана, күркіреген күржі елі,

Қырда қодас жайылған, қызық екен Отаны.

Фабрика – фәниде мәртебелі мен үшін,

Қайта құру қоғамы алда солай келісім.

Кутаиси қабақты, «Кура» деген құтты өзен,

Жамылғандай күй кештім, жолбарыстың терісін.

Біз өткен жер, бір кезде Әзірбайжан аймағы,

Жанарымда қара жол, түсер еске қайдағы.

«Қазақ» деген ауыл бар, аң-таң болдық екеуміз,

Неге солай аталған, ол тарихтың айғағы.

Мен өмірден өтемін, осы шақты бағалап,

Сезім-сенім келеміз, «Севан» көлін жағалап.

Әзірбайжан-Армянның арасында кикілжің

Салқындықтың себебі – сонау «Таулы Қарабақ».

Онда небір жемістер: алма, жүзім, өріктер…

Кавказ жұрты еңбекшіл, кетпен ұстар төгіп тер.

Ұлтаралық қатынас, ұрымталға дөп түстік,

Жол бойында Арқадан кері қайтқан көліктер.

Кабинада ұйықтаймыз, біз қонақтың бірі едік,

Орысша білген адамды, қадір тұтып жүр едік.

«Қонақ» сөзі армянша дәл біздегі мағына,

Сөйтіп жүріп, ат басын Ереванға тіредік.

Ұмытпаймын осындай ізгілікті іздерді,

Тамыз айы тамаша, жаздың соңы күзге енді.

Қонақ үйді даярлап, химик әрі инженер,

Омарбаев, сол Жәкең, күтіп алды біздерді.

Химиялық құрылғы тиеп алып, тынықтық,

Ауыр жолдың бойынан ширадық та шынықтық.

Ереванда қыдырдық, ерекше өнер ежелгі,

Түсіме ылғи тау кіріп, ұйқысырап шығыппын.

Арғы жағы Түркия, бергі жағы Арарат,

Міндім алғаш метро, астанасын аралап.

Жанат аға ұсынып: «ұшақпенен қайт», – деді.

Келіспедім мен оған, жолдар-жолдар дара бақ.

ІІІ Қарағайлыға қайтар жол

Содан кеттік қайтадан, Қапқаз жолы қауіпті,

Сонау бір кез осындай, бөлмейтін еш халықты.

Тауға өрмелеп жылан да, көтерілер қыран да,

Ғамзатовтың ғазалын, Дағыстанда жаңа ұқтым.

Дағыстаннан далаға төтелейтін жол бар, – деп,

Бір қапқаздың жолаушы айтты сол жол оңды-ау, – деп.

Мақашқала сыртымен Элистаға тарттық біз,

Картада жоқ бағытпен, «Алла, жолды оңғар!», – деп.

Жолда адастық, қайтейін, Сайлаубек те күйіне,

Ал, мен болсам, таң қалам тырналардың биіне.

Табылды да трактор, көлік шықты батпақтан,

Қалмақтағы қазақтың түнедік біз үйіне.

Жүргізуші, жолаушы, трассада тамақ тоқ,

Әрбір іс пен әрекет, санамызға сабақ боп.

Тоқал тамда бір үйде әже намаз оқыды,

Осы жайға дәл келдік, біз құдайы қонақ боп.

Даңғыл жолға түстік-ау, «Қазақ елі қайда-ау?» деп,

Сағыныштың сазымен елестейді жайлау көк.

Жанат бастық сол күннен менің жақын ағамдай,

Дос боп кетті ай жарым аға болған Сайлаубек.

Қырықтан астым, қимаймын, көңілімнің гүл шоғын,

«Ақ жол!» – десең түзелер жолаушының мұң-соры.

Қарағайлы – мен сенің бұтағыңмын жай ғана,

Тасқа біткен тағдырды әлі аңсаймын біл соны!

Қапқаз, Қалмақ, Оралдың, елін білдім солардың,

Ұқтыра алмай ұлдарға мен ұяңдау болармын.

«Қарағайлы бәрінен, қымбат!» – деймін әлі мен,

Албырт ұл боп аттанып, АҚЫН болып оралдым!

Руслан НҰРБАЙ.

Хроника 1988 ж. Шілде-тамыз.

Басқа материалдар

Back to top button