Тағзым

Арқары аумаған Ақтоғай

Қалың қазақтың аузында аңыз болған бірегей мекен Ақтоғай ауданы жыл артып көркейіп келеді. Тәуелсіздікпен қатар түлеген ауданда тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Орталықтағы саябақтың қайта жанданғанын көрдік.

2001 жылы қоғамдық ұйымдар мен жұртшылық өкілдерінің ұйғарымы бойынша саябаққа Жаманқұл Шайдаров есімі берілді. Қазіргі таңда саябақ қайта түлеп, тотыдай түрленген. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен саябақта «Тұғыры биік тұлғалар» тақтасы ашылған. Осы бір дөңгелей орнатылған тақталарда Ақтоғай ауданына есімі мәлім танымал тұлғалар жазылған. Орталық саябақтың жалпы аумағы 13 гектар жерді қамтиды. Алаңның қураған ескі ағаштары кесіліп, орнына жаңадан жас қарағай, қайыңдар отырғызылған. Саябақтың қақ ортасында аудан тұрғындарының һәм келген меймандарының көңілін серпілтер субұрқақ. Түрлі кештің тізгінін ағытар саябақ сахнасы да су жаңа, сыры кеппеген күйі әлі. Мұнда, тіпті, бір жерге шоғырланған баскетбол, теннис, волейбол, стрит воркаут алаңдарының өзі-ақ саламатты өмір сүруге қол бұлғап шақыратындай. Оның үстіне дәл іргеде балалар ойын алаңы мен екі жазғы дәмхана орналасқан. Бильярд және шахмат ойнайтын орталықтар да осы алаңның бір бөлігінде. Алаң сырты қыста шаңғы тебуге, жазда жаяу жүгіріп жаттығуға арналып, арнайы кеңейтіліп жасалған. Жұртшылықтың жанын жадыратар орын әсіресе жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуі үшін және спортқа көңіл бөлуіне негізделіп жасалған. Аудан Ұлы Жеңісті еске салар орыннан да кенде емес. Саябақтан сәл әрірек тұста «Тарих тағылымы» атауымен Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш орын тепкен. Онда соғыстан аман-есен оралғандар, соғыста қаза тапқандар мен із-түссіз кеткендердің тізімі бар. Бұл өскелең ұрпақ Отан қорғаған ата-бабасын, жерлестерін мәңгі есте тұтсын деген мақсатта қойылған.

– Тақтаға 2018 жылы Ақтоғай ауданының соғыста із-түссіз жоғалған 599 адамның тізімі жазылған. Ал, 2019 жылы қос батырымыз Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановтың туғандарына 100 жыл толуына орай тағы бір кешен салынды. 7 мамыр – Отан қорғаушылар, 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған шараның барлығы осы алаңда өтеді, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Абылай Базылов.

Айтпақшы, арқардың мүсіні ауданның әр жерінен қарсы алды бізді. Мүсіні ғана емес аң біткеннің кербезіне айналған жарықтық жануардың өзі де қылаң берді аракідік. Арқадағы арқары аумаған жалғыз мекен осы ма дерсің…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button