Басты тақырыпҰлытау

Арғанаты алқабындағы аламан

       Ертеректе Ұлытаудың етегінде жыл сайын төл алу науқанының қортындысына арналған аудандық деңгейдегі «Шопандар тойы» мейрамы өтетін. Қалың ел оны тағатсыздана күтуші еді. «Той десе, қу бас домалайды» демекші, думанды ортаға әр ауылдың еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласынан басқасы тайлы-тұяғы қалмай сабылатын.

Сол тойлардың халықты қиқулатар қызықты сәті, әрине, балуандар белдесуі мен ат жарысы еді десек, еш қателеспейміз. Бір ғажайыбы, аламан додада Шеңберден қосылған сәйгүліктер мәреге «шашасына шаң жұқтырмай» жететін. Жұлдыздай аққан Аққоян, Көкқоян, Қарала аяқ атты жүйріктерінің абырой-атағы дүйім елдің аузында аңыз болып жүретін. Ауылдың атан жілікті азаматтары да балуандар бәсекесінде жерлестерін жерге қаратпайтын…

Сол үрдістің үзілмеуі – Шеңбердің бұлжымас серті. Кейінгі кездері қастерлі мекеннің даму үдерісі дәрменсіздеу күйге түсіп, әлеуметтік тұрғыдағы әлеуеті әлсіреңкіреп қалғанына қарамастан ел ішіндегі намысты азаматтар бабалар қалыптастырған бағалы дәстүрді жалықпай жалғастырып келеді. Соған орай, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні өткізілетін дәстүрлі ат жарысы – жауынгер буын рухына құрмет һәм сәйгүліктерді бабында ұстау тәсілі. Бұл бәйгенің аясы мен ауқымы жыл санап кеңи түсуде.

Биыл жұртшылық алыстан Арғанаты сілемдері «мен мұндалап» тұратын ауыл іргесіндегі «Мәре» жазығында өткізілген жарыста аламан додадан бөлек, тай және құнан бәйгелерін де қызыға тамашалады. Сайыстың салтанатты ашылу рәсімінде ауыл әкімі Бақытжан Жаңабаева, Терісаққан селолық округінің әкімі Жеткен Сәдуақасов, аудандық мәслихаттың депутаты Ләззат Мусина және басқалары бұқараны айтулы мерекемен құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі.

Айрықша атап өтерлік бір жайт – сәйгүліктер сайысына Шеңбермен шекаралас Қостанай облысы, Аманкелді ауданына қарасты Сарыторғай ауылының бабы келіскен аттарының қатысуы. Көршілес ағайынның бағы сәл ғана кемшіндеу түскен жүйріктері бірінші орынды бөктерлемесе де алғашқы үштіктің қатарынан көріне білді. Жанкүйерлердің қанын қыздырған 6 шақырымдық тайлар бәсекесінде шеңберлік Дүйсен Алпысбековтің Қарагері бас жүлдені еншіледі. 12 шақырымға жіберілген құнандар жарысында Терісаққан селолық округі атынан қосылған Нұрлан Сұлтанбековтің Көктөбелі кекілінен жел есіп, мәре сызығын жеке-дара қиды. Ал, ауыздығымен алысқан жүйріктер 25 шақырымды еңсерген аламан додада терісаққандық атбегі Тұрысбек Мұратовтың Дарабозы алдына қара түсірмеді.

Өзгелерден оза шапқандарға, оларға іркес-тіркес жеткен тай-құнандар мен аттардың иелеріне селолық округ аумағындағы шаруа қожалықтарының ортақ қазанға қаржы салу тәсілімен жинақталған қаражат қорынан лайықты сыйақы жүлделері берілді.

Іс-шара барысында жергілікті және терісаққандық кәсіпкерлердің күшімен мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды. Шалғайдағы шағын ауылдың шаттығын қалалық елді мекендерден бәйгені тамашалау үшін арнайы атбасын бұрған тілектес қауым қатарының қалың болуы, олардың ел азаматтарының ілкімді ісіне қатысты айтқан ыстық лебіздері еселей түсті. «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайының қолдауымен әзірленіп, басылған «Дәстүрді дәріптеген елденбіз…» тақырыбындағы буклеттің жағалай жұртқа жаппай таратылуы қалың елдің тарапынан жағымды жоралғы ретінде қабылданды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТҰЛЫ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button